Қалалық қоғамдық-саяси газет

Шаттық ұялаған шаңырақтың ұйытқысы

0 600

Ана – адамды өмірге әкелетін қасиетті жан. Баласы үшін өзінің қуанышы мен тыныштығын, денсаулығы мен әдемілігін қашанда құрбан етуге дайын абзал жан. Баласы үшін тас емшегін жібітіп, тар жатырын кеңіткен ананың орнын адамзат баласы қашанда жоғары бағалаған.

Аналар күні – әлемнің көптеген елдерінде ананы құрметтеу, аналарға сүйіспеншілігі мен қамқорлығы үшін алғыс айту үшін атап өтілетін маңызды мереке. Биыл елімізде алғаш рет Аналар күні аталып өтті. Бұл күнді мамыр айының екінші жексенбісінде АҚШ, Канада, Германия, Италия, Бельгия, Дания, Финляндия, Эстония, Түркия, Жапония, Бразилия және Австралияны қоса алғанда 20-дан астам елде атап өтеді. Бірқатар басқа елдер бұл мерекені басқа күндері тойлайды. Осы мерекемен тұспа-тұс менің екінші анамның туған күні келіп отыр.
Теміржолшылар әулетіне келін болып түскен анамыз – Райжан елге сыйлы, еңбектің көрігінде қайнаған Аманқұл Алметовтің жұбайы, бүгін, міне, жетпістің жотасына шығып отыр.
«Жұмақтың кілті – ананың табанының астында». Міне, қасиетті дініміз де, халықтық таным да ананы ерекше қадір тұтып, осылай бағалайды. Райжан анамыз балаларына, өзінің отбасына ғана ақылшы ана емес, оның кең құшағына өзінен кейінгі түгел буын, тіпті әлем сыйып кеткендей. Ардақты жан ақ жүрегімен, таза көңілімен күтіп алып, барын немерелер алдына тосады. Емен-жарқын әңгімесін айтып, бауырына тартады. Әркез бар білгенімен бөлісіп, ақылын айтып, дұрыс жерімізді мадақтап, бұрыс кеткен тұсымызды тура айтып, ескертіп отырады. Аналық ақ батасын беріп, қуанышымызға қатар қуанып, тілектестігін білдіреді.
Міне, осындай береке дарыған әулеттен тараған бес бала бір-бір үй болып, өз салаларында табысты еңбек етуде. Оның ішінде үш бала әке жолын қуып, теміржол саласында жұмыс істейді. Үлкен қайын ағам Талғат бірнеше жыл теміржолда еңбек етіп, бүгінде халыққа қызмет етіп, мемлекеттік қызметке ауысқан. Әке берген тәлім-тәрбиенің арқасында елге сыйлы, ұжымдастарына қадірлі азамат біліктілігімен еленіп жүр. Екінші ұлы Мақсат осы салада тер төгіп келеді. Ал үшінші ұлы, менің жолдасым Асхат – Тараз қаласында полиция бөлімінің бастығы, полиция подполковнигі. Үйіміздің арулары – Салтанат әке жолын қууға шешім шығарып, теміржол саласында ұзақ жыл еңбек етіп, белгілі себептермен ол саладан бас тартқан. Ал Ләззат – бүгінде ұлағатты ұстаз.
Ардагер теміржолшы әкем мен ардақты анам Райжанның бүгінде жиырмаға тарта немере, бестен аса шөбересі бар. Әкеміз ұрпақтың панасы, үйдің басшысы әрі тәрбиешісі болды. Ол тек бір отбасының ғана емес, ауылдың, рудың қамқоршысы, ел ағасы бола білген кісі.

Ләззат АЛМЕТОВА,
№64 орта мектептің мұғалімі,
Тараз қаласы

Пікір қалдырыныз

Your email address will not be published.