Қалалық қоғамдық-саяси газет

Беглан Нұрмахамбет, жас кәсіпкер: «Табысты кәсіптің тетігі – жарнама»

0 208

Нарық саласында сауатты болу – кез келген жас жеткіншек үшін кәсіп бастаудың алтын кілті. Бүгінде бизнеске ерте жастан бейімделіп, бүгінін келешегінің мығым іргетасына айналдырып жүрген жастарымыз баршылық. Солардың бірі – Беглан Нұрмахамбет. 21 жастағы кәсіпкер редакциямызға келіп, алға қойған жоспарларымен бөлісіп, жас шағында тәуекелге қалай барғаны жөнінде айтып берді.

– Өз кәсібіңізді қанша жаста бастадыңыз?

– Бала кезімнен еңбекке жақын болдым. Алғашында «EST corporation» компаниясында қызмет атқарып, тәжірибе жинадым. Бір жарым жыл бұрын, 19 жасымда Тараз қаласында жиһаз жасау кәсібін зерделеп, түйсініп, қолымда болған 100 мың теңге қаражатпен өз ісімді бастап кеттім. Адамның тұлға болып қалыптасуына бала кезден алған білімі мен тәрбиесі, ортасы сеп болады. Менің де бұл тұрғыдан жолым болды. Қазір қаладағы «Жансая» мөлтек ауданында цехым бар. Тағы бір цех ашуға күш салып жатырмын. Қарамағымда 3 жұмысшы бар. Оларға ай сайын 70 мың теңге көлемінде айлық төлеймін. Негізгі бағытымыз – жұмсақ жиһаз жасау.

– Отбасыңызда кәсіппен айналысқан жандар бар ма?

– Жанұямда ешкім бизнеспен айналысқан емес. Бірақ өзімнен үлкен әпкелерім – азық-түлік дүкенін ашып, табыс көзін таба білген жандар. Олардан алған тәжірибем мол.

– Кәсібіңіздің сәтті болу сыры неде?

– Негізі, бұл істе ұтқан тұсым – жастығыма қарамай, тәуекелге бара білгенім деп ойлаймын. Бұл бизнес бастауды ойға алған әр азамат үшін маңызды. Ал өз кәсібімнің алға жылжуының негізгі тетігі – жарнама. Жарнамаң жақсы болса, тұтынушы да көбейеді. Мұны кәсіппен айналысып жүрген әріптестерім де мойындайды деп ойлаймын. Дұрыс берілген жарнама – табысты бизнес кепілі. Сондай-ақ тату әрі еңбекқор жұмысшылар құрамы жүрмей тұрған ісіңді гүлдендіріп жібереді. Сол себепті әр кәсіпкер қолынан іс келетін жандарды ғана жұмысқа алуы тиіс. Меніңше, ондай адамдарды тани білу – аса қажетті қасиеттердің бірі.

– Алғашқы уақытта қандай кедергілерге кезіктіңіз?

– Әлбетте, жас болғандықтан алғашқы уақытта кедергілер болды. Қателік жіберген кездерім де аз болған жоқ. Әсіресе, тапсырыс берушіге белгілі бір уақытты айтып, сол уақытқа үлгере алмай қалатын сәттер жиі кездесті. Одан бөлек, алғашында жұмыскерлердің айлығын уақытында жібере алмаған да шақтар есімде. Қаражат тарапынан кедергілер көп кездесті. Бәрінен бұрын салықты уақытылы төлеуге тырысатынбыз. Қазір әр салаға тиісті мамандар жауап береді. Жұмыс механизмі реттелген. Сол кездегі қиындықтар мен үшін тәжірибе болғаны рас.

– Құпия болмаса, қазіргі табысыңыз қандай?

– Бүгінгі табысым өзіме жетеді. Цех жұмысынан түскен қаражаттың барлығы екінші цехты іске қосуға жұмсалып жатыр. Алғашқы миллионымды 21 жасымда, өткен жылдың қазанында таптым. Ал екінші 1 миллион қаражатқа жер алдым.

– Ақшаны басқарудың тетіктерін қайдан, кімнен үйрендіңіз?

– 13 жастан бастап еңбекке ерте араласқандықтан, табыстың негізгі кілті саналатын жарнама, тұтынушы жинау сынды әдістерді жақсы меңгергенмін. Сонымен қатар біраз уақыт желілік маркетингпен де айналыстым. Мұнымен қоса, Қазақстандағы бизнес тренерлердің сабақтарына қатыстым. Еңбектерін оқыдым. Әсіресе, Аманжол Рысмендиевтің «Өрлеу», «Өзіңді оят!» деген еңбектері бизнестің қыр-сырын меңгеруге сеп болды. Қазіргі уақытта табысты болғысы келетін әрбір жас кәсіпкер Роберт Киосакидің «Богатый папа, бедный папа» кітабына көз жүгіртіп шығуы тиіс деп ойлаймын. Оратор-мотиватор Брайан Трейсидің де семинарларына қатыстым. Қалай болғанда да, әр жас қай салада болмасын өзіне инвестиция құюдан шаршамауы керек. Бұл жарқын болашақтың кепілі деп білемін.

