Қалалық қоғамдық-саяси газет

Жомарт жандар ізгілікке шақырады

0 176

Қайырымдылық – адамзат баласының ең ізгі қасиеттерінің бірі. Ал қазақ халқы бұл қасиетті бала бойына ерте жастан сіңіруге талпынады. Бүгінде өзінің жомарт жүрек иесі екенін көрсетіп, көпке сая болып жүрген азаматтар баршылық. Олардың істері көпке үлгі, ұрпаққа өнеге.

Арайлы ЖАҚСЫЛЫҚ

Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев қазақстандықтарға сананы жаңғыртуға бағытталған мақаланы ұсынған күннен бастап ізгілікті мұрат еткен, руханиятты жандандыруға ұмтылған жобалардың саны артып, ел арасында ерекше есімдердің қатары толығып келеді. Биыл да осы үрдіс жалғасын тауып, шаһарда «Жомарт жүрек» сыйлығының иегерлері анықталды.
Аталмыш шара бизнес-құрылым өкілдерін, кәсіпкерлер мен меценаттарды, үкіметтік емес ұйымдар мен волонтерлерді ынталандыру, көтермелеу, азаматтардың белсенділігінің үздік тәжірибесін паш ету, қайырымдылық мен мейірбандық идеяларын насихаттау мақсатында ұйымдастырылды. Атаулы оқиғаның төрінен табылған қала әкімі Қайрат Досаев мұндай мазмұндағы игі шараның маңыздылығына кеңінен тоқталып өтті.
– Рухани жаңғыру қағидаттарының негізі болған қасиетті ұғымдардың бірі – туған жер. Бұл бағытта елімізде «Туған жер» жобасы жүзеге асырылып, жомарт жандардың өзінің туған өлкесіне шарапатын тигізіп, қайырымдылық іс-шаралар жасауға үлкен үлесін тигізді. Бүгінде Елбасының «Туған жерге туыңды тік!» ұранына қолдау білдіріп, қалада әлеуметтік-мәдени ғимараттарды, саябақтар мен мұражайларды қалпына келтіру мен құрылысын жүргізу бағытында ауқымды істер атқарылуда. «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында қалада 2 саябақ қалпына келтіріліп, қайта жаңғыртылды. Бір мәдениет нысаны, 4 әмбебап спорт алаңшасы пайдалануға берілді. Меценаттарымыз көпбалалы отбасыларға екі пәтер кілтін табыстаса, спорт чемпионы мүгедек бала асырап отырған отбасына автокөлік табыс етті. Биыл да мұқтаж жандарға қол ұшын созып, көмек көрсететін азаматтар саны арта түседі деп сенемін, – деді Қайрат Әскербекұлы.
Жиында марапатталғандардың барлығы – өз саласында белгілі бір белесті бағындырып, бұқараның көңілінен орын алған жандар. Жылдағы дәстүр бойынша биыл да «Жыл меценаты» аталымы бойынша жеңімпаз анықталды. Бұл сыйлық «Таразэнергоорталық» АҚ президенті Бақберген Мәуленовке табысталды. Бақберген Бөлдешұлы жағдайы төмен, көпбалалы жанұялардың 50 млн теңге көлеміндегі коммуналдық төлемақы қарыздары мен өсімпұлдарына қайырымдылық көмек көрсеткен. Өзінің туған жерінде Ұлы Отан соғысы ардагерлеріне арналған ескерткіш орнатып, тоғызқұмалақ ойынының дамуына өз үлесін қосуда.
«Жыл тұлғасы» аталымы «Агроспецстрой» ЖШС-нің директоры Марат Рахимбердиевке бұйырды. Ол өз құрылыс компаниясымен көптеген ірі құрылыс нысандарын салып, пайдалануға берген. Серіктестік жыл сайын қарттар үйіне, жетім және ата-анасының қамқорлығынан айырылған балаларға, мүмкіндігі шектеулі жандарға қайырымдылық көмек көрсетеді. Ауған соғысының ардагері қала тұрғыны А.Можаровтың тұрғын үйін күрделі жөндеуден өткізіп берді. «Туған жерге туыңды тік!» кең көлемді акция аясында мекеме жұмысшыларына баспаналы болуына өз ықпалын тигізді. «Жеңіс» саябағының абаттандырылуына демеуші ретінде үлес қосты. Сондай-ақ «Туған өлке» аталымымен «Мейірім» медициналық орталығының құрылтайшысы Гүлдара Нұрымова, «Жүректен жүрекке» аталымымен жеке кәсіпкер Меруерт Лештаева, «Жылдың үздік ұйымы» аталымымен Тараз қалалық №1 ауруханасының бас дәрігері Нұрлан Әбілдаев, «Ерен еріктілік» аталымымен «Жасыл Ел» еңбек жасағының белсендісі, волонтер Мариям Генжемұратова, «Батыл жүрек» аталымымен Тараз қалалық полиция басқармасы жергілікті полиция қызметінің учаскелік полиция инспекторы, полиция капитаны Данияр Заурбек марапатталды. «Жүректен жүрекке» аталымы бойынша үздік деп танылған Меруерт Лештаева өзін осындай биік марапатқа лайық деп тапқан ұйымдастырушыларға алғыс білдірді.
– Бүгін алғаш рет осындай марапатқа ие болып отырмын. Негізінде қайырымдылық жасау өз кәсібімнің алға басуының негізгі сыры деп білемін. Бұл ізгі қадам болмаса, жетістікке жетпес едік. Бизнеске аяқ басқан күннен бастап ата-ана қамқорлығынсыз қалған балаларға, мүмкіндігі шектеулі жандарға шама-шарқым жеткенше қолдау көрсетіп келемін. Мұнымен қоса, ұжымымда 10 жылдан аса жұмыс істеген қызметкерлерге пәтер сыйладым. Биыл осындай 3 бірдей қызметкерге үй беруді жоспарлап отырмын. Сонымен қатар Қ.Сарымолдаев атындағы өмірлік қиын жағдайға тап болған балаларды қолдау орталығында тәлім алып, оқуға түскен екі баланы стипендиямен қамтамасыз етіп отырмын. Осы ретте ізімнен еріп келе жатқан жас кәсіпкерлерді әрдайым тапқан табыстарының 10 пайызын қайырымдылыққа жұмсауға шақырамын. Бұл – адами тұрғыдан да, бизнес тұрғысынан да жақсылыққа бастайтын іс, – деп ағынан жарылды Меруерт Кәттабайқызы.

Пікір қалдырыныз

Your email address will not be published.