Қалалық қоғамдық-саяси газет

Әкемнің ерлігі – ұрпаққа үлгі

0 7

Ұлы Отан соғысында Кеңес үкіметінің көзсіз ерлік көрсетіп, неміс басқыншыларына қарсы соғыстың аяқталғанына биыл 75 жыл толып отыр. Жыл өткен сайын жеңіс жолында жанын шүберекке байлап айқасқан жауынгерлер қатарының сиреуі өкінішті, әрине. Сол қанды майданда елі үшін соғысқа аттанған батырлардың қатарында менің әкем Әуесбек Бекболатов та болған.

«1932 жыл адамзат тарихындағы ірі оқиғаның орын алған кезі. Жанталас жолындағы адамдардың басына түскен қайғыны 8 жасар Әуесбек өз көзімен көрді. Аспан асты, жер үстінде тіршіліктің тамыры үзілгендей. Киіз үйлер босап, қаңырап жатты. Бүкіл халықтың басына төнген нәубет өмірден біраз адамды өзімен бірге алып кетті. Халық саны күрт азайып, ел арасында жұқпалы індет те тараса керек-ті. Қайта үкімет қамқорлық жасап, балаларды орталықтағы интернатқа оқуға алып кетіп жатты». Бұл оқиғаны айтуға аштықтың зардабын татқандардың жүрегі дауалай бермейді.

Менің әкем Әуесбек те 8 жасында интернатқа оқуға барғандардың бірі еді. 1924 жылы дүниеге келген әкемнің балалық шағы баянды болмағаны анық. Ол да ауылдағы балалар секілді интернатта 7 жыл білім алған. Ол оқуды үздік бітіріп, Мойынқұм ауданы, бұрынғы «Қоқи» кеңшары, қазіргі Қарабөгет ауылына, туған жеріне қайта оралады. Бұл кезде елдің тұрмысы тіктеліп қалған. Сөйтіп, колхозда жұмыс істеп жүргенде соғыс басталады. 1942 жылы ауылдағы мұғалімге де соғысқа шақырту келіп, ол да ауылдағы жігіттермен сарбаздардың қатарына қосылады. Дәл осы шақта аудандық білім бөлімінің басшысы колхоз басшысынан оқыған, білімі бар азаматтарды сұрастырыпты. Сонда колхоз басшысы әкем Әуесбекті көрсетіпті. Осыдан кейін екі колхоздың бастауыш сыныптарын біріктіріп, ауылдағы мектептің меңгерушісі әрі мұғалімі етіп 17 жасар бозбаланы тағайындайды. 1943 жылдың ақпанында әскер қатарына алынып, Отан алдындағы борышын өтеуге аттанды. Алдымен Омбы қаласында алты айлық оқу-жаттығудан өтіп, сержант шенін алады. Артынша жеті-сегіз адам болып, Ресейдің Нижний Тагил қаласында 19-шы полктің танкистер дайындайтын екінші батальонына қабылданып, «командир орудия» қызметіне тағайындалады. «Командир орудия» деген – танктің ішіндегі зеңбірек атушы сарбаз. Сонда майдан даласында танкте жүріп соғысқа кірген қазақ балалары да некен-саяқ болған. Ол кездерді әкем де кейін еске алып айтқаны бар.
– Нижний Тагил қаласына келгенде, майдан даласына шығатын күннің жақын екенін білдім. Бір күні танктің ішінде зеңбірек ататын сарбаздардың барлығын жинап, сапқа тұрғызды. Кілең орыстың еңгезердей жастары сапты бастаған соң, мен олардың саясында қалып қойғандай болдым. Осыдан кейін танктің командирлері келіп, өздеріне бір-бір баладан бөліп әкетіп жатты. Ең соңғы болып мен қалдым. Бір кезде алып денелі, салмақты аға лейтенант Дедов дейтін кісі «пойдем» деп танк жаққа алып кетті. Көп ұзамай атыс алаңында дайындықты пысықтайтын кез де келді. Сондағы үздік нәтиже көрсетіп, аға лейтенант Дедовтың басқа командирлерге қарап мақтанғаны бар, – дейді әкем.

Сол командир Дедовтың мақтағанындай-ақ әкем соғыс жылдары қырағылығымен көзге түседі. Сондай-ақ әкем сол командирдің соғыс тактикасын шебер жүргізгенін әлі күнге дейін айтып отырады. Алдыңғы шепте жүрсе де, командирдің шеберлігінің арқасында әкем отырған танктің 5 сарбазы да көп соғыстан дін-аман шығыпты. Сондай соғыстың бірінде көп танкілер өртке оранып жатқанда командир Дедов қатты жараланып, госпитальге кетеді. Сөйтіп, көпке дейін сақталған құрам өзгеріп, басқа экипаж жасақталған.

Басқыншыларға тойтарыс беріп қана қоймай, елден ығыстыра қуған Кеңес жауынгерлері немістің Хойнице қаласына дейін барады. Одан кейін Руммельсбург, Полнов, Балтық теңізі жағалауындағы Кезлин, Штольп, Лауэнбург, Картузы, Диршау, Нойштадт қалаларын босатуға қатысып, Шығыс Померанияда фашистерді қоршауға алған кеңестік әскердің ішінде болады. Кескілескен шайқастың бірі – немістің мықты қорғаны саналатын Балтық теңізіндегі фашистердің бірінші класты базасы Гданьск (Данциг) қаласын басып алуы болды. Осы ұрыстағы ерлігі үшін әкем Әуесбек Бекболатов «Қызыл жұлдыз» орденімен марапатталған. Негізі әкем Польша бағытында, Балтық теңізінің жағалауында көп соғысқа кірген. Ал соғыс аяқталар тұста сәуір айындағы Берлин маңындағы шайқастың орны тіптен бөлек болған. Қанды майданның даласында қасындағы жолдастары жан тапсырып жатқан соғыстың бірінде әкем қатты жараланған.

