Биыл қазақтың қабырғалы ақыны, ҚР Мемлекеттік сыйлығының лауреаты, облыстың Құрметті азаматы, «Парасат» және «Құрмет» ордендерінің иегері Күләш Ахметованың туғанына – 80 жыл. Атаулы дата аясында «Анаға тағзым» облыс- тық отбасылық даму әлеуметтік орталығында «Amanat» партиясының Әйелдер қанатының қолдауымен арналған «Махаббатты қорғауға шақырамын!» атты әдеби ән-сазды кеш өтті.
Ақынның шығармашылық мұрасын ұлықтау, оның рухына тағзым ету, өңірдегі қаламгер қыздардың еңбегін кеңінен насихаттау, поэзия мен руханияттың құндылығын дәріптеу, кітап оқу мәдениетін дамыту, сондай-ақ жас қаламгерлердің шығармаларын көпшілікке таныстыру мақсатында өткен кешке өңіріміздің зиялы қауым өкілдері, сөз өнерінің саңлақтары – ақын-жазушылар мен әдебиет майталмандары, «Amanat» партиясы жанындағы әйелдер қанатының өкілдері, ақын Күләш Ділдәқызының өмірлік серігі, белгілі ақын Қайырбек Асанов, ақынның құрбылары мен оның ізін жалғап келе жатқан ақын-жазушы сіңлілері, қоғам белсенділері, замандастары, курстастары қатысты.
Кеш аясында «Анаға тағзым» орталығынан құрылған «Інжу-маржан» қаламгер қыздар кеңесі мүшелерінің шығармалары топтастырылған «Інжу-Маржан» жина- ғының тұсаукесер рәсімі өтті. Жинақтың тұсауын ақын, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі Шырын Мамасерікова, ақын, журналист, Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының иегері Ғайни Әлімбекқызы және «Amanat» партиясы Жамбыл облыстық фи- лиалы Әйелдер қанаты басшысының кеңесшісі Рахия Тұрмаханбетова бірге кесіп, жүрекжарды тілектерін білдірді. Ал «Анаға тағзым» облыс- тық отбасылық даму әлеуметтік орталығының директоры Эльмира Мырза-Ғали жоба авторы ретінде жинаққа енген қаламгер қыздардың шығармашылығына тоқталып, ізгі тілегін жеткізді.
Кеш соңы Күләш Ахметованың сөзіне жазылған әндер мен ақын шығармашылығынан оқылған өлең- дермен жалғасын тапты.
Жұмаш ЖОЛБОЛДЫ