Жамбыл облыстық қоғамдық-саяси газет

Өлеңі өмірдің өзіндей

0 152

Шығыс шайырлары жырға қосқан киелі Әулиеата топырағы – талай дарынды түлеткен, жыр мен сөздің қасиетін қастерлеген құтты мекен. Бұл өңір – қашанда ақындардан кенде болмаған, талай дүлдүлдің үні мен рухы тоғысқан қасиетті орта. Сол рухани керуеннің жалғасында нәзік лирикасымен оқырман жүрегін тербеген ақын, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты Күләш Ахметова да бар.

Әдебиет – ұлттың жаны, халықтың жүрегінен шыққан шындықтың шырағы. Ол заманның үнін жеткізіп қана қоймай, адамзаттың ішкі әлемін, сезім мен санадағы нәзік құбылыстарды бейнелейтін киелі өнер. Әдебиет арқылы халық өз тарихын танып, рухани тамырын тереңдетеді, болашаққа бағдар алады. Қай кезеңде де сөз құдіретін ту еткен ақын-жазушылар ұлттың рухани тірегіне айналып, көркем ойдың көкжиегін кеңейтті. Ал Күләш Ахметова – қазақ поэзиясында өзіндік үні, нәзік лирикасы мен терең ойлы жырларымен танылған көрнекті ақындардың бірі. Оның шығармашылығы адам жанының иірімдерін, әйел табиғатының сыршылдығы мен махаббатты ерекше әсерлі жеткізе білуімен құнды. Мысалы ақынның «Хабарласпай кеткенің дұрыс болды» атты өлеңіне көз жүгіртейік:

«Көңілі таңғы судай салқындасын де ген шығарсың,
Оңаша қаймығып, ән тыңдасын деген шығарсың.
Менен басқа өмірді де есіне алсын де ген шығарсың,
Егіліп жыларсың да басыларсың деген шығарсың.

Май айында басынан күзді өткерсін деген шығарсың,
Сүйетіні шын болса, іздеп келсін деген шығарсың.
Мейрамда да қуанбай, мұңға батсын деген шығарсың,
Сынық жүзден суық мұз сырғанатсын деген шығарсың», – дейді автор.
Оқып отырсаңыз, бұл өлең – ішкі күйзеліс пен сезім сабырын қатар арқалаған лирикалық туынды. Ақын жүрегіндегі мұң мен намыс, сағыныш пен салқындық бір-бірімен астасып, нәзік психологиялық иірімдер арқылы берілген. Бәріміз білетіндей, көп қаламгер «хабарласпай кеттің» деген күйді тікелей мұң, өкпе, сағыныш арқылы береді. Яғни, эмоцияны сыртқа шығарады. Ал бұл өлеңде лирикалық кейіпкер керісінше, сол ауырлықты іштей қорытып, қарсы тараптың әрекетін түсінуге тырысады. «Деген шығарсың» деп қайта-қайта ой жүгіртеді. Жалпы, ақын бұл өлеңде бәріне таныс сезімді жаңаша ракурстан көрсетіп, оны терең мағынаға айналдыра алғанымен көп қаламгерден озық тұр.
Дәл осындай оқырман жүрегінен жол тапқан ақынның махаббат тақырыбындағы «Сіз осы шыныменен білмейсіз бе» атты өлеңін бірге оқиық:
«Сіз осы шыныменен білмейсіз бе,
Кезігіп қала берем бірдей сізге?
Сіз жүретін жерлерде, әлде мені,
Адасып, не ерігіп жүр дейсіз бе?

