Әу баста Жаратушы иеміз әр адамның басына бір өнерді еншілеп берері анық, ал сол талантты таудай ету – сол пенденің өз қолында. Дегенмен, кейде Тәңірдің назары түскен бір жанға бірнеше өнерді үйіп-төгіп сыйлайтыны бар. Ондай адамдар, сірә, миллионнан біреу ғана болар. Сондай сирек дарын иелерінің бірі – жампоз жазушы, арынды ақын, алтын дауысты әнші, сахнаның сәнін келтірген актер, сан жүректі тербеткен сазгер Ермұрат Зейіпхан еді. Әттең, құлагердей азаматқа ажал құрғыр Батыраштай тосыннан төніп, қырықтың қырқасына енді ғана көтерілген шағында келместің кемесіне мініп кете барды. Ал қазақ өнері бір асылынан айырылып, аһ ұрып қала берді.
Болашақ сахна саңлағы 1966 жылы 15 маусымда жерінде жеті өзен тоғысқан Жетісудың төрі – Іле облысының Күнес ауданында дүниеге келген. Орта мектеп пен өнер институтын туған жерінде тәмамдаған талантты жас Тәуелсіздіктің таңы атар алдындағы 1991 жылдың күзінде аңсаған атажұртына оралады. Осылайша Т.Жүргенов атындағы Өнер академиясында білім алып, жазушы, драматург Әкім Таразидің шеберханасынан мамандығы бойынша шыңдалып шығады.
Өнер мен әдебиетті қатар серік еткен дарын иесінің «Сыбызғы сарыны» атты алғашқы прозалық жинағы 1999 жылы жарық көрген екен. Аталған еңбекке «Әдебиеттің әкімі» атанған Әкім Тарази жоғары бағасын беріп, жылы лебізін білдіріпті. Сондай-ақ қабырғалы қаламгер Қабдеш Жұмаділов: «Ермұрат талантымен, тағдырымен, өнерімен және бөлек болмысымен бәрімізді мойындатты. Оны күні кешегі серілердей көрдік. Өлеңі қандай, прозасы қандай, әндері қандай еді?!.» – деп емірене еске алған екен.
Хош, жалынды жас Ермұрат академияны тәмамдаған соң Абай атындағы опера және балет театрына арнайы шақыртумен қызметке қабылданады. Мұнда «Қыз Жібек» спектакліндегі Бекежанның, «Абай» операсындағы Көкбайдың бейнесін сахнада шебер сомдап, өнерсүйер қауымның ықыласына бөленеді. Ал 1997 жылдан бастап үш жыл бойы М.Әуезов атындағы қазақ мемлекеттік академиялық драма театрында еңбек етіп, «Қарагөз» спектакліндегі Асан салдың, «Әли және қырық қарақшыдағы» Хасанның, «Қилы замандағы» хабаршының рөлдерін жоғары деңгейде орындап, көрерменнің ыстық ықыласына ие болады. Өз сөзімен айтқанда «музыка әлемі өзіне тарта берген» Ермұрат 2000 жылдан өмірінің соңына дейін ҚР Қорғаныс министрлігінің Орталық ансамбльінде негізгі әнші әрі фольк-лор бөлімінің көркемдік жетекшісі қызметін атқарды.
«Өнерді адам өзінің жан дүние- сінде шыңдаса керек. Сенің ішкі әлеміңнің хабаршысы да – сол. Атамекенге алғаш оралған жылдары арғы бетте әртүрлі тарихи себептермен қалып қойған ағайындарымның, туған-туыстарымның, қала берді бүкіл Іле жұртының үшбу сәлемін, сарғайған сағынышын қарға тамырлы қазақ баласына қалай жеткізем деген мазасыз сезіммен жүрдім. «Күнес-ай» дейтін әнім сол шақтардың жемісі. Ал тәуелсіздік алған Отаным үшін шаттықтан тасып-төгілген ең бір аяулы сезімдерім «Көк тудың желбірегені» әні боп шырқалды», – депті талантты тұлға өзінің бір сұхбатында.
