Қалалық қоғамдық-саяси газет

Мыңжылдықтар тоғысындағы «Миллениум»

0 555

Дүйім қазаққа белгілі жазушы Несіпбек Дәутаев оның шығармашылығын «мәртебелі поэзияның бекзат шумақтарының иесі» деп бағалайды. Өлеңде де, өмірде де өзінің өзгеден ерек тұлғасымен айналасын қуаттандырып жүретін бөлек болмыстың иесі, ақын Табиғат Абаилдаевтың Таразда тұңғыш кітабының тұсауы кесілді. Кітап атауы да өзгеше, ақын тұңғышына «Миллениум» деген есім беріпті.

Арайлы ЖАҚСЫЛЫҚ Суретті түсірген А.РЫСМАХАН

«Дүние мынау тұрақ емес қой,
Мәңгі мейірімді тарата алар кім?», – дейді ақын «Миллениум» атты өлеңінде. Рас. Мейірім мен жылуға, риясыздық пен ақжарма пейілге зәру қоғамда қай-қайсымызды ой түбінен, қараңғы қапастан, шет-шегі жоқ арпалыстан құтқаратын бір ғана дүние бар. Ол – өнер. Ал поэзия сол ұлы өнердің өзегі һәм рухымызды биіктететін тән ішіндегі жанымыздың мәңгілік барометрі іспеттес. Өлеңнің киесі қонған қалам иесі ғана өзі кешкен әрбір күйдің, алқыныстары мен бұлқыныстарының нәзік иірімдерін өлеңге айналдырып, уақытпен шендестіріп, әр кешкен күйіне жырдан мұнара тұрғызуға асығады. Әріптесіміз ақын Табиғат Абаилдаевтың отты жырларынан осыны ұғамыз. Түйсінеміз. Сезінеміз. Әуелде ақынды осыдан 10-11 жыл бұрын көпшілік «Махаббат мүшәйрасына» жариялаған жырларынан тани бастады. «Екеуміздің демімізге тұншығып», «Ол мені сүйеді бәрібір» сынды сезімге құралған жырларын ғаламтордағы жырсүйер қазақ аудиториясы сүйсіне оқитын. Махаббат – адамзаттың бәріне ортақ сезім. Ал сезімдердің ұлысы арқау болған жыр әрбір оқырманның түйсігін тірілтіп, жанын нұрландырады. Өлеңнің құдіреті де сол. Ақынның көзге көрінбейтін, қолға ұсталмайтын мұраты да осы емес пе?!

Өңір жұртшылығына өзінің журналистік қырағылығымен, өткір тілімен, арлы мінезімен таныс Табиғат әріптесіміз үшін биылғы жыл жемісті болды. Бірнеше жыр бәйгелерінен қанжығалы оралды. Тастаяқтан да тамаша жетістіктерге жетті. Жігітке тән сегіз қырдың бәрі әріптесіміздің бойынан табылған-ды. Ал бір сыры – әлі дүниеге келмеген жырлары болса керек. Ал бүгін осы уаққа дейінгі хатқа түскен хұсни көңілді бірде алабұртып, бірде көкке көтеріп, енді бірде жанның асау бұлқынысын мөлдір мұңмен саябырсытқан жырлары топтастырылып, «Миллениум» деген атаумен оқырманға жол тартты. Бұл Әулиеата руханияты ұзақ күткен қуаныш еді. «Миллениумның» таныстырылымына қара шаңырақ Шоқан Уәлиханов атындағы облыстық кітапханасына өңірдің Несіпбек Дәутаев бастаған игі жақсылары тегіс жиналды. Олардың қатарында Бекет Момынқұл, Оралхан Дәуіт, Ғалым Қасабай, Сағындық Ордабеков, Көсемәлі Сәттібайұлы, Үміт Битенова, Эльмира Мырза-Ғали, Жасұлан Әбдіхалық, Дәулет Төленді, Алпамыс Қазыбай сынды қаламгер-журналистер бар. Барлығы да біріне бауыр, біріне іні, ал біріне рухтас бола білген Табиғат Абаилдаевтың шығармашылығы мен болмысы турасында жақсы сөздерін аямай, ұзақ күткен қуанышқа ортақтасып жатқандарына ризашылық білдірді. Өз сөзінде жазушы Несіпбек Дәутайұлы жамбылдық жас ақындардың шолпан жұлдыздай жарқыраған шоғырынан көп үміт күтетінін жеткізді.

– Табиғаттың өлеңдегі қолтаңбасы көптікінен өзгеше. Мұны осында отырғандардың бәрі біледі. Ақынға тән мінез бен көркемдікті көре алатын өткір жанар Табиғаттың бойында баршылық. Келешек жастардікі. Біздің мұрат осы – ендігі қалған ғұмырда жастарға қолдау көрсетуге тиіспіз. Жастармен санасу керек, ақылдасу керек, көкейіндегісін тыңдау керек. Жастың жағасынан алған ел оңбайды. Осында менімен әрдайым ақылдасып, келіп әңгімелесіп тұратын бір топ жас ақындар бар. Қай-қайсысының да өлеңдері мақтауға тұрарлық. Әдебиетте жасап жатқан бүгінгі ілгері қадамың құтты болсын. Кітаптың атауындай мыңжылдықтарға татитын жырлар өмірге келе берсін, – деп ағынан жарылды қаламгер.

Айта кету керек, ақын кітабының оқырманға жол тартуына Жамбыл облысы әкімдігінің жастар саясаты мәселелері басқармасы мұрындық болды. Аталған мекеменің басшысы Серікбол Берікқожа тұсаукесерде төбе көрсетіп, автордың шығармашылығына табыс тіледі.

– Басқармаға басшы болып келген сәттен бастап әр саланың жастарымен кездесіп, өздерін толғандырған мәселелерге құлақ түрдім. Жамбылдық жас ақындар Табиғат бауырымыздың жыр кітабын шығарып беру туралы ұсыныс айтты. Ұсынысты құп алып, іске кірісіп кеттік. Нәтижесін көріп отырсыздар. Алдағы жылдары да жас ақындардың бір емес, бірнеше жинақтарын шығаруды жоспарлап отырмыз, – деді Серікбол Қайратұлы.

Таныстырылым барысында ақынның өзге де қаламдас аға-әпкелері, рухтас бауырлары сөз алып, авторды қуанышымен құттықтады. Кітап иесінің өзі де толқып тұрғанына қарамастан, көпшіліктің сұрауымен таңдаулы өлеңдерін бірінен соң бірін төгіп, сөз арасында Жамбыл руханиятына риясыз алғысын білдірді. Ақындарға рухани қолдау көрсетіп, жырсүйер азаматтардың бел ортасынан табылып жүретін «Jambyl-Taraz» газетінің директор-бас редакторы Эльмира Мырза-Ғали «Миллениум» авторына «шырағы сөнбесін» деген ниетпен прованс стиліндегі шамды сыйға тартты.

Кеш соңында ақыннан көпшілік жаңа туындыға қолтаңба алып, естелік суреттерге түсті.

Пікір қалдырыныз

Your email address will not be published.