Қалалық қоғамдық-саяси газет

Ерікті болу ерлікпен тең

0 328

Елімізде арман-мақсатын бағамдап, қоршаған ортаға өзіндік үлесін тигізіп жүрген жастарымыз жыл сайын еселеп келеді. Бұл тұрғыда тараздықтардың қарасы қалың. Бүгінде олар арнайы ұйымдарда топтасып, көкжиектерін кеңейтуде.

«Қайырымдылық жасасаң қайырымын өзің көресің», – деген тәмсіл жақсылық жасауды өмірлік ұстанымдарына айналдырған ерікті жастардың ұранына айналды. Расында, қоғамымыздың нағыз жанашырлары еріктілер екені даусыз. Ерікті дегеніміз – жан қалауы-мен айналадағы жәрдемге зәру жандарға көмек көрсетіп, белсенділік танытып, арнайы шараларға атсалысу. Бүгінде дәл осы орта күннен-күнге толысып, қатарының көбейіп жатқаны қуантарлық дүние. Бір кезде мен де өзімді ерікті ретінде ұсынып, олардың тыныс-тіршілігімен танысқан болатынмын. Қызығы мен қиындығы қатар жүретін ортада команданың ойлайтыны тек игі шара ұйымдастырып, көмекке мұқтаж жандарға қол ұшын созу. Осы тұрғыда «Ерікті болу маған не үйретті?» деген сұраққа жауап берсем деймін.
Расында, мен ерікті болу арқылы көптеген жаңа дүниемен таныс болдым деп зор сеніммен айта аламын. «Біз біргеміз» волонтерлық қозғалысына жетекшілік етіп, команда жинап, өз ортамды қалыптастырып, жаңа достар таптым. Ерікті болу бәріңіз білетіндей сізге ешқандай материалдық қажеттілік бермейді. Бірақ сіз оның орнына алғыс аласыз, құрметке кеңелесіз. Бұл сіздің адамгершілігіңіздің белгісі. Сондай-ақ ерікті болу арқылы мол тәжірибе жинақтайсыз. Ортамен тез тіл табысуды меңгеріп, адамгершілігі мол таныстар, достар табасыз. Кей еріктілердің жұмысына қарай, олардың белсенділігі үшін белгілі бір көлемде ақша төленбесе де, сыйлық ретінде киімдер, кітаптар, түрлі заттар берілуі мүмкін. Бірақ меніңше ерікті болуды қаражатпен байланыстырған мүлде дұрыс емес. Жүректерге қуаныш сыйлайтын бұл жұмысты өмірлік қызығушылығыңыз ретінде қабылдасаңыз өзіңізге де, ортаңызға да берер пайдаңыз көп болады. Ерікті бола жүріп өмірімізге ешқашан шағым айтпауды үйрендім. Себебі жиын түрлі тағдыр тауқыметін бастарынан өткерген жандарды көргенде өз өміріме шүкіршілік етіп, соларға қол ұшымызды соза білгенімізге қуанамыз. Расында, біз жесірлерге, мүмкіндігі шектеулі жандар және қарттар үйіне жәрдем беру максатында түрлі іс-шара ұйымдастырдық. Балалар үйіне мерекелік концерттер өткізіп, олармен ойнап-күліп күніміздің қалай тез өткенін сезбей де қалатынбыз. Сол кездердің өзі ерекше қуаныш сыйлап, жанға тыныштық беретін күндердің бірі болды деуге болады. Себебі ерікті болу ерлікпен тең.
Қазіргі таңда жастардың басым көпшілігі ерікті болуға ниетті. Бүгінгі күні қаламызда ерікті жастардан құралған 10 шақты ұйым бар. Олардың әрқайсысы команда жинақтап, түрлі іс-шара ұйымдастырып, жақсылық жасаудан жарысуда. Осындай қозғалыстардың бірі – «Жібек Жолы» жастар қозғалысы. Ұйымда бүгінде 40 тан астам ерікті қызмет атқарады.
– Қазіргі таңда біз түрлі бағытта іс-шара ұйымдастырып, командаға жалынды жастарды қосудамыз. Дәл қазіргі сәтте ұйымымызда 40-тан астам ерікті жасымыз бар. Алдағы уақытта олардың қатарын толықтыру көзделіп отыр. Сондай-ақ біз тек бір ғана емес, түрлі бағытта іс-шара ұйымдастырамыз. Соның бірі – «Бұл менің қоқысым емес, бірақ бұл менің қалам» атты сенбілік. Осының аясында тек сенбі күндері ғана емес, басқа да уақыттарда тазалық акцияларын ұйымдастырамыз. Сонымен қатар «Қарттарды аялайық» тақырыбында жалғыз тұратын қарт кісілердің үйін тазалап басқа да көмектер көрсетеміз. Қарттар, балалар үйіне барып іс-шаралар өткіземіз, – дейді «Жібек Жолы» жастар қозғалысының жетекшісі Ерхан Сенбекұлы.
Мемлекет тарапынан да ерікті жастарды қолдау мақсатында оларға қолдау көрсететін мекемелер де ашылуда. Тіпті кей қалаларда әлдеқашан қайырымдылық бағытында жұмыс істеуге кіріскен мекемелер бар. Бірқатар елдерде ерікті болу қалыптасқан жағдай, олар үлкен құрметке ие. Себебі жұрт оларды ерекше сыйлайды, құрметтейді. Ақысыз, алтын уақытын арнап жүргендерге елдің ықыласы ерекше. Ал біздің елімізде ерікті ұғымы әлі толық сіңісті болып үлгермегендіктен, кейде оларға еріккен, уақыты көп адам ретінде немесе жұмсап қалуға тырысып, жалшы ретінде қарайтындар да жоқ емес. Сондықтан еріктілер ұғымын қоғамға барынша сіңісті етіп, құрметке лайық жандар ретінде қалыптастыру уақыт еншісінде.