Иә, Республика күні, Тәуелсіздік мерекесі, Мемлекеттік рәміздер күні, Отан қорғаушылар күні секілді елдік рухты асқақтататын айрықша мерекелерде, сондай-ақ олимпиадалар мен әлемдік ареналардағы дүбірлі спорт жарыстарында көк байрағымыз көкте қалықтағанда әр қазақтың жүрегін ерекше толқыныс билейтіні анық. Сондайда телеэкраннан, әлеуметтік желіден немесе мерекелік сахналардан қалықтай жөнелетін:
«Көк тудың желбірегені –
Қазақтың асқақ беделі.
Махаббат, қайрат екеулеп,
Шымырлатқаны денені.
Көк тудың желбірегені
Жаныма қуат береді.
Таласқа түссе жан мен ту,
Жан емес, маған керегі», – деп басталатын бұл рухты ән елдің бойына жігер құйып, отаншылдық сезімді оята түседі. Бұл әнді естіген сайын көк тудың астында біріккен халықтың рухы асқақтап, жүрекке мақтаныш сезімі ұялайды.
Бүгінде бұл туынды Тәуелсіз Қазақстанның рухани символына айналып үлгерді десек, артық емес. Түрлі патриоттық бейнежазбалар мен салтанатты шаралардың көркін қыздырып, халықтың жүрегіне жол тапқан әнді тыңдамаған қазақ кемде-кем шығар. Алайда көпшілік «Көк тудың желбірегені» әнінің авторы Ермұрат Зейіпхан екенін біле бермейді.
– Біз кейде өзіміз ыңылдап айтып жүретін әндердің авторына аса мән бермейміз. Көңілге жақын әуенді жаттап алғанымызбен, оның артында тұрған тағдыр мен талантты еске алуға асықпаймыз. Мәселен, Ермұрат Зейіпхан есімін атай қалсаңыз, көпшілік тосырқап қалуы мүмкін. Ал «Көк тудың желбірегені» әнін естігеннен-ақ елдің жүрегі елең ете қалатыны анық.
Ермұрат Зейіпхан – қазақ өнеріндегі сирек құбылыстың бірі еді. Себебі ол ақын, сазгер, әнші, актер болды. Осынша өнердің бәрі бір адамның бойынан табылуы оның шын мәнісінде де табиғи дарын иесі екенін аңғартады. Сондықтан да Ермұраттың қай қырына үңілсеңіз де, тұтас бір шығармашылық әлем ашылады. Оның шығармаларынан ұлттық рух, еркіндік, елге деген сағыныш пен махаббат айқын сезіледі. Мәселен, «Күнес-ай» әні. Бұл әннен де туған жерге деген ұлы сағыныштың сарыны анық аңғарылады. Жалпы, Ермұраттың өнерін бір ғана жанрмен шектеу мүмкін емес. Оның поэзиясында да, әні мен әншілігінде де, сахналық бейнесінде де біртұтас мінез бар, – дейді ақын, журналист Олжас Сәндібек.
Әрине, туған жерін жырға қоспаған ақын, әуенге айналдырмаған композитор кемде-кем шығар?! Ермұраттың жүрегінен жарып шыққан «Күнес-ай» әні сондай ғажап туынды. Аталмыш ән туған жерге деген сағыныштың, ел мен жерге деген перзенттік махаббаттың көркем көрінісі. Көкөрім шақтан құлындай аунап өскен Күнесін құшағына алып, көкке көтеріп-ақ кеткісі келеді. Әр ақынның арманы, сазгердің сезімі солай-ақ болар, сірә.
«Өрікті арал, Жаутоғай тұнып
тұр
бір сезіммен.
Көкшоқы анау ботам деп боздап
тұрған боз інген.
Боз жусаның боз інген, көне зират
көзіңмен.
Тік көтеріп төбеме әкетсемші-ай
өзіммен!» – деп асқақтата шырқалатын бұл әнді бүгінде қазақ эстрадасының жарық жұлдыздары Алтынай Жорабаева, Гауһар Қаспақова қатарлы әншілер орындап жүр.
