Қалалық қоғамдық-саяси газет

Өркениет іргетасы – кітапқұмар жастар

0 238

Таразда аймақтық «Кітап оқып, рухани бай бол!» атты кітапқұмарлар байқауы мәресіне жетіп, «Достық» үйінде ақтық сыннан сүрінбей өткен жас зияткерлер марапатталды.

Арайлы СЕРІКҚЫЗЫ

Қазан айында басталған сайыс оқушылар арасында ұйымдастырылып, Жамбыл облысының барлық аудандары мен өңір орталығын да қамтыды. Сайыста 55 оқушы бақ сынап, өздерінің зияткерлік қабілеттерін көрсете білді. Аталмыш зияткерлер бәсекесі ҚР Ақпарат және қоғамдық даму министрлігі тарапынан қолдау тауып, еліміздің әр түкпірінде ұйымдастырылып жатыр. Әу баста бұл байқау ағымдағы жылдың мамыр айында «Jambyl-Taraz» қоғамдық-саяси газетінің бастамасымен қала аумағында өткізіліп, ең үздік атанған оқырманға 1 миллион теңге көлемінде бәйге табысталған болатын.
Қоғамға қозғау салған байқауды Жамбыл облысының «Рухани жаңғыру» жобалық офисі мен Ш.Уәлиханов атындағы облыстық әмбебап ғылыми кітапханасы бірлесіп ұйымдастырды. Ережеге сәйкес байқау 2 кезеңге, 2 санатқа бөлінген. Қатысушыларға арнайы белгіленген 43 кітап ұсынылды. 1-ші кезеңнен сүрінбей өткен 22 қатысушы ақтық сында өздері таңдап оқыған кітаптардан қойылған сұрақтарға жауап беріп, жеңімпаздар анықталды. 15 жасқа дейінгі қатысушылар арасынан ІІІ орынды Жамбыл ауданы, Бірлесу-Еңбек орта мектебінің 9-сынып оқушысы Жолдыбай Елдос, ІІ орынды Жамбыл ауданы, Бірлесу-Еңбек орта мектебінің 7-сынып оқушысы Жахан Саида, І орынды Тараз қалалық №48 Т.Рысқұлов атындағы орта мектебінің 6-сынып оқушысы Мұхтар Амина иеленсе, 15 жастан жоғары қатысушылар арасында ІІІ орынға Тараз қаласы, Жамбыл политехникалық жоғары колледжінің 2-курс студенті Ақнұр Баширова, ІІ орынға Меркі ауданы, №6 орта мектебінің 10-сынып оқушысы Диана Жексенбиева, І орынға Тараз қалалық №54 орта мектебінің 10-сынып оқушысы Әсіл Аяжан лайық деп табылды. Барлық қатысушылар мен жетекшілеріне Алғыс хаттар, жеңімпаздарға бағалы сыйлықтар табыс етілді. Жүлдегерлерді облыстық «Рухани жаңғыру» жобалық офисі» КММ-нің басшысы Зарина Қуатова марапаттады.
Өркениет болып қалыптасу жолында дамыған мемлекеттердің жастары ең әуелі кітапты жанына азық етеді. Осы себепті де болашағы жарқын Қазақстанның іргетасын білімді, саналы, зияткер жастар қалауы тиіс. Аталмыш мазмұндағы байқаулар жастар арасындағы кітап оқу мәдениетін қалыптастырып, зияткер жастардың жаңа буынын қалыптастыратынына сенім мол.

Пікір қалдырыныз

Your email address will not be published.