Қалалық қоғамдық-саяси газет

Көне қала көркейе береді

0 196

Таразда автобус парктерін жаңғырту қажет. Тозығы жеткен қоғамдық темір тұлпарлар ауыстыруды қажет етіп отыр. Қала көшелеріндегі қақпағы ашық қалған құдықтарға тұрғындар құлап кетпей ме?

Толғанай АТАБАЙ

Тараз қаласының әкімі Қайрат Досаев БАҚ өкілдерімен өткен алқалы жиында осы сауалдарға жауап берді. Облыс орталығының алты айдағы әлеуметтік-экономикалық дамуы да жиында кеңінен қаузалды. Әуелі қала әкімі жарты жылдағы қала бюджетінің орындалу барысы мен құрылыс жұмыстарының көлеміне тоқталды.
– Өздеріңізге белгілі, құрылыс инженерлік желілерден басталады. Өңірлерді дамытудың 2020 жылға дейінгі бағдарламасы аясында «Барысхан» және «Бурыл А, Б, В» тұрғын алқаптарында сервистік су желілері жүргізілді. Қазіргі таңда аталған алқаптарға ауыз су беру үшін су тартқыштың күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілуде. Ал «Барысхан» алқабы бойынша Саңырақ батыр көшесінен Сорокин көшесіне дейінгі Байзақ батыр көшесінің бойында су тартқыштың құрылысы жүргізілуде, 2021 жылы іске қосылатын болады. Бұдан басқа, «Барысхан» алқабын электрмен қамтамасыз ету, Ы.Дүкенұлы көшесіндегі екі су жүйесі мен 4-ші «Тараз энерго орталығынан» басталатын М-2-ші және М-4-ші жылу магистральдарының қайта жаңғырту жұмыстары жалғастырылуда. Аталған бағдарлама аясында «Арай» көпқабатты тұрғын алқабының жолдары мен тротуарлары, сыртқы жарықтандыру, арық желілерінің құрылысы, тұрғын үй алаңшаларын абаттандыру жұмыстары жүргізілуде, – дейді баяндамашы.
Сонымен қатар қала әкімі бүгінгі таңда қала тұрғындарынан келіп түсетін өтініштердің көпшілігі қаладағы саяжайлар мен тұрғын алқаптарды инженерлік инфрақұрылыммен қамтамасыз ету мәселелері екендігін алға тартты. Бұл орайда, облыс әкімінің қала құрылысының кеңесінде берген тапсырмасын орындау мақсатында биыл «Шалғай Қарасу» тұрғын алқабын, 28 саяжай мен «Құмшағал», «Шөлдала», «Көлтоған», «Қызыл-Абад», «Казарма», «Жиделі» алқаптарын және «Құмшағал» станциясын электрмен, газбен және сумен қамтамасыз ету бойынша жобалық-сметалық құжаттамалары әзірленіп, орындалуға 2020-2021 жылдарға ұсынылмақ. Ал «Тектұрмас», «Қарасай», «Родничок», «Ақжол», «Қайнар» және «Мичуринец» алқаптарын ауыз сумен қамтамасыз ету бойынша жобалық-сметалық құжаттамалары әзірленіп, 2020-2022 жылдарға кезең-кезеңімен өтетін болады дейді.
Сондай-ақ көрікті де көне қаланы көркейту жұмыстары жалғасын табатын болады. Қала басшысының айтуынша, осы мақсатта қалада «Шахристан» тарихи кешенінде өлкетану мұражайы, «Ретро-фестиваль» амфитеатры, көрме павильоны, көркемсурет галереясы, қолөнер шеберханалар орталығы, «Руханият» орталығының құрылыстары жүргізілуде.
– Аталған аумақтарда жолаушыларды тасымалдайтын 26 бағыттағы қоғамдық көліктердің өтетінін ескере отырып, аталған «Арбат» аймағын айналып өту үшін Байзақ батыр көшесін кеңейту (Төле би даңғылынан Ташкент көшесіне дейін), Байтасов көшесін (Төле би даңғылынан Көшеней көшесіне дейін) орташа жөндеу жұмыстары мен Көшеней көшесінен Аққозиев көшесіне шығатын жолдың құрылысы жоспарлануда. Және Төле би даңғылының бойымен Сыпатай батыр көшесінен бастап «Қарахан» кесенесіне дейінгі сквері, жаяу жүргіншілер аймағы мен аллеясы, «Тараз-Арена» кешенінің маңындағы «Даңқты спортшылар» аллеясы және «Мамыр» саябағын абаттандыру мен «Көне-Тараз» кешенінің маңында биіктігі 40 метрден тұратын «Сағат» стеласы орнатылатын болады. Бұдан өзге, қалада Неке қию және салтанат сарайы мен Оқушылар сарайы бой көтереді, – дейді Қайрат Әскербекұлы.
БАҚ өкілдерімен өткен басқосуда журналистер тарапынан туындаған түрлі сауалдарға жауап беріліп, ұсыныстар ескерілді.

Пікір қалдырыныз

Your email address will not be published.