Ақпан айында қала әкімі Ержан Жылқыбаевтың халық алдындағы есеп беру жиыны басталады. Бұл – өткен жылды қорытындылап, келер күнге жоспар құратын жауапты кезең. Бүгінде көне шаһардың тынысын кеңейту мақсатында көптеген жұмыстар атқарылып жатқанымен, әлі де шешімін таппай жатқан мәселелердің бар екені белгілі. Әлбетте бұған бір ғана басқосуда шешім тауып, бұқараның барлығына басу айту мүмкін емес. Ендеше, тараздықтарды не толғандырады? Көптің көкейінде қандай түйткілдер жүр? Халық сөзіне құлақ түрсек…
Жылу жүйесі ретке келсе…
Тараздық Ақерке Әбілбекқызы өзі тұратын «Мыңбұлақ» ықшам- ауданындағы №55 үйде қыстыгүні жылудың аз көлемде берілетінін айтады.
– Бұл мәселемен жыл сайын ұшырасамыз. Көпқабатты тұрғын үйлердің пәтерлері өте суық. Тоңған тұрғындар амалсыздан жылыту пештерін қосуға мәжбүр. Ал бұл электр энергиясының төлемін өсіреді. Электр пештерінің де құны арзан емес. Осылайша жылудың жоқтығы қалтаға екі есе салмақ түсіріп отыр. Жауапты мекемелер бірнеше рет арнайы келіп, тексеріс жүргізген. Тіпті өткен жылы тұрғын үйіміз күрделі жөндеуден де өткізілді. Дегенмен жылу жүйесі әлі күнге ретке келмеуде. Қазір қауіпті індеттердің өршитін кезеңі. Суық үйде тұрмыс кешіп жүрген тұрғындардың ауру жұқтырып алмасына кім кепіл?! Оның үстіне шиттей бала-шағасы бар қаншама отбасы тұрып жатыр. Сондықтан бұл мәселені тез арада шешіп берсе деген тілегім бар, – дейді тұрғын.
Ескі ғимараттар есті шығарады
Қала тұрғыны Еркін Жапаров болса, көне қаламыздың келбетін жақсарту бойынша бірқатар ұсынысын жеткізді.
– Соңғы жылдары көне шаһарымыз- дың ажары ашыла түскені көңілге қуа- ныш ұялатады. Дегенмен әлі де қолға алынуы тиіс жұмыстар баршылық. Мәселен, облыс орталығындағы тозығы жеткен ғимараттар шаһардың сәнін бұзып тұр. Сондай-ақ абаттандыру жұмыстары да тиісті деңгейде жүргізіліп жатқан жоқ. Осыларға ең әуелі көңіл бөлінгені абзал. Сонымен қатар ескі бағаналарды жаңасына ауыстыру да артық етпейді. Тағы бір айта кетерлігі, көшелерде қазу жұмыстары жүргізілген соң, сол жерлерді ашық қалдырып кететін жағдайлар да көп кездеседі. Бұл да қаланың келбетіне нұқсан келтіруде. Бұдан кейін бизнес нысандары үшін берілген жерлерге тал-теректерді көбірек өсіру жолын да қарастыру қажет. Мысалы, «Талас» ықшамауданында орналасқан Зербұлақ көлінің жағалауында қаншама тал кесілді. Бірақ солардың орнына отырғызылған жас шыбықтарды байқамадық. Тұрғын үйлердің аулаларына ойын алаңдарын көптеу орналастырса, біріншіден, балалардың бос уақытын тиімді өткізуіне, екіншіден, шаһарымыздың ажарын ашуға тигізер септігі зор болмақ. Жалпы тек орталық көшелерге ғана емес, қала маңындағы алқаптарға да барынша назар аударылса нұр үстіне нұр болары сөзсіз, – дейді Еркін Серікұлы.
Қоқыс уақытында шығарылса
Зейнеткер Бибіайша Байжұманова №15 ықшамаудандағы қоқыс мәселесін біраз уақыттан бері көтеріп келеді екен.
