Қалалық қоғамдық-саяси газет

Банкроттықтан шығудың жолы бар

0 276

Әрбір банкрот болған кәсіпорын қызметкерлерінің «кәсіпорынның жағдайы қалай болады?», «жасаған еңбегіміздің өтемін ала аламыз ба?», «кәсіпорын орындарында қала ма?» деген сияқты ойлар мазалайтыны анық. Сонымен қатар көбінесе банкрот болған мекемелер жұмысшыларының еңбекақысын өтей алмай, сотқа жүгінетіндер де баршылық.

Арайлым Шабденова

Осы орайда Жамбыл облысы бойынша Мемлекеттік кірістер департаменті «Қазақстандағы заңды тұлғалардың дәрменсіздігі туралы заңнамасын дамыту мәселелері» тақырыбында дөңгелек үстел ұйымдастырды. Оған қалалық мәслихаттың депутаттары, облыстық, қалалық соттың судьялары, екінші деңгейлі банк филиалдарының өкілдері мен АҚБ «Жетісу» банкроттық процедурадағы кәсіби меңгерушілер одағының әр облыстағы мүшелері қатысты. Жиында АҚБ «Жетісу» банкроттық процедурадағы кәсіби меңгерушілер одағының президенті Марияш Кабикенова сөз алып, дөңгелек үстелдің маңыздылығы мен мәніне тоқталды.

Жалпы банкроттық – кәсіпорындардың төлем қабілетсіздігі салдарынан өз жұмысын мәжбүрлі тоқтатуы. Мұндай жағдайда борышкер тек соттың шешімі бойынша ғана банкрот деп танылады. Кредиторлар талаптарын борышкер толық көлемде қанағаттандыруға дәрменсіз болған кезде туындайтын қоғамдық қатынастар, жеделдетілген оңалту рәсімі, оңалту рәсімін қолдану және борышкерді банкрот деп тану негіздері, сондай-ақ оңалту және банкроттық рәсімдерін жүргізудің тәртібі мен шарттары «Оңалту және банкроттық туралы» Заңында айқындалған. Банкроттық дегеніміз – сотпен қарызын толық өтей алмайтыны айқындалған соң, мекеменің борышын өтеу үшін жұмысын тоқтатуы. Бұл несие берушілердің қарызын қайтару үшін борышкерді барлық мүлкін сатуға мәжбүр етеді. Сот шешімі бойынша борышқорлық міндеттемесін өтеуге қабілетсіз кәсіпорындар қайта құрылуы мүмкін, яғни оған борышын өтеп, банкроттықтан шығу үшін мөлшерлі мерзім беріледі, ал кей жағдайда борышкер фирмалар мен мекемелердің, өнеркәсіптердің шаруашылығын тоқтатып, тарату ашық жарияланып, мүлкін сату арқылы немесе қаржы мүліктерін өнеркәсіптің өз адамдары сатып алу арқылы таратылады. Бұл жөнінде жиында кеңінен айтылды. Еліміздің әр өңірінен келген мамандар өз облыс орталығындағы жұмыстардың аяқ алысымен бөлісіп, ойларын ортаға салды.

– «100 нақты қадам» Ұлт жоспары – бес институционалды реформалары аясында 2015 жылы 13 қарашада Елбасы «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне оңалту және банкроттық мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Қазақстан Республикасы Заңына қол қойып, заңды күшіне 2015 жылдың 1 желтоқсанында енді. Өзгерістер бизнесті, жұмыс орындарын, салық төленетін базаны мүмкіндігінше сақтап қалуға, оңалту және банкроттық рәсімдерін өткізу мерзімдерін қысқартуға мүмкіндік берді. Мысалы, бизнесті сақтап қалуға бағытталған өзгерістердің бірі – банкрот деп тануға дейін және оңалту рәсімін қолданғанға дейін төлем қабілетсіздігін реттеу рәсімінің енгізілуі. Бұл «Оңалту және банкроттық туралы» Қазақстан Республикасының Заңына жаңа «Төлем қабілетсіздігін реттеу рәсімі» атты 2-1-тарауымен толықтырылып, борышкер мен кредитор арасында төлем қабілетсіздігін реттеу туралы келісім жасасу негізінде төлем қабілетсіздікті реттеу механизмін қолдану шарттары мен тәртібі қарастырылған. Төлем қабілетсіздігі белгілері орын алған жағдайда борышкер өзін банкрот деп жарияламай, төлем қабілетсіздігін реттеу рәсімін қолдану туралы сотқа жүгінуге құқылы, – деген Жамбыл облысы бойынша Мемлекеттік кірістер департаменті оңалту және банкроттық бөлімінің басшысы Алтай Жігітеков өңірдегі жүргізілген жұмыстардың нәтижесін де айтып берді.

Банкроттық рәсімін жүргізудің кез келген сатысында борышкер мен кредитор бітімгершілік келісімін жасауға құқылы. Бітімгершілік келісімге қол қоюға банкроттықты басқарушы да қатысады. Бітімгершілік келісімді бекіткенге дейін бірінші кезектегі кредиторлар талаптары толық көлемде өтелуі міндетті шарт болып табылады. Оны сот бекіткен сәттен бастап банкроттық рәсімі тоқтатылады. Қазақстан Республикасының оңалту және банкроттық туралы заңнамасын бұзу Қазақстан Республикасының заңдарында белгіленген жауаптылыққа әкеп соғады.

Қазіргі уақыттағы заң алдымен борышкер кәсіпорынды мүмкіндігінше сақтап қалуға бағытталған нормаларды қамтиды. Өйткені кәсіпорындардың жалпылама бәрінің банкроттыққа ұшырауы елеулі әлеуметтік салдарларға ұрындыруы мүмкін. Сондықтан да барлық нарықтық қатынас орнаған мемлекеттерде кәсіпорынды жалпы күйреуден қорғауға бағытталған белгілі бір механизмдер қалыптасқан. Мұндай механизмдердің негізгі элементтерінің біріне банкроттықты кұқықтық реттеу жатқызылады. Аталған заңда рәсімдерді оңтайландыруға және мерзімдерді қысқартуға бағытталған шаралармен қатар, елеулі кәсіпкерлерге өз бизнесін сақтау үшін жаңа тетіктер қарастырылған. Бұл туралы да жиында жан-жақты сөз болды.

Пікір қалдырыныз

Your email address will not be published.