Тараздағы Тұңғыш Президент саябағында Қазақстан Республикасының Мемлекеттік рәміздері күніне орай «Рәміздер рухы – Конституция күші» атты салтанатты жиын өтті. Шараға Жамбыл облысының әкімі Ербол Қарашөкеев, шаһар басшысы Бақытжан Орынбеков, белсенді жастар, спорт саңлақтары мен тұрғындар қатысты.
Ең әуелі еліміздің көк Туы көкке көтеріліп, мемлекеттік Әнұран шырқалды. Келесі кезекте Ербол Шырақпайұлы жиналған қауымды мерекемен құттықтап, жылы лебізін білдірді.
– Мемлекеттік рәміздер – Тәуелсіз Қазақстанның айбыны мен абыройын айшықтайтын, халқымыздың бірлігі мен елдігіміздің тұғырын білдіретін қасиетті құндылықтар. Көк Туымыз, Елтаңбамыз және Әнұранымыз – мемлекетіміздің егемендігін, ұлттық болмысын және жарқын болашаққа деген ұмтылысын әлемге танытатын басты нышандар.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев мемлекеттік рәміздердің ұлттық бірегейлікті нығайтудағы және отансүйгіштік құндылықтарды дәріптеудегі ерекше рөлін үнемі атап келеді. Шын мәнінде, мемлекеттік рәміздер – халқымызды ортақ мақсатқа жұмылдыратын, елдік сананы қалыптастыратын рухани күш.
Биыл Мемлекеттік рәміздер күні республикалық референдумда қабылданған Конституцияның маңызы мен мәнін кеңінен насихаттау аясында «Рәміздер рухы – Конституция күші» тақырыбымен аталып өтуде.
Бұл бастама мемлекеттік рәміздердің мәртебесін көтерумен қатар Ата Заңымызда айқындалған әділеттілік, заң үстемдігі, қоғамдық келісім, бірлік пен жауапкершілік қағидаттарын кеңінен дәріптеуге бағытталған. Конституция мен мемлекеттік рәміздер – еліміздің тәуелсіздігін нығайтатын, мемлекетіміздің тұрақты дамуына негіз болатын басты құндылықтар, – деген аймақ басшысы патриотизмді нығайтуға, облыстың қоғамдық-саяси өмірінің дамуына үлес қосқан бірқатар азаматқа арнайы марапаттарды табыстады.
Мерекелік жиын барысында халықаралық білім, ғылым және шығармашылық бәйгелерінде ел намысын абыроймен қорғап жүрген дарынды оқушылар көпшілікке таныстырылды. Сонымен қатар әлемдік және республикалық ареналарда Қазақстанның көк байрағын желбіретіп жүрген танымал спортшыларға ерекше құрмет көрсетілді. Олардың жетістіктері жас ұрпаққа үлгі ретінде насихатталып, өскелең буынды биік мақсаттарға ұмтылуға жігерлендірді.
Шара аясында өнерлі өрендер мен шығармашыл жастардың қатысуымен патриоттық мазмұндағы қойылымдар мен әсерлі хореографиялық композициялар ұйымдастырылды. Сондай-ақ «Джитай» спорт клубының спортшылары көпшілікке арнайы көрсетілім ұсынып, жоғары дайындық деңгейі мен шеберліктерін паш етті.
Шара соңы жергілікті өнерпаздардың концерттік бағдарламасымен түйінделді.
Құрмаш ҚАПТАҒАЙ