Қалалық қоғамдық-саяси газет

Алғыс арқалаған «Asar-ume»

0 348

Қайырымдылық – адамның бойындағы ең жағымды қасиеттердің бірі. Ондай адам рухани байлықты материалдық құндылықтардан жоғары қояды. Сондай-ақ өзінің жанашырлығымен қоса таза ние- тімен ерекшеленеді. Жамбылдық жастар да бұл тұрғыда ешкімнен қалысар емес.

Жақсылық жасау, мұқтаж жанға қол ұшын көрсету қанымызға сіңген жақсы қасиеттердің бірі. Ата-бабамыз осындай қысқа жіп күрмеуге келмейтін қысылтаяң шақтарда ауызбіршілікті, адалдықты, ынтымақты ту етіп көтерген. «Бір үй аш болса, бір ауыл аш, бір ауыл аш болса, бүкіл ел аш» деген қағиданы берік ұстанып, адам тағдыры ұлыс тағдырымен тығыз байланысты екенін қапысыз таныған. «Қыран жемін шашып жейді, құзғын жемін басып жейді» деген мақалдың мәніне терең бойлап, жалғыз өзі тойғаннан гөрі жұртпен бірге қиналуды жөн көрген. Осындай елдің ұрпақтары біздің де бойымызда қайырымдылық етіп, жақсылық жасау сіңісіп қалған асыл қасиеттердің бірі екені белгілі.
Бүгінде өңірімізде ерікті жастар саны күн санап өсіп келеді. Сондай-ақ арнайы ұйымдарда, мекемелерде қайырымдылық бағыттағы және қарттар мен балаларға арналған концерттік бағдарламалар, іс-шаралар жиі ұйымдастырылады. Мұның өзі қайырымдылық жасауға дағыдыланып қалғанымыздың айқын көрінісі. Сонымен қатар қаламызда зиялы қауым өкілдері де қайырымдылықпен айналысып жүр. Мысалы кеше ғана Тараз қалалық татар-башқұрт этномәдени бірлестігінің төрайымы Фарида Нақыш шаһарымыздағы аз қамтылған, көп балалы отбасыларының мектеп жасындағы оқушыларына барлық қажетті мектеп құралдарын сыйлады. Бұл игі бастама республика көлемінде бастау алған «Мектепке жол» акциясында көрініс тапты. Облыс бойынша аз қамтылған, көпбалалы және әлеуметтік жағдайы төмен отбасыларынан шыққан 50-ден астам мектеп оқушысына керекті барлық оқу құралдары салынған аспалы сөмкелер, түрлі жастағы балаларға арналған мектеп формалары мен спорт киімдері сыйлыққа беріліп, олардың отбасыларына да қаржылай көмек көрсетілді. Сондай-ақ Жамбыл облыстық «Ахыска» түріктер этномәдени бірлестігінің төрағасы Махмуджон Давришев бастаған Аналар кеңесі және аудандағы түріктер этномәдени бірлестіктері де бұл акцияға өз үлестерін қосты. Мұның өзі өңіріміздегі кәсіпкерлердің жақсылық жасауға бейім екенін білдіреді.
Қаламыздың қарапайым тұрғындары да қайырымдылық жасаудан қашқан емес. Даладағы қараусыз жануарға да жаны ашып, жеп отырған нанынан бөліп беріп отырғандарды көргенде, еріксіз езуіне күлкі үйіріліп, жүрегіңе жылулық ұялайды. Шынында мұндай көріністерге жиі тап боламыз. Тағдыр тауқыметіне түсіп ішерге асы, мекендейтін жері жоқ қандастарымызға да қолдан келгенше көмек көрсетіп жүрген бауырларымыз жетерлік. Әсіресе әлеуметтік желіден осындай игілікті бастаманы жиі байқауға болады. «Жақсылық жасап жарысайық» хэштегімен жарияланатын мұндай жазбаларды әр күн сайын жастарымыздың парақшасынан көрудеміз. Осылайша көмекке мұқтаж жандарға қол ұшын созып жүрген жастарымыз жетерлік. Тіпті көмекке мұқтаж жандарға көппен бірге қаражат жинап, жақсылық жасаудан жарысып жүрген арнайы ұйымдар да аз емес. Осындай қайырымдылық қорлардың бірі – «Asar-ume». Қайырымдылық қоры дегенде көпшіліктен ақша жинап, мұқтаждарға таратып беретін жүйені елестетеміз. Бірақ көптің ішінде «Asar-ume» қоры өзіндік философиясы бар, қайырымдылық жасау үлгісін кеңейткен қор ретінде танылды. Үш жыл ішінде 800-ге тарта отбасының баспаналы болуына көмектесті. Қор президенті Асхат Нұрмашев.
