Қалалық қоғамдық-саяси газет

Жұмыспен қамту орталығы көмек көрсетеді

0 335

Халықты жұмыспен қамту орталығы қандай міндеттерді атқарады? Олардың бүгінгі тыныс-тіршілігі қандай? Жыл басынан бері неше адам жұмыспен қамтылды? Осы және басқа да сұрақтардың жауабын білу мақсатында мекемеге арнайы барып, сала мамандарымен сұқбаттастық.

Зере Қуаныш Суреттерді түсірген Сәкен АБЖАПАРОВ

Мекеменің қызметі «Халықты жұмыспен қамту туралы» Қазақстан Республикасының Заңы мен «Еңбек» нәтижелі жұмыспен қамтуды және жаппай кәсіпкерлікті дамытудың 2017-2021 жылдарға арналған бағдарламасы негізінде жүзеге асырылады. 2018 жылдан бастап аз қамтылған азаматтарға жаңа форматтағы атаулы әлеуметтік көмек беруді ұсынады. Бос орындар жәрмеңкесін ұйымдастырып, кәсіптік бағдар беруді жүргізеді. Халықты жұмыспен қамту орталығы жұмыссыз азаматтарды есепке тіркейді және жұмысынан айырылған жағдайда әлеуметтік төлем тағайындау үшін қажетті құжаттарды қабылдайды. Жұмыссыздарды тұрақты жұмыс орындарына жұмысқа орналасуға жәрдем көрсетеді, уақытша жұмыс орындарын ұсынады. Еңбек нарығында сұранысқа ие мамандықтар бойынша қысқа мерзімді кәсіптік оқытуды ұйымдастырады. Сонымен қатар жұмыс берушілер азаматтардың бөлек санаттарын (жетім балалар, мүгедектер, пробация қызметінің есебінде тұрған тұлғалар, бас бостандығынан айыру орындарынан босатылған тұлғалар) жұмыспен қамту үшін квотаны орындайды. Әлеуметтік кәсіптік бағдар беру жұмыстарын ұйымдастырады. Азаматтардың барлық санаттарына арналған бос орындар жәрмеңкесін және халық арасында ақпараттық түсіндіру жұмыстарын жүргізеді. Орталыққа 16 жастан бастап зейнетақы жасына дейінгі барлық азаматтар келіп, көмек сұрауға құқылы.

Қала бойынша бүгінгі күнге халық саны 358 319 адамды құраса, оның ішінде 163 847 адам экономикалық белсенді халық санатына жатқызылған. Жұмыссыздық деңгей 5,8 пайызды (9524 адам жұмыссыз) құрайды екен.

– Бүгінгі күнде Тараз қаласы бойынша Халықты жұмыспен қамтуға жәрдемдесудің 2019 жылға арналған кешенді жоспарына сәйкес 6764 адамды жұмыспен қамту жоспарланған. Ағымдағы жылдың қаңтар-қараша айларында 7337 адам жұмыспен қамтудың белсенді шараларымен қамтылды немесе 108 пайызды құрап отыр. Оның ішінде әйелдер саны – 3603 адам, жастар саны – 2348 адам және мүгедектер саны – 203 адам. Жұмыспен қамтылған азаматтардың 4446-сы мемлекеттік қолдау шараларынсыз тұрақты жұмыстармен қамтылса, 2891-і мемлекеттік қолдау шараларымен жұмыспен қамтудың белсенді шараларына тартылды, – дейді «Болжау және мониторинг» бөлімінің басшысы Жанерке Досжанова.

Сонымен қатар мемлекеттік қолдау шаралары негізінен нәтижелі жұмыспен қамтуды және жаппай кәсіпкерлікті дамытудың 2017-2021 жылдарға арналған «Еңбек» мемлекеттік бағдарламасы аясында жүзеге асырылуда. Бағдарлама шеңберінде бюджет қаражаты есебінен 273,2 млн теңге бөлініп, 1687 адамды қамту жоспарланыпты. Есепті мерзімде бағдарламамен 1867 адам қамтылды немесе көрсеткіш 110,6 пайызға орындалған. Аталмыш бағдарлама бірнеше бағытқа бөлінген. Соның алғашқысы 2019 жылға қысқа мерзімді кәсіптік курстарды ұйымдастыру екен.

