Қалалық қоғамдық-саяси газет

Адам құқығын қорғаудың ең жоғары тетігі

0 411

Көптеген сарапшы, зерттеушілердің пікірінше, Қазақстанның Конституция- сы әлемдегі жалпыадамзаттық құндылықтарды дәріптейтін ең үздік 50 Ата Заңның қатарына кіреді екен. Бұл өз Ата Заңымыздың әлеуетінің жоғары екенін айғақтайды.

Тарихқа кері шегінсек, тәуелсіздікке ие болған егемен еліміздің ең басты қадамы Конституцияны қабылдаумен байланысты. Егемендікті еншілегеннен кейінгі 1993 жылы 28 қаңтарда қабылданған Қазақстанның алғашқы Конституциясы тәуелсіздік тарихындағы ең демократиялы құжат болып табылған еді. Алайда ол әуелден-ақ еліміздегі саяси, әлеуметтік-экономикалық үдерістен алшақ қалғанын байқадық. Сондықтан уақыт өте келе заман ағымы мен сұранысына қарай бірінші Конституцияның кейбір тұстары нарықтық қоғамдағы өз- герістерге сай болмай шықты. Сол себепті 1995 жылы жаңа Ата Заңымыз қабылданды.
Тәуелсіздік жылдарында еліміз саяси тұрақтылықты нығайтудың қиын жолынан өтті. Біз ынтымақ пен бірлігіміздің арқасында әлем мойындаған мемлекетке айналдық. Ендігі кезеңде демократиялық құндылықтарды дамытып, жаңа, әділетті Қазақстанды құруға қадам бастық.
2022 жылы 5 маусымда өткен жалпыхалықтық референдумда конституциялық өзгерістер бүкіл Конституцияның үштен бірін құрайды.
Конституциялық реформалар – мемлекетіміздің саяси және экономикалық жүйесін түбегейлі өзгертуге, әлеуметтік әділеттілікті қалпына келтіруге, азаматтық қоғамды қолдау мен дамытуға, мемлекеттік билікті шектеуге, адам құқығы мен бостандығын қорғауға негіз болып отыр. Айталық, Конституцияның 6-бабына «Жер және оның қойнауы, су, өсімдіктер мен жануарлар дүниесі, басқа да табиғи ресурстар халыққа тиесілі, халық атынан меншік құқығын мемлекет жүзеге асырады» деген өзгеріс енгізілді.
Қазақстанда Конституциялық сот құрылды, мұндай сот әлемнің көптеген елінде жұмыс істейді екен. Оған әр адам қолданыстағы заңдар мен басқа да нормативтік-құқықтық актілер туралы, сондай-ақ оның құқықтары бұзылған жағдайда жүгіне алады. Конституциялық сотқа жүгіну құқығы Бас прокурорға, Адам құқықтары жөніндегі уәкілге беріледі.
Өлім жазасына толық тыйым салынды, адамды өз құқығы мен бостандығынан ажырату мүмкін емес, ол абсолютті түрде дүниеге келген сәттен бастап әр адамға тиесілі.
Тағы бір жаңалық – Конституциялық деңгейде Омбудсмен қызметінің енгізілуі. Қазақстанда адам құқықтары жөніндегі уәкіл Конституцияның 83-1-бабында бөлек көрсетіледі. Егер азаматтың құқығы мен бостандығы бұзылса, соны қалпына келтіреді, көмек береді. Мұндай құқық тіпті Парламенттің депутаттарына да берілмей, тек жалпы санының бестен бірінен кем болмайтын депутаттар тобына ғана берілген.
Енді Конституциялық сотқа кез келген Қазақстан азаматы жүгіне алады. Мәселен, биылғы жылдың басынан бері оған азаматтардан 3,5 мыңнан астам өтініш келіп түскен. Оларды қараудың нәтижесінде 30-дан астам құқықтық норманың Конституцияға сәйкестігі қаралып, оның бесеуі Конституциялық емес деп танылған.