– Қор құрылғанға дейін 2016–2017 жылдары серіктестерімнің бірі мұқтаж отбасыларға азық-түлік, екіншісі киім-кешек, үшіншісі дәрі-дәрмек сатып әперумен, оларға ақша берумен айналысты. Мен қиын жағдайға тап болған балаларымен жесір қалған жалғызбасты аналарды жұмысқа орналастыруға тырыстым. Олардың ойын өзгертіп, білім беру арқылы көмек көрсетсем деген ниетім болды. Бұл жобамен бір жылға жуық айналыстық. Осылайша өтініш білдірген 200 әйелдің тек елу шақтысы ғана жұмысқа тұрды. Бұл нәтижеге көңілім толмады. Мұқтаж бола тұра ұсынған жұмыстан бас тартқан жандарды түсіне алмадым. Кейін «Asar-ume» қорын құрып, сол отбасылардың үйіне барып, әрқайсысының тыныс-тіршілігін өз көзіммен көргенде ғана сол әйелдердің жай-күйін толық түсіндім. Көмек күткен отбасылардың жағдайы әртүрлі болғанымен, олардың ортақ тұстары көп. Көпшілігі жалғызбасты, көпбалалы аналар. Тұрақты мекен-жайы жоқ, үнемі пәтерден пәтерге көшіп-қонып жүреді, баспана аумағы әрі кетсе 30–40 шаршы метр көлемінде ғана. Газ, су тартылмаған, үйді көмірмен жылытады. Бес-алты баланың үлкендері сабаққа кеткенде, кішілері үйде қалады. «Керемет мотивация беріп, оларды қанша ынталандырсаң да, шиеттей бала-шағасын тастап жұмысқа шығу мүмкін емес. Анасы да, баласы да ауыр тұрмыстан психологиялық жарақат алған, күйзеліске түскен. Мұндай адамды жұмысқа шықпадың деп кінәлаудың өзі артық екеніне көзім жетті. Мұқтаж отбасыларды, оның ішінде балаларды кедейліктен құтқарамыз десек, бірінші оларды баспанамен қамтамасыз ету керек деген тоқтамға келдім, – дейді қор басшысы.
Осылайша 2019 жылдан бері өз жұмысын бастаған қайырымдылық қор бүгінде 800-ге жуық отбасының үйлі болуларына себепкер болып отыр. Алғашқы кездері тек Алматы облысында ғана 8 балалы отбасыға көмек көрсетуден бастаған бұл қор қазіргі таңда Қазақстанның әр өңірінде жұмыс істейді. Қор осымен шектелмей, үйлі болған отбасыларды іріктеп, аяққа тұрамын деген жандардың бастамаларын қолдап мүмкіндінше қаржылай көмектеседі. Ол үшін бизнес жоспарларымен танысып, белгілі мамандармен жолықтырады. Жамбыл облысында бірнеше отбасылар осы бағдарлама арқылы ауыл шаруашы-лық және т.б. салаларда қолдау алып, жұмыстарын бастағалы отыр.
Осындай жүрегі кең, көмек көрсетуге дайын халқымыз тұрғанда барша жәрдемге мұқтаж жандар қолдау табатынына сенімім мол. Қорыта келе айтарым, жақсылық жасау, қайырымдылық көрсету бізге жат дүние емес. Сондықтан «мейірімділік жүректен» дегендей барша көмекке мұқтаж жандарға қамқорлық танытып, қол ұшымызды созайық.

Әмина Мұса

Пікір қалдырыныз

Your email address will not be published.