Қара көзден қашсаңыз, несіне ерсіз,
Бір әдемі бақытқа кешігерсіз.
Қарап қалсам, өтесіз көрмегенсіп,
Оңбағансыз, не деген, кешірерсіз».
Жыр сүйер қауымға бұл өлең жолдары – кездейсоқ кездесулерге арқау болған нәзік сезімнің көркем көрінісін көз алдыңызға алып келеді. Лирикалық кейіпкердің ішкі толғанысы, ұнатқан жанның салқынқандылығына деген өкпе-назы шынайы әрі әсерлі берілген. Ақын риторикалық сұрақтар мен қарапайым тіл арқылы махаббаттың біржақты сәттерін, жүрек қимылын дәл жеткізеді.
Хош, Түркияға жолы түсіп, Стамбұл қаласына барған саяхатшының қабырғасына ғасырлар үнін сақтап тұрған ең киелі әрі ең даулы тарихи ескерткіштердің бірі – Айя-София мешітіне соқпайтындары кемде кем.
Бұл ғимарат тек сәулет өнерінің жауһары ғана емес, Шығыс пен Батыстың, христиандық пен ислам өркениетінің тоғысқан символы ретінде адамзат тарихында айрықша орын алады.
Ақын «Айя-София» атты өлеңінде:
«Бар ма екен адамзатта бүтін бауыр,
Бір кезде жолықпайтын үкімге ауыр?
Киелі қабырғалар арасынан
Өтіп бара жатқандай бүкіл дәуір» – деп жырлайды автор.
Әрине, 537 жылы Византия императоры I Юстиниан тұсында бой көтерген Айя-София әуелде христиан әлемінің ең ұлы соборларының бірі болды. Алайда 1453 жылы Осман империясы Константинопольді жаулап алғаннан кейін бұл қасиетті мекен мешітке айналды. Ақынның «киелі қабырғалар арасынан» сол тарихи кезеңдерді көкірек көзімен көргені анық. Жүрегіне жыр тылсым әлемнен құйылып түсетін ақын жаны көзге көрінбес әлеммен тіл табысады, сезеді, біледі. Қасиетті Құранда да «Пайғамбарлардан соң өмірге ақындар келеді» деген сөз бар екен. Сол ақынның бірі – Күләш Ахметова екені анық.
Түркия демекші, Күләш ақын – тек қазақтың ғана емес, күллі түркі жұртының рухани бірлігін жырлаған қаламгер. Ол қазаққа тән бауырмалдық қасиетті биік қоя отырып, түбі бір туыстас халықтардың тағдырын, тамырлас тарихын, ортақ мұратын өз поэзиясына арқау етті. Соның айқын дәлелі – поэзиямыздың ақ гүлінің «Түбі бір түрік» атты өлеңі.
«Аллаға сеніп, құдіретіне сыйынып,
Әзіз бауырлар, оралдыңдар ма жиылып?!
Ата жұрт – осы.
Арада – мың жыл көрмеген,
Тізе бүгіңдер, киелі топыраққа иіліп.
Көп заман бөлігі, көп жасқа толды көздерім,
Көздерім менің көздерін көрді өзгенің…
Өздерің келіп,
Қызғанбай айттым ақтарып
Жүз жылдап жиған жүректің гауһар сөздерін», – дейді жыр жүйрігі.
Бұл туындыда ақын түркі халықтарының тарихи тамырының бір екенін, рухани үндестігін тебірене жырлайды. Әрине, бодандықтың бұғауында ұзақ шырмалған қаймана қазақ үшін еркіндік таңы атқан сәт – жүрекке жылу құйған ұлы қуаныш еді. Сол сәтте түбі бір түркі жұртымен қайта қауышу – соғыстан аман оралған баласын қуанышпен, сағынышпен қарсы алған ананың көз жасындай еді.
Ал енді жоғарыдағы жыр жолдарымен тамырласып жатқан шайыр- дың «Замандар заңы» өлеңінің бастапқы бір шумағына назар аударайық:
«Түркістан. Тұран. Бір кезде тұлғалы мекен,
Тұнығындай қайнардың мұңданып өтем.
Туған жерге деген бұл махаббатпен
Мың жыл бұрын біз неге тумадық екен?!» – дейді қуатты қаламгер.
Ойлы оқырманға бұл өлең – тек поэтикалық толғаныс қана емес, түркілік тарихи жад пен қазіргі ұлттық сананың арасындағы рухани көпір іспетті туынды. Автор Түркістан мен Тұранды жай ғана географиялық атау ретінде емес, тұтас өркениеттік кеңістік, рухани тамыр ретінде алып, сол кеңістіктің бүгінгі ұрпақ санасындағы жаңғырығын іздейді.
Өлеңнің алғашқы жолдарынан-ақ «Түркістан. Тұран. Бір кезде тұлғалы мекен» деген тіркес- тер арқылы өткеннің ұлылығына ишара жасалады. Бұл – тарихы терең, мәдениеті биік кеңістіктің бүгінгі санада көмескіленіп, сағыныш пен мұңға айналған бейнесі. «Мың жыл бұрын біз неге тумадық екен?!» деген риторикалық сұрақ – ақындық қиялдың шегіне жеткен тұсы. Мұнда уақыт пен ұрпақ арасындағы үзіліс сезімі айқын көрінеді.
Қазақ халқы ежелден әйел затын нәзіктіктің, сұлулықтың, ар-намыс-тың символы ретінде қастерлеген. Ауыз әдебиеті мен көркем шығармаларда Баян сұлу мен Қыз Жібек – мөлдір махаббаттың, кіршіксіз сезімнің бейнесіне айналды. Ал ән әлемінде Ғалия, Қорлан, Ардақ сынды арулардың есімдері мәңгілік әуез болып қалықтап тұр.
Бірақ сол сұлулардың бүгінгі сіңлілері қайда? Кешегі бір үйдің ұйытқысы, шаңырақтың шырағы болар қыз-келіншектердің кейбірі бүгін базар жағалап, тағдырдың тау- қыметін арқалап жүр. Өткен-кеткенге жаутаңдай қарап, үміт пен күдік аралас жанарымен күн кешуде. Заманның салқыны ма, әлде өмірдің ащы сабағы ма – бұл сұрақ әр жүректі толғандырады. Осындай ойымызға әлеуметтік шындықты арқау еткен ақынның «Базардағы әйелдер» өлеңі оралады.
«…Құндағынан адал туған ұлға зар,
Жер-Ананың бір мысалы – бұл базар.
«Алыңыз да, алыңыз» деп тұрғандай,
Біздің жаққа аударылып кіл назар.

