Қалалық қоғамдық-саяси газет

Тіл білген төрге озады

0 175

Қаладағы №22 орта мектептің оқушысы Русалина Пряхина ТарМПУ қабырғасында екінші рет ұйымдастырылған «Өнер алды – қызыл тіл» байқауына қатысып, 100 пайыздық жеңілдікке қол жеткізді.

Арайлы Жақсылық. Суретті түсірген Ю.Ким

Орыс тілінде білім беретін мектептің оқушысы бала кезінен зерек, оқуда алғыр болған. Ол қазақ тілімен қатар, ағылшын тілін де жетік меңгерген.

– Бастауыш сыныпта қазақ тілінен үлгерімім төмен болды. Анам сабағымды жіті бақылауда ұстайтын. Әсіресе, қазақ тілі мен әдебиетіне деген қызығушылығымның оянуына анам себепкер болды. Есейген шағымда айналамдағы адамдарды бірден түсіну үшін қазақ тілін тереңірек меңгеру керектігін мойындадым, – дейді Русалина.

Русалинаның ұстазы Шакизат Мейірбекова бұл байқауда шәкіртінің жеңіс тұғырынан көрінетініне еш күмәнданбаған. Себебі 2-сынып оқып жүрген шағынан бастап оқушысының қазақ тіліне деген құштарлығы оянып, мемлекеттік тілді меңгеруге деген ынтасы күн санап үдей түскен. Аталмыш байқауға қала мектептерінен 17 үміткер қатысып, бақ сынаған. Алғашқы кезеңде Русалина Мағжан Жұмабаевтың «Түркістан» өлеңін жатқа оқып, қазылар алқасы мен көрерменді тәнті етті.

– Русалина мектеп қабырғасын аттаған сәттен бастап өзінің алғырлығымен көзге түсті. Қазақ тіліне деген құштарлығын танытты. Бұл – ресми тілде білім беретін мектептерде орын алған өзгеше құбылыс. Русалина қазақ тілінде өлеңдер жаттап, осы тілдің қасиетін бойына сіңіріп өсті. Қазақ тілінен пәндік олимпиадаларға қатысып, топ жарды. Әрбір оқу жылында тыным таппайды. Көп ізденеді. Бүгінде анасы да қазақ тілін меңгеріп жатыр. Шәкіртімнің осындай жетістікке жеткені мектебіміздің абыройын асқақтатты.

Келешекте Русалина ЖОО қабырғасында да өзін жақсы қырларынан танытып, биік белестерді бағындырады деген сенімдемін, – деді ұстаз.

Айта кететін жайт, Русалина осыған дейін ТарМУ-да өткен байқауда да бақ сынап, өңірдегі іргелі оқу орнының «Мәдени тынығу жұмысы» мамандығы бойынша грантын жеңіп алған болатын.

Расында, ұстаздан шәкірт озса сөзсіз сүйсінесің. Ал мемлекеттік тілдің мерейін үстем етіп, өз Отанының төл тілін көкке көтерген шәкірттен қалай айналмайсың?! Биылғы жылдың Жастар жылы болып бекітілуіне орай ұйымдастырылған байқаудың бас жүлдесіне ТарМПУ тарапы 100 пайыздық оқу жеңілдігін тігіпті. Русалинаның жанұясы үшін бұл жетістік – зор қуаныш. Ал жеңімпаздың өзі бұл жүлдеге үлкен өмірге ашылған жол деп баға береді.

Русалина Пряхина мектептегі жетістіктерінен бөлек, шаһардың қоғамдық өмірінде де белсенділік танытып келеді. Ол – жастар волонтерлік қозғалысының үйлестірушісі. Сонымен қатар 2 жыл қатарынан мектеп президенті ретінде өзінен кейінгі буынға үлгі көрсеткен. Күні ертең мектеп қабырғасынан қанат қағуға әзірлік жасап жүрген Русалина үш тілді жетік білумен қатар, әрбір оқушы барлық пәндерге аса жауапкершілікпен қарау керектігін айтады. Себебі әрбір заманауи адам уақыт көшінен шеткері қалмауы тиіс.

Пікір қалдырыныз

Your email address will not be published.