Қалалық қоғамдық-саяси газет

Келіні жақсының керегесі кең

0 277

Жүрекке ешқашан әмір жүрген емес. Ол өз қалауын өзі шешеді. Оның шешімі ұлт, ақыл, көрік, жас, уақытқа бағынбайды. Себебі сүюдің, сүйікті болудың мектебі жоқ. Ол – тек жанның қалауымен ғана шешімін табатын, ешкім ұғып, ұқтыра алмайтын құбылыс.

Құралай СЕЙСЕНБЕКҚЫЗЫ

Қалаған жанға қол жеткізіп, махаббаттың бесігінде тербелгендерге бір шаңырақтың астында ұзақ әрі бақытты, сыйластықта, тату-тәтті ғұмыр кешу де сол сүюден, сүйікті болумен қатар жан үйлесімінің таразысы тең түсуінен екені анық.

– Ырыс қайда барасың?
– Ынтымаққа барамын! – деген аталы сөздің астарында үлкен мән жатыр. Ынтымағы жарасқан жанұяның іргесі де берік болмақ. Қазақ жігіттерінің өзге ұлттан жар сүйіп, бақытты ғұмыр кешіп жатқаны да сол ынтымақтың беріктігінен. Аралас некеден жар құшып, бала сүйген ұлт зиялылары мен көсемдері, ақын-жазушылар мен бүгінгінің сал-серілері жетерлік.

Ақын, әдебиет зерттеуші ғалым, қоғам қайраткері Ахмет Байтұрсынов қазақ жерінде қоныстанған орманшы Иванның қызын ұнатып, отбасын құрған. Алаш зиялысы Әлихан Бөкейханов та орыс қызы Елена Яковқызына үйленген. «Степной край» газетінде жұмыс істеп жүріп, саясаткер Яков Севостьяновпен жақсы тіл табысады. Кейін саясаткердің қызы Еленамен танысады. Әлиханның анасы орыс қызын келін еткісі келмейді. Бірақ махаббат жеңіп, олар отбасын құрады.Әлихан мен Еленаның бір қыз, бір ұлы бар.

Ақын Олжас Сүлейменов те орыс қызымен отау құрған. Оның жарының есімі – Маргарита Владимировна. Ерлі-зайыптылар мұсылман мен христиан діні мерекелерін қатар тойлайды екен. Сүлейменов пен Маргарита Владимировнаның үш қызы бар: Мәдина, Динара, Ләйлә.
Өзге ұлттан жар құшып, тату-тәтті ғұмыр кешіп жатқан келіндермен сырласқан едік.

Юлия – Бақыт келіні

Юлия Копать Көлтоған ауылында туып өсті. 2004 жылы қыркүйек айында ауылға жаңа тұрғындар көшіп келеді. Жаңа қоныстанған үйдің Ғалым есімді ұлы Юлияны сыртынан көріп, сыныптасына таныстыруын өтінеді. Сөйтіп, таныстықтың соңы махаббатқа ұласып, екі жас екі жыл қыз бен жігіт болып сырласып жүреді. Кейін қыздың өз еркімен жігіті «алып қашты» етіп, шаңырағына келін етіп түсіреді. Сонда Юлияның соңынан ағасы қуып келгені де өзінше бір қызық хикая болады. Биыл Юлия мен Ғалымның отау құрғандарына 13 жыл толды. Бұл отбасында төрт қыз өсіп келеді.

– Маған қазақы отбасыға келін болып түсу еш қиындық тудырмады. Ең қиыны – қамыр жаю болған. Бірде енем қамыр илеп берді де, мен жайып жаттым. Сөйтсем, інім біздің көшемен өтіп бара жатып, менің қамыр жайып жатқанымды көріп, анама айтып барғанда, шешем әбден жылаған екен. Орыс ұлты қазақтар сияқты қамыр тамақты жиі істемегендіктен, үйде қамыр жайып, илемейтінмін. Біз үйленген күннен күйеуім әрдайым қасымда жүріп, көп қолдау көрсетті. Жаңа келін болып түскенде, үлкендердің атын атауға болмайтынын білмедім. Бірде үйге Бақыт деген көршіміз келгенде, мен үйге кіріп: «Бақыт деген кісі келіп тұр», – деп айтқан едім. Енемнің аты – Бақыт. Сөйтіп, білмегендіктен бір ыңғайсыздыққа тап болған жайым бар. Қазіргі уақытта қазақтың барлық салт-дәстүрін, жөн-жоралғысын білемін, орындаймын, – дейді Юлия.

Дүнген қызы – арманым

Жамбыл өңіріндегі Дүнген ауылында Әзиза есімді қыздың үйіне әкесі Жанат есімді қазақ жігітін ертіп келіп, теледидар жөндеттіреді. Араға жарты жыл салып, Әзиза Жаңаөзен қаласына оқуға барады. Сол қалаға жұмыс істеуге барған Жанат екеуі кездейсоқ кездесіп қалады да, бір-бірін танып, шүйіркелесе кетеді. Сол кездейсоқ кездесу махаббатқа ұласады. Екі жақ екі жастың махаббаты жайлы естіп, дайындыққа кіріседі. Жанаттың әкесі Әшірбай көке дүнген ұлты туралы арнайы жөн-жоралғысын сұрастырып, құда түседі. Қыз ұзатылып, үйлену тойы да жасалады.