ҚР Конституциясының 1-ші бабында: «Қазақстан Республикасында демократия- лық, зайырлы, құқықтық және әлеуметтік мемлекет ретінде адам және оның өмірі, құқықтары мен бостандықтары ең қымбат құндылық болып табылады», – деп көрсетілген. Ал Конституцияға 2022 жылғы 8 маусымда Конституциялық заңмен енгізілген өзгерістер мен толықтырулар мемлекетімізде адам мен азаматтың мәртебесі туралы негізгі нормаларды іс жүзінде жүзеге асыруға жаңа мүмкіндіктер береді.
Негізгі Заңның 2-ші бөлімі «Адам және азамат» деп аталады. Адам және азамат құқықтары мен бостандықтары әдетте бірнеше түрге топтастырылады: жеке құқықтар мен бостандықтар, саяси құқықтар мен бостандықтар, экономикалық құқықтар мен бостандықтар, мәдени құқықтар мен бостандықтар.
Конституцияның 10, 11, 33-баптары тек «азаматқа» қатысты деп түсінеміз, яғни мемлекетіміздің азаматы болып табылатын адамдарға. ҚР өз азаматтарын өз шекарасынан тыс жерде қорғауға және қамқорлыққа алуға кепілдік береді (11-бап). Ал егер 13, 14, 15 және басқа баптарда «әркім», «барлығы» деген ұғымдар қолданылса, онда әңгіме азаматтығына қарамастан, кез келген адамның құқықтары мен бостандықтары туралы болып отыр деп түсіну қажет.
Адам құқықтары туғаннан бастап пайда болады және одан айырылмас құқығы болып танылады (өмір сүру құқығы, жеке қадір-қасиетіне құқық). Субъективті құқықтардың құрамдас бөлігі болып міндеттер танылады.
Осылайша әскери қызметті өтеу міндеті тек ҚР азаматтарына жүктеледі (36-бап), ал салық төлеу міндеті азаматтығына қарамастан, барлығына қолданылады (35-бап).
Азаматтың өмір сүру, еңбек ету, білім алу құқығы, сайлау және сайлану құқығы, сот арқылы қорғалу құқығы және т.б. Бостандық (еркіндік) дегеніміз – ол таңдауға немесе әрекетке қажеттіліктің, мәжбүрлеудің, немесе шектеудің болмауы. Бұл кез келген адамның құқықтары, оларды жүзеге асыру үшін мемлекет адамға кедергі жасамауы, бостандықтарын шектемеу керек. Мысалы, Конституцияның екінші бөлімінде бекітілген сөз бен шығармашылық еркіндігі, ой, ар-ождан, жиналыстар мен бірлестіктер бостандығы, жүріп-тұру бостандығы, т.с.с.
Жеке құқықтар мен бостандықтарға өмір сүру құқығы, жеке қадір-қасиетін сақтау, ізгілікті қарым-қатынас, жеке бас бостандығы мен қол сұғылмау құқықтары, жеке өмірге қол сұғылмаушылық, жеке және отбасылық құпиялар, ар-намыс пен абыройын қорғау, адамның жеке басының құпиясы, хат алмасу, телефон арқылы сөйлесу, пошталық, телеграфтық және т.б. құпиялар жатады. Ал саяси құқықтар мен бостандықтар де-геніміз – ой және сөз бостандығы, ақпарат алу, бірлесу, қоғамдық іс-шаралар өткізу, мемлекет істерін басқаруға қатысу, сайлау және сайлану құқығы, мемлекеттік қызметке тең қолжетімділік құқығы және т.б.
Халықтың ерекше назарын алған нәрсе, ол 6-баптың 3-тармағына енгізілген түзетулерді айтуға болады.