– Өткен жылдың наурыз айынан бері осы ықшамаудандағы №6 үйде тұрып келемін. Содан бері қоқыс мәселесімен күресудеміз. Себебі қоқыс контейнерлері өте аз және талапқа сай емес. Айналасында қоршауы да жоқ болған соң желді күндері күл-қоқыс жан-жаққа шашылып, иісі қолқаны қабады. Мәселен, осындағы 6 үйге бар болғаны екі-ақ контейнер берілген. Тұрғындар көп болғандықтан, олар тез толып қалатыны түсінікті. Ал оны уақытында ешкім алып кетпейді. Кейде өзіміз «109» жедел желісіне хабарласып, қоқыс шығаратын көліктерді шақыртып аламыз. Бұл қандай қызмет сонда? Алдымен осы мекеменің жұмысын дұрыстау керек. Күлімсі иіс ауаға жайылған соң, адамдардың денсаулығына зиянын келтіреді ғой. Сондай-ақ шашылған қоқысқа қаңғыбас ит пен мысықтар да жиі келеді. Олардың арасында адамдарға ұмтылатын қабаған, құтырғандары да бар. Солар ертең аулада ойнап жүрген балаларды қауып алса, кім жауап береді? Сол біздің алаңдаушы- лығымызды тудырып отыр, – дейді Бибіайша Бақтыбайқызы.
Химиктер көшесіне жарық керек
Ал Әлім Батырхановты өзі тұратын көшенің әлі күнге жарықтандырылмағаны алаңдатуда.
– Өзім неше жылдан бері Химик көшесінің бойында тұрамын. Қас қарайған соң, осы көшенің бойымен жүрсеңіз қара түнектің құшағына енесіз. Маңайымыздағы Чехов, жоғары жақтағы Ниетқалиев көшелері самаладай жарқырап тұр, ал біздің көше бұл игіліктің шарапатын сезіне алмауда. «Айта, айта Алтайды, Жамал апам қартайды» демекші, бұл мәселені көтергенімізге он бес жылдың жүзі болды. Қақпаған есігіміз, баспаған табалдырығымыз жоқ. Жауапты мекемелер 2021 жылы көше толықтай жарықтандырылады деп сендірген. Ізінше көшеге бағаналарды орнатып, сымдарын тартып жатқанын көріп қуанғанбыз. Алайда бұл іс аяқсыз қалып, қуанышымыз су сепкендей басылды. Бағаналар сол күйі бос тұр. Кеш батқан соң балаларымызды маңайдағы дүкенге жіберуге қорқамыз. Жуырдағы төтенше жағдай кезінде бұл қорқынышымыз тіпті еселене түсті. Көршілеріміздің кейбірі өз күштерімен аулаларының алдына жарық орнатып алды. Алайда оған барлығының шамасы келе бермейді. Жергілікті атқамінерлер жарықсыз қалған көшеге «жарығын» түсіріп, назар аударса деген өтінішім бар, – дейді тұрғын.
Қоғамдық көлік – күн тәртібінде
«Шаңырақ» алқабының тұрғыны Жұлдыз Байсымақова алқапқа қатынайтын қоғамдық көлікке зәру болып отырғанын жеткізді.
– Бүгінде алқапқа қатынап жатқан тұрғындардың қатары артып келеді. Көпшілігі – көпбалалы жанұялар. Соған қарамастан, бір қоғамдық көлікке қолымыз жетпей жүр. Автобус жоқ болғандықтан, ата-аналар балаларын мектепке таксимен тасымалдайды. Ол үшін таң азанымен тұрып, жол бойынан такси тосуға мәжбүрміз. Такси жүргізушілерінің де жолақысы арзан емес, кемі 1000 теңге сұрайды. Бір үйден бірнеше бала мектепке баратын болса, қазіргідей қысылтаяң кезеңде оңайға соқпасы анық. Бұл мәселені блогерлер арқылы да сан мәрте көтергенбіз. Бірақ нәтиже шықпады, – дейді Жұлдыз Бекмұратқызы.
Арманы – асфальт
«Кірпіш зауыты» алқабының тұрғыны Эльмира Жұмашева бірқатар көшелерде асфальт жоқтығын алға тартты.
– Осы алқаптағы Хмелевский, Құрылысшылар, Стариков көшелерінде бірнеше уақыттан бері асфальт жоқ. Табиғат тосын мінез танытып, жаңбыр мен қар жауғанда соның машақатын әбден сезінеміз. Асфальт жоқ болған соң, батпақтан аяқ алып жүру мүмкін емес. Әсіресе мектепке баратын балалар лайды кешуге мәжбүр. Осының салдарынан жедел жәрдем көліктері де келуге қиналады. Қалада тұрсақ та, көне дәуірде өмір сүріп жатқандай күй кешудеміз, – дейді тұрғын.
Бұл шаһар тұрғындары көтерген өзекті мәселелердің бір парасы ғана. Ендеше, жергілікті атқамінерлер бұқараның базынасына ден қойып, оң шешімін табуға ықпал етеді деген үмітіміз басым.
Халық сөзіне құлақ түрген
Құрбанәлі Аманкелдіұлы