– Ата-енеммен бір ай бірге тұрдық. Үйде еркелеп өскен қыз едім, бар тәрбиені енемнен алдым. 5 жасымнан бастап нан пісіріп, қамыр илеп үйренгендіктен, дайын келін болып келдім. Таңертең тұрып, сәлем салып, сиыр сауу мен үшін өте қызық болды. Ол уақытта таза қазақша сөйлей алмайтынмын. Кейін үйрендім. Келін қайын іні, қайын сіңлісінің атын атауға болмайтынын абысыным айтты. Абысыным «Ерке қыз», «Балбала» деп атайды екен, он жылдан асты әлі күнге мен де солай атап келе жатырмын. Дүнген ұлты да үлкеннің жолын кеспейді және ер адамды қатты сыйлайды. Қазақ та солай. Ілтипат пен ізеттілік жағынан дүнген мен қазақ ұлты ұқсас. Қазір Кәусар, Қазына, Айкүміс, Әбдісалам есімді төрт бүлдіршініміз бар, – дейді Әзиза.

Елу жыл бірге

Ольга мен Әділ Жамбыл қаласындағы технологиялық институтында ортақ факультетте, бір группада білім алған. Группалас қыз бен жігіт қиындық тудырған пәндер бойынша бір-біріне үнемі көмектесіп, қамқорлық танытып жүретін.

Әділдің нағашы әжесі де орыс ұлтының қызы болған. Сондықтан болса керек, бұл жанұяның балалары да орыс тілді болып ержеткендіктен, қазақы салт-дәстүрді аса ұстай қоймаған. Сол жөнінен орыс қызына қазақтың отбасына келін болып түсу еш қиындық тудырмады.

– Біз Әділ екеуміз жалындаған жастық шақтың, студенттік кезеңнің барлық қызығын бірге көрдік. Құбашевтер отбасына келін атану мен үшін аса қиын болмады. Біршама уақыт Талас ауданы, Үшарал ауылында ғұмыр кештік. Кейін Тараз қаласынан үй алып, қалаға қоныс аудардық. Төрт перзент – үш ұл, бір қыз сүйдік. Менің анам қызының, яғни менің басқа ұлтқа тұрмысқа шыққаныма қарсы болған. Бірақ уақыт өте келе күйеу баласы жақсы жағынан көрініп, енесінің ойын өзгертіп, ризалығын алды. Өмірдің өз биігі мен өз қиылыс-қалтарысы бар. Соның бәрінен әйелдің парасаты алып шығады десем қателеспейтін шығармын. Көш жүре түзеледі. Біздің көш те жүре түзеліп, елу жылдыққа бірге жетті. Біз өзімізді салиқалы ғұмырымызды балаларға, отбасына арнаған үлгілі жанұя деп есептейміз.

Айылдың арғы жағынан

Жуалының тұрғындары қырғыз қызы Қиялды жақсы танитын. Мектеп бітіргелі жатқан инабатты бойжеткенге көптің көзі бірден түскен. Сөйтіп, Батыр есімді жігіттің туған-туыстары ықпал етіп, екі жасты таныстырып, екеуінің бас қосып, жанұя құруына себепші болады. Таулы аймақтан Жамбыл жеріне келін болып түскен қырғыз қызы жаңа түскенде қазақтың жөн-жоралғысын білмейтін. Қырғыз ұлтында беташар болмағандықтан, жас қызға беташардың өзі таңсық көрінген. Бүгінде Құлибаевтар шаңырағына келін болып түскеніне 20 жылдың жүзі болыпты.

– Мен қара шаңырақта, енеммен бірге тұрамын. Күйеуім Батырдың атын атауды ерсі көрдім бе, бас қосқалы Бәке деп атап кеткеніме жиырма жылдың жүзі болды. Қырғыз бен қазақтың салт-дәстүрі ұқсас болғандықтан, маған аса қиын болмады. Мектеп бітіре салып, жанұя құрдым, тез сіңісіп, осы үйдің бір баласына айналып-ақ кеттім. Бүгінде қолдағы келін болғандықтан, барлық жөн-жоралғыны енемнен үйреніп алдым. Менің қырғыз қыздарына қойылатын «Қиял» деген есімім қайныларым үшін қызық болғандықтан, әзілдеп «Фантастика жеңеше» деп атап кетті. Балаларымыздың алды студент, бүгінде көпбалалы ата-анамыз. Иба мен инабатты қатар сіңірген, үлкеннің жолын кеспейтін, сәлемін үзбейтін, жаулығы басынан, қазаны оттан түспейтін мақтаулы келіндердің бірі болуға тырысып-ақ бағып жүрген жайым бар, – дейді Қиял.

Пікір қалдырыныз

Your email address will not be published.