Бұл тұста елімізде осы бағытта жұмыстар жүргізіп, еріктілер қызметін жолға қоюға мемлекет тарапынан қолдау болмаса, аталған қозғалыстың дамуы айтарлықтай баяулайтыны анық. Ал еріктілер еңбегі еліміздің дамуына тиісінше көмек көрсетіп жатқаны мәлім. Осы орайда Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев волонтерлік ұйымдарды қолдау және оларға арнайы гранттар бөлу жұмысын жалғастыру қажеттігін атап өтті. Қайырымдылық істерді жалғастыру үшін еріктілікті дамытудың жол картасын және оларды даярлауға арналған бағдарлама әзірлеу керек. Осы орайда Үкіметке волонтерлік қызметті қолдаудың бірыңғай стандартын жасау тапсырылды.
– Волонтерлік – бұл жай ғана әлеуметтік құбылыс емес. Тіпті, бір күнде қалыптасатын әдет немесе дағды деуге де болмайды. Бұл – көптеген адамдардың саналы түрде таңдаған өмір салты. Қайырымдылық – адамның бала кезінен бойына сіңетін қасиет. Сондықтан, өскелең ұрпақты жастайынан жақсылық жасауға тәрбиелеу – өте маңызды міндет. Осы ретте, барлық білім беру мекемелерінде тақырыптық сабақтар мен факультативтік сағаттар енгізуді ұсынамын. Қоғамға қызмет етуді зердесіне түйген ұл-қыздарымыз нағыз азамат болары анық. Дана Абай айтқан «Ыстық қайрат, нұрлы ақыл, жылы жүрек» дәл қазіргі кезеңде ауадай қажет. Бұл асыл қасиеттер волонтер қатарына қосыламын деген әрбір жастың бойынан табылады, – деді Президент.
Ерікті болу үшін адамның лауазымы немесе мамандығы мен дәрежесінен бұрын, көмек қолын созғысы келетін жанның ниеті, адамгершілігі басты орында. Олар дінге, ұлтқа, нәсілге бөлінбей, өз еркімен баршаға көмек беруге әзір тұратын нағыз жанашыр жандар. Қайырымдылық қасиеті біріктірген жандардан қоғамымызға пайда көп. Осы тұста шаһарымыздағы ерікті жастарға артылар үміт те, айтылар алғыс та таусылмасы анық. Статистикалық мәліметке сүйенсек, Жамбыл облысында 10 мыңнан аса волонтерді біріктірген 13 ұйым, 36 техникалық және кәсіптік білім беру мекемесі және Тараз қаласы мен барлық аудандық жастар ресурстық орталығының жанынан құрылған топтар жұмыс істейді екен.
– Биыл мемлекеттік әлеуметтік тапсырыс аясында жергілікті бюджет қара-жаты есебінен 9 миллион теңгеге «Волонтерлік қызметті дамытуға бағытталған жобаларды ұйымдастыру» жобасы іске асырылуда. Сонымен қатар облыста 2019 жылдан бері «Қамқор» әлеуметтік қайырымдылық дүкендері іске қосылып, бүгінде 13 дүкен жұмыс істеп келеді. Жоба аясында 14 мың отбасына 45 мың тонна киім-кешек үлестірілді. Өңірдегі жастар ресурстық орталығы мен волонтерлік жастар ұйымдарының ұйымдастыруымен «Білім», «Саулық», «Сабақтастық», «Асыл мұра», «Қамқор», «Таза әлем», «Үміт» және өзге де бағыттар бойынша 10 528 адамды қамтыған 694 іс-шара өткізілді. Қаңтар оқиғасы кезінде «Әулиеата жастары» еріктілер штабы құрылып, онда 50 ерікті жұмыс істеді. Олар жалғызілікті қарияларға, мүмкіндігі шектеулі азаматтарға қолдау көрсетіп, қажетті азық-түліктермен және дәрі-дәрмекпен қамтамасыз етті. Сонымен қатар қоғамдағы тыныштықты қамтамасыз ету мақсатында түсіндіру жұмыстарын жүргізуге бағытталған «Қоғам сақшысы» топтары ықшамаудандарда, саябақтарда арнайы жадынамалар мен Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың және облыс әкімінің үндеуін таратты. Облысымызда қан қорының жетіспеуіне байланысты штаб Қан орталығына еріктілерді тарта отырып, 100-ге жуық азамат қан тапсыр-ды, – дейді облыстық волонтерлік фронт-офисінің жетекшісі Арайлым Әбдуалиева.
Осы тұрғыда еріктілерге айрықша көмек көр-сетіліп жатқанын аңғаруға болады. Қорыта ке- ле айтарым, «Жақсылық еккен алғыс орады», – дегендей баршанызды еріктілер қатарында шаттықтың себепшісі болуға шақырамын.

 

Пікір қалдырыныз

Your email address will not be published.