Конституцияның 6-бабында: «Жер және оның қойнауы, су, өсімдіктер мен жануарлар дүниесі, басқа да табиғи ресурстар халыққа тиесілі, ал халық атынан меншік құқығын мемлекет жүзеге асырады», – делінген. Бұл – қазақстандықтардың экономикалық құқықтарына қатысты өте маңызды жаңалық. Табиғи ресурстарды пайдалана отыра, мемлекет (ұлттық компаниялар) осындай қызметтен алған табыстан белгілі бір үлес- терін халыққа қолжетімді ету қажет. Адамның өмір сүру құқығы жөнінде кепілдіктері Конституцияның 15-бабында (2-тармақ) өлім жазасын алып тасту арқылы жүзеге асырылған. Адамның еңбек ету құқығы бұрын да басты құжаттың 24-бабында бекітілген болатын.
Азаматтардың Конституциялық сотқа жүгіну құқығы туралы жаңашылдық (72-бапта) әркімнің сот арқылы қорғау құқығын іс жүзінде жүзеге асыруға бағытталған. Бұл тәртіп азаматтардың жалпы сот төрелігіне деген сенімін айтарлықтай нығайтады. Конституцияға адам мен азаматтың құқықтары мен бостандықтарын қорғауға бағытталған өзгерістер мен толықтырулардың жолын көрсететін тағы бір жаңалық – адам құқықтары жөніндегі уәкіл (83-1-бап) институтын, оның мәртебесі мен өкілеттіктерін кеңейту.
Азаматтардың сайлау және мемлекеттік басқаруға қатысу құқықтары Конституцияның 87-бабында тиісті салдарлармен, мәслихат депутаттарының әкімге сенімсіздік білдіру құқығы туралы нормалармен толықтырылған.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен жалпыұлттық референдум арқылы Қазақстан Республикасының Конституциясына түбегейлі өзгерістер енгізілгеніне бір жылдан астам уақыт өтті. Ата Заңның 33 бабына ұсынылған 56 түзетуге дауыс беруге қатысқан ел азаматтарының 77,18 пайызы қолдап, жанартылған Ата Заң халық мүддесін көздеген игі істерге жол ашты. Ең басты өзгеріс – Қасым-Жомарт Тоқаевтың суперпрезиденттік жүйеден бас тартып, оның орнына «Күшті Президент – ықпалды Парламент – есеп беретін Үкімет» тұжырымдамасы ұсынылып, іске асырыла бастады. Соның бір айғағы – Президент мандатының ұзақтығы 7 жылдық бір мерзіммен шектеліп, қайта сайлануға тыйым салынғандығы. Бұл аса маңызды конституциялық өзгеріс туралы былтырғы 1 қыркүйекте жариялаған «Әділетті мемлекет. Біртұтас ұлт. Берекелі қоғам» Жолдауында Мемлекет басшысы: «Бір жағынан, 7 жыл – кез келген ауқымды бағдарламаны жүзеге асыру үшін жеткілікті кезең. Екінші жағынан, Президент мандатын бір мерзіммен шектеу Мемлекет басшысының жалпыұлттық дамудың стратегиялық міндеттерін шешуге барынша жұмылуын қамтамасыз етеді… Билікті монополизациялау қаупін айталықтай азайта- ды», – деді. Қарап отырып, тіпті демократиясы дамыған АҚШ пен Еуропа елдерінде мемлекет басшыларын екі мәрте сайлануына рұқсат етілгендіктен, бұл жаңа Президенттік жүйенің қазақстандық үлгісін көрсетеді.
Ата Заңның бұлжытпай сақталуын қадағалайтын Конституциялық Сот құрылғаны – Мемлекет басшысының тағы бір маңызды бастамасы.
Бұрынғы Конституциялық кеңеске азаматтар заң нормалары бойынша түсініктеме алу үшін тікелей жүгіне алмайтын. Ата Заңымызға ұсынылған өзгерістерді азаматтардың басым көпшілігі қолдады. «Енді біздің алдымызда ашық әрі әділетті экономика құрып, заңнамаға реформа жүргізу міндеті тұр. Қолдан жасалған монополияларды түбегелі жойып, сыбайлас жемқорлыққа тосқауыл қою маңызды», – деді Тоқаев.