– Бұл орайда, облыстық бюджеттен 136,6 млн теңге бөлініп, 960 адамды оқыту жоспарланған. Сұранысқа ие 30 мамандық бойынша 21 оқу орны таңдап алынып, өңірлік комиссия мәжілісінің 2019 жылғы 17 сәуірдегі №1 хаттамасымен бекітілді. Ағымдағы жылдың мамыр айынан бастап 1-2-ші ағынмен 32 мамандық бойынша қысқа мерзімді кәсіптік оқуға 1044 адам 21 оқу орнына жолданды. Жолданған 1044 азаматтың ішінен 808 тыңдаушы оқуын аяқтап шықты. Оқуын аяқтағандардың ішінен 508 адам немесе 62,9 пайызы тұрақты жұмысқа орналасты. Сонымен қатар мерзімінен бұрын оқуын 86 тыңдаушы аяқтады. Игерілген қаражат – 130 млн 302 мың теңге. Бағдарламаның ІІ бағыты бойынша 2018 жылы жаппай кәсіпкерлікті дамытуда (Тараз, Жаңатас және Қаратау) шағын несиелендіруге 1232,8 млн теңге (РБ – 699,4 млн теңге, ЖБ – 533,4 млн теңге) бөлінген. 2018 жылдың қаражатына 1071,4 млн теңге 90 азаматқа шағын несие берілді. 2019 жылға республикалық бюджеттен қалаға шағын несиелендіруге «Даму» АҚ екінші деңгейлі банктер арқылы 801,05 млн теңге және АШҚҚҚ арқылы 190,0 млн теңге қаражат бөлінді, бүгінгі күні «Даму» АҚ екінші деңгейлі банктер арқылы шағын несие 33 азаматқа 576,6 млн теңге берілді. Сонымен қатар қайтарымсыз грантқа ағымдағы жылдың тамыз айынан 110 жас азаматқа 200 АЕК немесе 505000 теңгеден жоспарланып, оған 55,6 млн теңге бөлінді. Жыл басынан 106 адам грант алды, нақты игерілген сомасы – 53 млн 530 мың теңге. Қалған 4 азаматқа желтоқсан айында грант берілу жоспарлануда. Бағдарламаның ІІІ бағыты бойынша үстіміздегі жылы жастар тәжірибесі мен әлеуметтік жұмыс орындарына 225 адамды қамту үшін республикалық бюджеттен 81,0 млн теңге бөлінген. Бағдарлама шеңберінде Жастар тәжірибесіне 200 адамды қамтуға республикалық бюджеттен 78,3 млн теңге бөлінді. Қаржыландыру кестесіне сәйкес 78 мекеменің тізбесі бекітіліп, үстіміздегі жылдың қаңтар айынан бастап 332 түлек жалақыны толығымен субсидиялау шартымен (63125 теңге) жастар тәжірибесіне жолданды. Игерілген қаражат – 77,5 млн теңге. Бағдарлама аясында әлеуметтік жұмыс орындарына 25 жұмыссызды жолдауға республикалық бюджеттен 5 млн 281 мың теңге бөлінген. Есепті мерзімде әлеуметтік жұмыс орындарын ұйымдастыруға ниет білдірген 5 жұмыс берушіге 2019 жылдың қаңтар айынан бастап есепте тұрған 43 жұмыссыз азамат жолданды. Игерілген қаражат – 4 млн 307 мың теңге, – деді Жанерке Мейрамкелдіқызы.

Бүгінгі таңда enbek.kz сайтының іске қосылуының арқасында кез келген жұмыс іздеуші үйден шықпай-ақ бос жұмыс орындары туралы мәліметтерді онлайн режимде алып, түйіндемесін бірден жібере береді. Бұл да сала мамандарының жұмысын жеңілдетіп отыр. Порталдың басты мақсаты – жұмыс беруші мен жұмыс іздеушіні байланыстыру. Онда жұмыс берушілердің арнайы тізімі болады. Олар осы порталға жұмыскерге зәру өз ваканцияларын тіркейді. Бұл орайда, екіжақты келісімнің арқасында жұмыс тауып жатқандар да жоқ емес екен.

Жалпы мемлекет тарапынан түрлі бағдарлама аясында екі қолға бір күрек ұстап, жұмыс жасаймын деген әрбір жанға жұмыс жоқ емес. Бағдарламалардың да нәтижесі тұрғындарға едәуір серпін беріп жатқан жайы бар. Екі қолға бір жұмыс табуға мүмкіндігі жоқ экономикалық әлеуеті төмен елді мекендердегі еңбекке қабілетті азаматтарды жұмысы бар жерге шақырып алып, баспана беріп, оқытып, жұмысқа орналастыратын, сондай-ақ ауылда кәсіп көзін ашамын деген азаматтарға жеңілдікпен несие беріп, шаруасын дөңгелетуге септесіп, мамандығы жоқ, біліктілігі төмен азаматтарды оқытып, қайта даярлап, жұмыссызға жұмыс беріп қана қоймай, табыстылыққа бағыттауға кіріскен бағдарламаның шын мәнісінде елдегі жұмыссыздық деңгейін азайтуға нақты шара ретінде қабылдаған. Бағдарламадан тыс қолданыстағы әлеуметтік жұмыс орындарын құру, қоғамдық жұмысқа тарту сынды шаралардың да жұмыссыздыққа қарсы елеулі ықпалды шаралар екеніне осы тұрғыдағы нақты көрсеткіштер дәлел. Мекеменің бұл орайда атқарып жатқан шаруасы орасан зор. Жұмыс іздеп барсаңыз, жұмыспен қамту мекемесінің қызметкерлері қашанда көмек көрсетуге әзір.

Пікір қалдырыныз

Your email address will not be published.