Жамбыл облыстық қоғамдық-саяси газет

Ербол Қарашөкеев Жуалы жұртшылығымен кездесті

0 60
Жамбыл облысының әкімі Ербол Қарашөкеев Жуалы ауданының Қайрат ауылында тұрғындармен кездесу өткізіп, өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуы мен елді мекендердің өзекті мәселелерін тұрғындармен бірге талқылады.
Басқосу Мемлекет басшысының «Әкімдердің халықпен кездесулерін өткізу туралы» Жарлығына сәйкес еркін форматта ұйымдастырылды. Кездесу барысында аудан тұрғындары өз ұсыныс-пікірлерін білдіріп, көкейде жүрген сауалдарын тікелей облыс әкіміне жолдады.
Алдымен өңір басшысы облыстың даму жоспары мен биылғы төрт айда қол жеткізілген нәтижелерге тоқталды. Оның айтуынша, облыс экономикасында тұрақты өсім сақталып, негізгі көрсеткіштер бойынша оң серпін қалыптасқан. Жыл басынан бері экономикалық өсім 17,9 пайызды құрады. Өнеркәсіп өнімінің көлемі 20,6 пайызға, құрылыс жұмыстары 27,3 пайызға, көлік саласы 17,5 пайызға, сауда 4 пайызға, байланыс қызметтері 3,8 пайызға, ал ауыл шаруашылығы 2,2 пайызға ұлғайған.
  Агроөнеркәсіптік кешенді дамыту бағытындағы жұмыстар да жүйелі жалғасуда. Биыл бұл салаға облыстық бюджеттен 32,6 миллиард теңге субсидия бөлінген. Ауыл шаруашылығының жалпы өнімі 65,1 миллиард теңгеге жетсе, өсімдік шаруашылығында 665,4 мың гектар алқапқа ауыл шаруашылығы дақылдарын орналастыру жоспарланған.
Су ресурстарын тиімді пайдалану мәселесі де назардан тыс қалған жоқ. 2026-2028 жылдары жалпы ұзындығы 1298 шақырымды құрайтын 236 канал қайта жаңғыртылмақ. Қазіргі таңда 71 канал бойынша құрылыс-монтаж жұмыстары басталып, жүзеге асырылуда.
Мал шаруашылығында да оң көрсеткіштер байқалады. Ет өндірісі (тірі салмақта) 1,9 пайызға, сүт өндірісі 1,8 пайызға өссе, жұмыртқа өндіру көлемі 35,7 пайызға артқан. Ал «Ауыл аманаты» бағдарламасы аясында биыл 380-нен астам жобаны қаржыландыру үшін 7 миллиард теңге бөлу көзделіп отыр.
Халықты тұрғын үймен қамту бағытында да нақты жоспарлар белгіленген. Жыл соңына дейін 770 мың шаршы метр тұрғын үй пайдалануға беріліп, әлеуметтік осал топтар үшін 4,9 миллиард теңгеге 350 пәтер сатып алынбақ.
Инженерлік инфрақұрылымды дамыту мәселесіне тоқталған облыс әкімі бүгінде өңірдегі 357 елді мекеннің барлығы сапалы ауыз сумен қамтылғанын айтты. Сонымен қатар 284 елді мекенге табиғи газ жеткізіліп, халықты көгілдір отынмен қамту деңгейі 91,8 пайызға жеткен.
Жұмыспен қамту саласында да нәтижелі жұмыстар атқарылуда. Төрт айдың ішінде 9,1 мыңнан астам жаңа жұмыс орны ашылып, оның 7,4 мыңы тұрақты жұмыс орындары болды. Жұмыспен қамтудың белсенді шараларына 10,2 мың адам тартылып, жұмыссыздық деңгейі 4,8 пайызды құрады.
Әлеуметтік инфрақұрылымды дамыту шеңберінде биыл облыста 11 білім беру, 3 денсаулық сақтау және 12 спорт нысанын пайдалануға беру жоспарланып отыр.
Кездесуде Ербол Қарашөкеев Жуалы ауданының әлеуетіне ерекше тоқталып, оның ауыл шаруашылығы саласын дамытуға қолайлы, егістік алқаптары мол, сондай-ақ көлік логистикасы мен туризмді өркендетуге мүмкіндігі зор өңір екенін атап өтті.
Жиын барысында тұрғындар ауылішілік көшелерді жөндеу, жаңа мектептер мен спорт кешендерін салу, инфрақұрылымды жақсарту секілді мәселелерді көтерді. Облыс әкімі әрбір сұраққа жан-жақты жауап беріп, көтерілген ұсыныстар мен өтініштердің назардан тыс қалмайтынын жеткізді.
– Мемлекет басшысы өз Жолдауларында өңірлердің орнықты дамуы мен халықтың өмір сүру сапасын арттыруды мемлекеттік саясаттың басты басымдықтарының бірі ретінде айқындап келеді. Сондықтан жергілікті атқарушы органдардың негізгі міндеті – тұрғындардың әл-ауқатын жақсарту. Бұл бағыттағы жұмыстар барлық деңгейдегі әкімдердің үйлесімді іс-қимылы арқылы жүйелі түрде жүзеге асырылады. 
Халық игілігі жолында атқарылған әрбір іс – қоғамдағы бірлік пен татулықтың, өзара сенім мен жауапкершіліктің нақты көрінісі. Бүгінгі жетістіктердің барлығы тұрғындардың қажырлы еңбегі мен ортақ мақсатқа жұмылған күш-жігерінің нәтижесі, – деді облыс әкімі.
Кездесу қорытындысында облыс басшысы Жуалы ауданының әкіміне жүзеге асырылып жатқан жобалардың белгіленген мерзімде аяқталуын қамтамасыз етуді, мемлекеттік сатып алу рәсімдерінің заң талаптарына сай әрі уақытылы жүргізілуін қадағалауды, бюджет қаражатының тиімді игерілуін бақылауды тапсырды.
Сондай-ақ аудандық полиция бөлімі мен төтенше жағдайлар қызметіне қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз ету, қылмыстың алдын алу, жол қозғалысы қауіпсіздігін сақтау және төтенше жағдайлардың алдын алу бағытындағы профилактикалық жұмыстарды күшейту міндеті жүктелді.
Пікір қалдырыныз

Your email address will not be published.