Мемлекеттік аппаратты жаңғыртып, бюрократиядан барынша арылту үшін жүйелі жұмыс жалғасады. Біз қоғамның барлық өкілінің талап-тілектеріне жауап беретін озық мемлекет құруымыз керек. Басқару жүйесінің тиімділігі жұмыстың түпкі нәтижесімен өлшенетін болады.
… Мемлекеттік қызметкерлер барынша ашық жұмыс жүргізіп, халыққа шынайы есеп беруі керек. Мемлекеттік қызмет дегеніміз – жеке бастың бақ-дәулетін арттыратын жер емес. Бұл – туған халқының алдында айрықша жауапкершілік арқалау деген сөз».
Парламенттің өкілеттігін кеңейтуге қатысты жаңа ережелер енгізілді. Мәжіліс депутаттары көпшілік дауыспен кез келген заң жобасын қабылдамауға құқылы.
Қабылданбаған заң жобасы соны әзірлеген орынға кері қайтарылады. Парламент Сенаты енді заң шығармайды, заңдарды Мәжіліс қабылдайды, ал Сенат көпшілік дауыспен бекітеді.
Сондай-ақ Президенттің өкілеттігіне де бірқатар өзгеріс енгізілді. Бұл өзгерістер суперпрезиденттік жүйеден Парламенті мен тәуелсіз Үкіметі мығым Президенттік республикаға көшуді нығайтуға мүмкіндік берді. Ата Заңымызға енгізілген өзгерістер мен толықтырулар туралы халық арасында ауқымды түсіндіру, талқылау жұмыстары қарқынды жүргізілді.
Конституциялық реформа бүкіл құқық саласын жаңғыртуға жол ашты. «Қастерлі тәуелсіздігімізді, ел бірлігін және қоғамдық келісімді нығайту – біздің негізгі міндетіміз».
Халқымызда «Кеңесіп пішкен тон келте болмайды» деген сөз бар. Айталық, 2017 жылы Конституцияның 19 бабына 26 түзету енгізу арқылы Президенттің Заң шығару атқару саласындағы 35 өкілеттігі Мемлекет басшысынан алынып, Үкімет пен Парламентке берілді. Сонымен қатар «елдің негізін қалаушы Президент – Нұрсұлтан Назарбаев» деген сөз қосылған еді. Бұл сөз де былтырғы референдумдағы жобада алып тасталды.
Конституциялық сот 11 мүшеден тұрады, оның Төрағасын және 4 мүшесін Парламент Сенатының келісімімен Президент тағайындайды, ал 6 мүшесін Сенат пен Мәжіліс бекітеді. Заң қабылдау кұзыреті тек Парламентте болады.
Саяси партияларды тіркеу де жеңілдей түсті. Сайлауға қатысу үшін партиялар жинайтын қолдар саны 20 мыңнан 5 мыңға дейін қысқарды.
Былтыр 5 маусымда Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың ұсынысымен жалпыхалықтық референдум өткені баршаға мәлім. Ең бастысы, халық бұл өзгерістерді жылы қабылдады. Өйткені жаңарған Конституцияның негізінде жаңа Қазақстан, ашық әрі әділетті қоғам құру деген арман-тілек жатыр. Жаңа Конституция қабылдау арқылы Қазақстан жаңа дәуірге қадам басты.
Жаңа, тәуелсіз мемлекетіміздің құқықтық негізін қалаған заң азаматтарымыздың теңдігі мен бостандығына кепілдік беруімен, елімізде тыныштық пен бейбітшіліктің сақталуына негіз болуымен бағалы. Сол себепті де Конституция күні халқымыз үшін қастерлі де ұлық мереке болып саналады.