Халқымыз «бес күндік жалған дүние» деп уақыттың өткінші екенін айтады. Өмірдегі еншісіне «көген алмай, өлең алған» ақынның мына бір жыр жолдарына үңілсек:
«Өлшемді өмір,
Өлшеулі бәрі әу баста,
Жау, қаста-дағы,
Тірлік жоқ тыныш, дау қаста.
Бозторғай, бұлбұл, бақаның әні әр басқа,
Ал мен – жеті музасы ояу марқасқа», – деп жырлапты.
Оқып отырсаңыз, бұл өлең шумағы – өмірдің заңдылығы, тіршіліктің қайшылығы және ақынның өз болмысын астастыра суреттеген терең философиялық толғаныс. Ақын, ең алдымен, дүниедегі барлық нәрсенің белгілі бір өлшеммен жаратылғанын алға тартады. Шумақтағы «Бозторғай, бұлбұл, бақаның әні әр басқа» деген жолдар табиғаттағы әр құстың, әр жаратылыстың үні бөлек болғаны сияқты, адамдардың да болмысы, мінезі, өнері, танымы әртүрлі деген терең астар жатыр. Өнер – таза адамның бойына бітеді. Сосын ол өлмес туындылардың өмірге келуіне ықпал етеді.
Түркі халықтары ежелден бөріні киелі, тектіліктің, еркіндіктің, қайсарлықтың символы ретінде таныған. Сондықтан да олар бөріні өздеріне тотем санаған. Ежелгі түркі мифологиясында көк бөрі – жол көрсетуші, қорғаушы, құтқарушы бейне. Әсіресе, Ашина туралы аңызда жау шапқыншылығынан аман қалған баланы көк бөрі асырап, кейін одан түркі тайпалары тарайды деген наным бар. Ермұрат Зейіпханның «Мөде ханның сөзi» өлеңін бірге оқыйық:
«Түлкiлiгiңнен
Түркiлiгiм биiк!
Есiмдi жиып,
Көк бөрi кебiмдi киiп,
Белiңдi иiп,
Қылтаңды қиып жiберемiн.
Бөрi деген қолға үйренбейдi екен
де.
Именбейдi екен де.
Дос болса – ажар!
Тажалға ажал екен де.
Жалпақ әлемге аузын бiлеп,
Тырнағын созады екен де!
Солай де!» – деп жырлапты ақын. Иә, Мағжанмен мақамдас ақынның бұл өлеңінде көне ғасыр қойнауынан жеткен Күлтегін жырының қоңыр сарыны күмбірлеп тұрғандай.
Кейде талантты жандарға Тәңір өмірден ерте аттанатын сездіретін сияқты. Мысалы, Қарасаздан қанаттанған мұзбалақ ақын Мұқағали Мақатаев: «Ұйықтап кетсем болғаны төсегімде, қырықтың бесеуінде» деп жырлаған өзінің 45 жасында келмес сапарға аттанды. «Ұйықтап кетсем бір күні, оянбай қалам…» деп шырқаған қазақтың бард ақыны Табылды Досымов та дәл Мұқағалиға бұйырған 45 жасында жасындай жарқырап кете барды. Бес күн жалған дүниенің бастан өтерін Ермұрат та сезді, ақын жүрегі білдірді. Қаламын қолына алып, ақ параққа: «Тәңіртау – сен пәнилік, мен бақилық, тым құрыса өзің жайлы сөзім қалсын», – деп төгілді. Өнерде өз биігін қалдырған перзенттің туған елімен, жерімен қоштасқаны болар бұл өлеңі. 2011 жылы арда азамат 45 жасында өнер аспанынан құйрықты жұлдыздай ағып өтті.
Жақындары Ермұраттың бала күнінен суретші болуды армандап өскенін айтады. Тағдыр оны қылқалам ұстатқан суретші етпесе де, өмір өз өрнегін басқа арнаға бұрды. Ол бояумен емес, сөзбен сурет салған қаламгерге, жүрек қылын тербеген әуезді әндер жазған сазгерге айналды. Сондықтан да Ермұрат халық жадында бүтін болмысы өнерден жаралған суреткер тұлға ретінде сақталары сөзсіз. Иә, солай…
Жұматай КӨКСУБАЙ