– Кәсіпкерлікке талпынып жүрген қатарластарыңызға қандай кеңес бересіз?

– Негізінде өзім жас болғандықтан, әлі де үйренерім көп. Бірақ қатарластарыма айтар кеңестерім жоқ емес. Ең алдымен, қай салада бизнес бастасаңыз да, бастаған ісіңізді соңына жеткізуге тырысу керек. Яғни бірінші кеңесім – тұрақты болу. Көп ақша табудың есебімен әр саланың басын бір шала беру кәсіпкерді күйреуге алып келеді. Екінші кеңесім – уәдеге берік болу. Біз көбіне қарапайым халықпен, бизнес тілінде клиенттермен көп жұмыс істейміз. Ал тұтынушымен жұмыс істеу – өте нәзік дүние. Айтқан уақытта тапсырысты аяқтау, көңілінен шығу – табыстың негізгі кілті. Бұл – кәсіпкердің жауапкершілік деңгейін анықтап беретін фактор. Үшінші – мықты жігер. Еш уақытта болмашы кедергілерге берілмеу керек. Кез келген мәселенің шығу жолы бар. Мықты логика мен интуиция мәселенің мәнін әріден іздеп, қиындықтан шығуға жол бастайды.

– Шағын және орта бизнеспен айналысып жүрген жастарға көрсететін қолдауларды тиімді пайдалануға не кедергі?

– «Даму», «Бастау», «Бизнестің жол картасы – 2020» сынды бағдарламалардың жемісін көріп жатқан қатарластарымды білемін. Бірақ, шынымды айтсам, оған құжат жинауға уақытым жетпейді. Қағаз толтырып, әрі-бері жүгіріп сарсаңға түскеннен гөрі бар білім-білігімді өз жұмысыма жұмсап, белгілі бір деңгейге жеткен соң ғана мемлекеттің қолдауына ие болсам деймін.

– Бәсекелестіктің сіз үшін қандай пайдасы мен зияны бар?

– Оның ешқандай зияны жоқ. Ең алдымен, бәсеке бар жерде тауардың сапасы артады. Бәсеке бар жерде баға да тұрақты болады. Бұл тауарды тұтынушылар үшін тиімді. Үшіншіден, бәсеке арқылы қызмет көрсету саласының жұмысы реттеледі. Бұл біз үшін маңызды.

– Өзіңізді 10 жылдан соң қай салада көресіз?

– Қазір жасым 21-де. Келешекте кәсібімнің ауқымын кеңейтіп, көбірек адамды жұмыспен қамтығым келеді. Анығын айтқанда, 30 жастан кейін жылжымайтын мүлік сатумен айналысу ойымда бар.

– Тараздық кәсіпкерлердің қандай кемшіліктері көзіңізге оғаш көрінеді?

– Негізінде бизнес территория, климат, қала таңдамайды. Қолынан іс келетін адам шөл далада да бизнес бастай алады. Бизнестегі болмасын, басқа адамдардың көзіне анық байқалатын бірден-бір үлкен кемшілік – жарнаманың дұрыс жасалмайтыны. Қазіргідей қызмет көрсету сапасының жоғарылаған заманында жарнамаға көбірек көңіл бөлу кез келген кәсіптің алға басуына кепіл болады. Өкінішке орай, Тараздағы кәсіпкерлер осы дүниеде көп мүдіріп жатыр. Тағы айта кететін мәселе, кәсіп ашамын деп жүрген қатарластарым өздері тұратын аймақтың табиғатын, тұрғындарының қандай шикізатқа тәуелді екенін жан-жақты зерттеуі тиіс. Қай кезде де сұранысқа ұсыныс болған. Бола береді де.

– Биылғы жыл Жастар жылы деп бекітілді. Өзіңіз де жиырма бірдегі өрімдей бозбаласыз. Мемлекеттен осындай жауапты кезеңде қандай қолдау күтесіз?

– Тәуелсіздік пен еркіндіктің арқасында іс қылып, қолымызға құрал ұстап табыс тауып жатқан тірлігіміз алға жылжып жатыр. Айналамызға қорғанбыз. Арттағыға үлгі, алдағыларға үмітпіз. Өзім «маған елім не береді?» дейтін емес, «мен еліме не беремін?» дейтін жастардың қатарынанмын. Осы себепті де цех ашып, оны үлкейтіп, көбірек адамды жұмыспен қамтып, әр елдің басты капиталы болып саналатын тұрғындарға шамалы болса да мүмкіндік жасағым келеді. Әлбетте, жас кәсіпкерлерге ұсынылатын қолдаудың түрі көп. Мемлекет бизнеске бөлінетін арнайы гранттарды, бағдарламаларды игеруге, жылдам жүзеге асыруға мүмкіндік берсе екен деген ойым бар. Бұл жалғыз менің емес, қатарластарымның да қалауы. Ал мен кәсібімнің алға басуы үшін көбірек ізденіп, осы қаланың гүлденуіне, тұрғындарының ештеңеге мұқтаж болмауына өз септігімді тигізе берсем деймін.

– Әңгімеңізге рақмет!

Сұқбаттасқан Арайлы ЖАҚСЫЛЫҚ

Пікір қалдырыныз

Your email address will not be published.