Қалалық қоғамдық-саяси газет

«Жұмыла көтерген жүк жеңіл»

Жамбылдықтар 100 тоннадан аса гуманитарлық көмек жөнелтті

0 1  818

«Жақсының жақсылығын айт, ырысы тасысын» дейді. Алғашқылардың бірі болып ай басында қоғам белсендісі Мөлдір Анарбаева бастаған азаматтар ақтөбеліктерге «Біз біргеміз!» ұранымен гуманитарлық көмек жөнелтті. «Ауыл-Береке», «Орталық» базарлары мен №8 ықшамауданындағы «Фиркан», «Small» сауда орындарына қойылған жүк көліктеріне кәсіпкерлер мен қала тұрғындары азық-түлік пен қажетті тауарларды тиеп, алыстағы ағайынға қол ұшын созды.
Бұдан кейін өзге ұлт өкілдері игі іске өз үнін қосты. «Жүректен жүрекке» акциясы аясында Қазақстан халқы Ассамблеясы өңірлік филиалының азық-түлік пен қажетті тауарлар жинайтын нүктелері жұмысын бастады. Сондай-ақ тікелей ақшалай аударымға «Kaspi» банкінен есепшот ашылды. Нәтижесінде, облыстық қан орталығының директоры, облыстық мәслихаттың депутаты Гулам Умаров 200 мың теңге көлемінде көмек аударса, «Ассамблея жастары» қоғамдық бірлестігі тұрғындардан 7 860 450 теңгеге теңелген гуманитарлық көмек жинаған.
Өзбек этномәдени бірлестігінің мүшелері де қайырымды істен шет қалмай, ақшалай көмек көрсетсе, «Архыз» бірлестігі 150 мың теңге аударым жасаған.
Өңірдегі грек ұлтының өкілдері ақтөбелік ағайынға 400 мың теңгеге азық-түлік пен қажетті материалдар жөнелтсе, «Вынхуа» дүнген этномәдени бірлестігі 9 миллион 500 мың теңгеге 2 жүк көлігіне тиелген гуманитарлық көмек жіберген.
Ұйғыр ұлтының өкілдері де 1,5 миллион теңге жылу жинаса, «Шиват Цион» еврейлер бірлестігі – 250 мың, «Манас» қырғыз этномәдени бірлестігі – 3 миллион теңге, «Хазар» әзірбайжан бірлестігі – 1,1 миллион теңге, тәжік этномәдени бірлестігі – 50 мың теңге және «Ахыска» түрік этномәдени бірлестігі 10 миллион теңге көлемінде көмек көрсеткен. Ал М.Қашқари атындағы Шу аудандық ұйғыр этномәдени бірлестігінің жастары 10 миллион теңгенің азық-түлігі мен қажетті материалдарын жинап берген.
Осылайша этномәдени бірлестіктер бірлігі мен ынтымағын көрсетіп жатқанда, Тараз қаласының тұрғындары да 1,1 миллион теңгенің азық-түлігін қабылдау нүктелеріне өткізген.
Ал облыстық жастар ресурстық орталығының жастары макарон, ұн, сұйық май, күріш, қант, шай мен резеңке етіктерден құралған 650 мың теңгенің гуманитарлық көмегін жинап, көпке үлгі іс қылып отыр.
– Өңірлерде су тасқынынан зардап шеккендерге көмек көрсету мақсатында Жамбыл облысы әкімдігінің жастар саясаты мәселелері басқармасы Жастар ресурстық орталығында гуманитарлық көмек қабылдау пункті жұмысын бастады. Тауарлар Тараз қаласы, Төле би даңғылы, №35 мекенжайында орналасқан облыстық волонтерлық фронт-офисте қабылданды. Су тасқынынан зардап шеккендерге гуманитарлық көмек жинау туралы ақпарат әлеуметтік желілерде, түрлі мессенджерлерде таратылып, белсенді жастарымыз жеке кәсіпкерлермен жеке-жеке түсіндірме жұмыстарын жүргізді.

– Нәтижесінде, облыс бойынша 65,17 тонна тауар жиналды. Оның ішінде Жастар ресурстық орталығының гуманитарлық көмек қабылдау пунктіне азық-түлік өнімдерінен 15 қап қант, 15 қап күріш, 10 қап ұн, 7 қорап печенье, 6 құты сұйық май, 7 қорап макарон, ұзақ сақтауға жарамды түрлі нан өнімдері және азық-түліктік емес тауарлар мен киім-кешек, 30 келі кірсабын, 6 дана резеңке етік, 3 қорап тұрмыстық химия өнімдері жиналды. Тауарларды сұрыптауға 30 ерікті жұмылдырылып, орталық жылу жинау нүктесіне жеткізілді.
Қазақ халқы қай кезде де қиындықта қалған жандарға қол ұшын созудан тайынбаған. Жақын емес, жаттың өзін бауырға баса білген. Сондықтан осындай қиын-қыстау кезеңде бірлігімізді көрсетіп, су астында қалған ағайынға көмек көрсетуге барша қазақстандықтарды шақырамын! – дейді облыстық жастар саясаты мәселелері басқармасының басшысы Жомарт Зұлпыхар.
Иә, жастардың жігері қандай мақтауға да лайық. Мұндай игі бастамадан саяси партиялар да шет қалмауда. «AMANAT» партиясының мүшелері 78 500 теңгеге азық-түлік пен қажетті тауарлар алып берсе, «Respublica» партиясы өңірлік филиалының мүшелері 98 мың теңгеге ыдыс-аяқ, төсеніштер мен матрастарды қабылдау нүктелеріне тапсырған.
Осылайша бүгінгі таңға 49 957 000 теңгенің гуманитарлық көмегі жиналып, азық-түлік тиелген жүк көліктері жолға шықты. Оның 100 тоннадан астамы азық-түлік пен қажетті тауарлар болса, 5,8 миллион теңге ақшалай жөнелтіліп отыр. Сондай-ақ Жамбыл облысы бойынша 210 ерікті су алған елді мекендерге көмек жинауға өз үлестерін қосуда. Бұдан бөлек, 260 тонна пияз тиелген 13 жүк көлігі де Жамбыл облысы атынан төтенше жағдай жарияланған өңірлерге аттанды.
Әрине, бұл үйсіз-күйсіз қалған ағайынның жоғын түгендеп бермес. Алайда жанға жұбату болса игі. Табиғи апаттан зардап шеккен жұртпен қазақстандықтар бірге екенін сезінсе, көңілге сол демеу. Әлбетте, мұндай жағдай енді қайталанбасын деп тілейміз. Ең бастысы, қауіптің беті сейіліп, халық қайта құтты қонысына оралсын!
Бүгінгі күні әлі де тұрғындар тарапынан азық-түлік, киім-кешек, өзге де тұрмыстық заттар жиналуда. Қосымша тағы жөнелту жоспарлануда.

Саян ТІЛЕУЖАН

Пікір қалдырыныз

Your email address will not be published.