Қоғамды заңсыздықтан арылтып, әділетті Қазақстанның негізін қалайтын Негізгі Заң. Кез келген халық Конституцияға бас ұрып емес, сеніп құрметтеу маңызды дегенді білдіреді. Яғни заң үстемдігін қалыптасқан елде емін-еркін өмір сүру деген сөз. Ал халық пен билік арасындағы қарым-қатынаста өзгерістердің қажет екенін ел Президенті Қасым- Жомарт Тоқаев «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасымен-ақ түсіндіріп берді. Бұл – халықтың билікке сенімін күшейтуде бірінші қатарда тұрған мәселе.
Демек, биліктің қайнар көзі – бұқара халық пен сол халықтың өкілі – билік тегістей Конституцияда бекітілген құндылықтар мен қағидаларға шынайы сеніп, құрметтеуге тиіс. Тек сонда ғана елдігімізді сақтап, бірлігімізді ұстап қала аламыз.
Қазіргі алмағайып шақта ушығып тұрған ахуал, халықаралық қақтығыстар мен текетірес, әлемдегі саяси-экономикалық тұрақсыздық – осының барлығы бүкіл ел тағдырына, мемлекеттік тарихына деген жауапкершілік пен замана артар ауыртпалықты биліктің барлық тармағы тең арқалауы үшін қажет. Азаттығымыздың айшықты айғағына айналған Ата Заң тәуелсіздіктің теңдессіз тартуы екенін ескерсек, референдумда халықтың өзі дауыс беріп қабылдаған өзгерістер арқылы Конституциямыз өркениетті мемлекеттің барлығына тән демократиялық қағидалармен қамтылуы деп айта аламыз.
Конституция – азаматтардың құқығы мен бостандығын, қуатты мемлекетіміздің егемендігі мен бүтіндігін сақтайтын темірқазық.
Конституция – еліміздің басты, жоғары мемлекеттік заңы. Жаңа Қазақстан мықты азаматтық қоғамы бар тиімді мемлекет болып, «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» және біздің мемлекетік құрылыстың негізі «Күшті Президент – ықпалды Парламент – есеп беретін Үкімет» формуласы табысты іске асырудың манызды факторы болып табылады.
Конституциядан бірінші Президент және оның статусы ұғымымен байла- нысты нормаларды алып тастау мақсатында 46-шы баптың 4-тармағын жоюға қойған және 91-ші баптың 2-тармағына елеулі өзгерістер енгізген заңнамалық ережелер бар.
Кез келген демократиялық, өркениетті елдегідей барлық экс-президенттерге кепілдіктер тең болуға тиіс және ешқандай арнаулы иммунитет берілмеуі тиіс.
Конституцияға енгізілген өзгерістер біздің азаматтарымыздың конституция- лық құқықтарын қорғаудың тиімділігін күшейтеді және бізді «Әділетті қоғам мен тиімді мемлекет» құру жағына, шынайы жаңа Қазақстанға, Екінші Республикаға қарай одан әрі жақындататын болады.
Ұлттық рухымыздың адастырмас темірқазығына айналған Конституция аясында 28 жыл ішінде қабылданған 2 900-ден астам заң қоғамдық өмірдің әр саласында тиімді қолданылып, ел тыныштығы мен ұлт бірлігінің нығаюына ықпал етті, экономикалық өрлеуі мен халықтың әл-ауқатының жақсаруына жол ашты.
Конституциядағы «Адам және азамат» деп аталатын бөлім елдің ең асыл қазынасы адам және оның құқықтары мен бостандығын қорғауға арналған. Атап айтқанда, 30-бап адамның құқығы мен бостандығы өмірге келген сәтінен бастап, оған тиесілі екенін және оған ешкімнің қол сұғуына жол берілмейтінін бекітеді.

Қасымхан Төлендиев,
«ЖАҢАРУ» сыбайлас жемқорлыққа қарсы жалпыұлттық қозғалыс» республикалық қоғамдық бірлестігінің Жамбыл облыстық филиалының директоры, Жамбыл облысының Құрметті азаматы

Пікір қалдырыныз

Your email address will not be published.