Мына заман – бір қауесет, бір аңыз.
Ханым, сіздің сіңіліңіз-ау мына қыз…
Қап арқалап келе жатыр қайысып,
Қап ішінде – елдік ұят, күнәміз.
Сіңліңіздің бар сияқты бөпесі,
Бөпесінің жоқ сияқты көкесі.
Бөпесіне сүт беретін мезгілде
Жүк көтеріп келе жатқан беті осы.

Секем алдым. Сейілмеді сұр тұман.
Сұр тұманнан суырылып бұлқынам.
Кімдерге олжа – тұтас ұлтты айыру
Уызынан, тамырынан, ғұрпынан?!

Қазағымның шаңырағында кие мол.
Қасиетінен айырғанды сүйе ме ол?!
От Анасы, ошағыңа орал сен,
От Анасы, бесігіңе ие бол!» – дейді ақын. Ақыннан асырып ештеңе айта алмаспыз. Ары қарай басқа өлеңдеріне үңіле берейік.
Жалпы, көктем мезгілін әр ақын әртүрлі деңгейде, өз әлемі мен түйсігі арқылы жырлайды. Мәселе жырлауда емес, сол мезгілді оқырман жүрегіне жеткізуде. Қаламы қарымды Күләш ақын – қай тақырыпқа қалам тартса да, сол тақырыпта құлашын кең жайған қуатты ақын. Ол кейбір ақындар сияқты «көктем келді, ағаштар гүл ашты» деп қана қоймайды. Ағашты адам кейпіне айналдырады. Мұзбалақ ақын Мұқағалидың қайыңмен мұңдасқанындай Күләш ағаштармен әңгімелеседі. Мысалы:
«…Мұндай кезде қалайша тыншымақ қырлар,
Күндіз сезген қуатын күншуақтың қар.
Қас қарая толғатқан ана – ағаштар,
Таң ата талықсып барып, бүршік аттыңдар!
Көктем ғой бұл жылынар суық құмдар да.
Көк теректер, айтпай-ақ мұны ұқтыңдар ма?
Күн нұрымен маужырап қалғисыңдар,
Түні бойғы күресті ұмыттыңдар ма?
Күн шыққанда тұрсыңдар жасыра алмай,

Шуақ кескен көк бүршік – кіндіктеріңді», – дейді автор «Көктем, көк теректер» атты өлеңінде. Аталған өлеңде ақын табиғатты жанды бейнеге айналдырып, оған адамға тән мінез, сезім, тіпті тағдыр береді. Мұнда күншуақ – табиғаттың қуатын оятатын күш ретінде суреттелсе, түнгі тыныштық – ішкі күрес пен дайындық кезеңі ретінде беріледі.
Жалпы, қолына қалам алған әр ақын, ең әуелі, кіндігі кесілген киелі топырақты жырына арқау етеді. Сағынғанда қиял тұлпарының жалына жармасып, туған жеріне жетуге асығады. Біздің кейіпкеріміз Күләш Ахметова да құс қанатына мініп, Үшаралына ұшқысы келеді, ол арманын туралы «Үшарал» деген өлеңінде:
«Дейді көңілім «Үшаралға ұш, орал»,
Ұшсам саған ыстық самал құшар, ал
түндерің ше?
Гауһар жұлдыз мұхиты
Сенен басқа еш жерде жоқ Үшарал!
Гауһар еді, жұлдыздары от еді,
Сыңғыраған даусы жерге жетеді.
Сүттей жарық түндеріңді ойласам,
Жүрегіме жұлдыз толып кетеді, – дейді ақын. Әрине, әр адамның өз «Үшаралы» бар. Алыста жүргенде туған топырағына жетуге асығады. Дәл осы сағынышқа оранған жанның сезімін, жүрек қалауын Күләш Ахметова әсерлі бейнелейді.
Ақынның кітабын ақтарып отырып, «Мәдидің монологы» деген өлең көзімізге оттай басылды. Болашақты болжаған сияқты. Кешегі кер заманда өмірі қуғында өткен әйгілі күрескер ақын Мәдимен мұңдасқан поэзия падишасы сол өлеңінде:
«Ел болатын, тең болатын барша жан,
Заман келер, Әділетті болса заң,
таланттарын танып елім алғанша
Қайда барам?!
Домбырама қол созам…», – деген екен.
Иә, біз екінші өмірі басталған ақынның талантын бір ғана мақаламен толық танып, аша алмайтынымыз анық. Тек теңіздің тамшысындай ғана дүниесіне тамсанып өттік. Бір анығы – ақынның әр өлеңі оқырман жүрегіне домбыра шанағынан төгілген күйдей құйылып, жырдың сиқыр әлеміне жетелеп әкетері сөзсіз.

Жұматай КӨКСУБАЙ

Пікір қалдырыныз

Your email address will not be published.