– 1945 жылдың 26 сәуірінде таңғы сағат 6:00-де жасыл белгі (сигнал) берілді. Шабуылдауды білдіретін белгіден кейін барлаушы топ алда күшті қорғаныс шебі күтіп тұрғанынан хабардар еткен. Қару-жарақ дайындалып, алғы шепті атқылай шабуылдадық. Ондай сәтте көзіңе не көрінсе, соны қарауылға аласың. Бір уақытта танкі шайқалып кеткендей болды. Есімді білмей қалдым. Танкіге снаряд тиген екен. Ол оқтың танкінің ішіне кіріп қана қоймай, майда темір шашырататын қасиеті бар болатын. Ауыр жараландым. Оң аяғымның үлкен сүйегі сынды, екі қолымнан бірдей жараланып, танкінің ішінен өздігімнен шыға алмадым. Оң жақ төменде отырған украин жігіті радист-атқыш мерт болыпты. Механик-жүргізушіміз де жараланған, бірақ ол аяғына тұрып, сыртқа шықты. Танкіні оқтаушы дін-аман, механик-жүргізуші кейін басын таңып алыпты. Мен жоғары люктен шығуға талпыныс жасап едім, оң аяғым тіреуге келмеді. Екінші мәрте күшімді жинап, сол аяғымды тіреп шықпақшы болдым. Сол уақытта сырттан командирдің «тірі, тірі екен» деген дауысын естідім. Командир мені кеудемнен құшақтай тартып шығарып, жерге түсірді. Үшеулеп мені көтеріп алып, санитарлар жаққа әкелді. Онда санитарлар аяғымды тартып таңып тастады, – дейді әкем.

Зұлмат замандағы майдан даласында жүріп, неміс ауылдарына барғанын да жиі айтады. Онда ауылдардың жақсы дамып, жаңа технологияларды игеріп кеткенін, тіпті сол кездері төселген жолдардың өзі біздердің қазіргі жолдардай екен айтып отырады.

Жеңіске жетуге санаулы күндер қалғанда ауыр жараланған әкеме ота жасалады. Төрт ай бойы аяғы гипспен таңылған. Германия жерінде бір қаладан екінші қалаға, госпитальден госпитальге ауыстырылып жүріп, соңында Мәскеуге таяу қаладағы ауруханаға жеткізіледі. 1946 жылдың қаңтарында балдақпен жүре алатын жағдайға жеткенде, ол Ұлы Отан соғысының II топтағы мүгедегі болып елге оралды. Әрине, майдан даласында замандастарының оққа ұшқанын көру де оңай емес. Кеңес әскерінің жеңіске жеткенін көрмей кеткен сарбаздардың өзі қаншама?! Ұлы Отан соғысы сол үшін де майдан даласынан оралған күрескерлердің өмірінде өшпес із қалдырған.

Сөйтіп, майдан даласынан оралып ауылға келсе, апамыз әкемнің мұғалім болып жүргендегі қаулысын сандықтың түбіне сақтап қойыпты. Сол арқылы ауылдағы Қызылотау бастауыш мектебіне мұғалім болып орналасады. Ұстаздық қызметте жүріп, Жамбыл педагогикалық училищесінде (қазіргі Абай атындағы Жамбыл гуманитарлық колледжі) білім алып, оны үздік түлек ретінде тәмамдайды. 1949 жылы Абай атындағы Қазақ мемлекеттік педагогикалық институтына (қазіргі ҚазҰПУ) түсіп, оны 1955 жылы «Қазақ тілі мен әдебиеті» мамандығы бойынша үздік аяқтайды. Жоғары оқу орнын бітіргеннен кейін ғибратты ғұмырының 58 жылын ұстаздық қызметке арнайды. Оның 18 жылында оқу ісінің меңгерушісі, мектеп директоры сияқты жауапты қызметтер атқарған. Мемлекеттік қызмет саласында қызмет еткені де бар.

Соғыс жылдарындағы жастарды сол дәуірдің тіршілігі мен майдан даласы ерте есейткен. Соғыстан кейінгі жылдарын босқа өткізбей, нақты іспен айналысқан әкем де 96 жасқа таяп қалыпты. Қазіргі жастардың да бойында сондай табандылық болса, елі үшін қызмет ететін патриот жастардың қатары көбейер еді. Соған қарап көрінген нәрсенің жетегіне ермей, өзінің таңдаған бағытымен болашаққа қадам жасаған жастардың түбі жетістікке жететініне сенім білдіруге болады. Ұлы Отан соғысы жылдары майдан даласындағы жан алысып, жан беріскен жауынгерлердің отансүйгіштігі ғасырдан ғасырға жалғасып айтыла бермек. Тарих қойнауында өшпес із қалдырған батырлардың ерлігін үлгі ететін жастардың көп болу – Мәңгілік ел болудың кепілі екенін ұмытпайық!

Серікхан Бекболатов,
Нұрғиса Тілендиев атындағы облыстық мектеп-интернатының қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі

Пікір қалдырыныз

Your email address will not be published.