Ол – шынымен де заман тудырған сирек талант. Жүрегі түкті батыр, елін жан-тәнімен сүйген ақын. Халқына деген шексіз махаббаты оны тағдыр талқысына салды – дұшпандардың қыспағына түсіп, туған жерінен тұрақ таппады. Мақаламыздың арқауы – теріскейде туып, Тараз топырағында соңғы демі үзілген, тағдыры күрделі тұлға Иманжүсіп Құтпанұлы.
Қазақта «Тегінде бар тек жатпайды» деген сөз бекер айтылмаған. Иманжүсіптің арғы тегі де осал емес. Атасы Тұрғанбай датқа Түркістан маңындағы Шілік өңіріне би болғаны туралы деректер бар. Ал әкесі Құтпан – ел тәуелсіздігі жолында атқа қонып, Кенесары көтерілісіне қатысқан тұлға. Дегенмен, дәстүрлі өнерге жақын, көзі қарақты оқырман Иманжүсіп есімін білгенімен, оның тағдыр жолы Тараз топырағында аяқталып, осы шаһарда жерленгенін екінің бірі біле бермейді.
«Бүгінгі Тараз қаласының жоғарғы жағында, әл-Фараби және Төле би көшесінің бойында үлкен қабірстан бар. Аталған қабірстанға кіреберістегі жерде Иманжүсіптің атылғаны бүгінде архив деректері негізінде белгілі болып отыр. Ақынмен бірге әулиеаталық Орынбай Әуесбеков, Құрманәлі Аққозиев деген азаматтар да атылыпты. Қабірстанның кіреберіс алаңшасында «Бұл жерде 1931 жылдың 2 наурызында «халық жауы» деп жарияланып, атылған халық батыры, Тәуелсіздік жолындағы күрескен ұрпақтың өкілі, атақты ақын, композитор, әнші Иманжүсіп Құтпанұлы атылған» деген жазу бар», – деп жазыпты белгілі журналист Хамит Есаман «Егемен Қазақстан» газетінде жарық көрген «Иманжүсіп иірімі» атты мақаласында.
Ал Иманжүсіп Құтпанұлының немересі, философия ғылымдарының докторы, Қазақстан Журналистер Одағының мүшесі Раушан Иманжүсіп жақында «Қазақ үні» Youtube-арнасына берген сұхбатында ақын өмірінің соңғы жылдары Мойынқұм ауданы, Құмөзек ауылында өткені туралы тоқталып, жоғарыдағы мақаланы нақтылай түседі.
– Атамыз өмірінің соңына таман Мойынқұм ауданының Құмөзек ауылына келіп тұрақтап, Мұқатай есімді кісінің шаңырағына түсіпті. Иманжүсіп Құтпанұлының Шу өңіріндегі Ақарал аталатын жерде екі жүзге жуық сәйгүлігі болған деседі. Өзі де жігіттерді жалдап, сол жылқыларды бір жылдай бағып-күтіпті. Ол кезеңде қызыл әскер Сарысуға дейінгі аймақты толық бақылауға алып, жолыққан жанды аямай, пулеметпен оқ жаудырады екен. Ақыры бұл өңірден ұзап шыға алмайтынын аңғарған соң, қолындағы барлық сәйгүлігін ауыл тұрғындарына үлестіріп беріпті. Сол тұста тарихта көп қозғала бермейтін «Мойынқұм көтерілісі» бұрқ ете қалған еді. Ел-жұрт Кеңес өкіметіне қарсылық танытқан. Осы көтерілістің ішінде Иманжүсіп те болған. Алайда 1930 жылдың 20 желтоқсанында қолға түскен, – дейді тұлғаның немересі.
Өкінішке қарай, ашаршылық жылдары ақынның Гүлхадиша, Гүлзағипа және Ұлбибі есімді үш қызы бірдей қайтыс болады. Ал үлкен екі ұлы – Дәулетхан мен Сейітхан, сондай-ақ алпыс үш жасында көрген кенже ұлы Нұрхан – барлығы Иманжүсіппен бірге Құмөзекте болады.
Ақынның екі үлкен ұлы Қосқұдықта жүргенде әкесі «Мен қазір келемін» деп кетіп, қайта оралмайды. Біраз күннен кейін үйге екі милиционер келіп, киіз үй мен кітаптарды алып кетеді. Осыдан соң Дәулетхан мен Сейітхан әкелері отырған Тараз қаласындағы түрмеге барады. Раушан Иманжүсіптің сұхбатында әкесі Нұрханның естеліктеріне сүйеніп, түрмеде Иманжүсіптің балаларына: «Менен күдер үзіңдер. Нұрханға қараңдар», – дегені айтылады. Тағдырдың тәлкегін тартқан ақынның ұлдары осылайша Ташкентке жол тартады. Онда барып Нұрханды Намангандағы балалар үйіне «Юсупов» деген фамилиямен тегін орналастырады. Раушан Иманжүсіптің айтуынша, Нұрханның балалық шағы сол Наманган жерінде өткен.
Осы күнгі Тараз қаласындағы теміржол вокзалы маңында кезінде НКВД кеңсесі болыпты. Иманжүсіп ұсталған соң оны осы жерге әкеліп, тергейді. Артынша Алаштың арда азаматы 1931 жылы 2 наурыз күні ОГПУ жанындағы үштіктің шешімімен атылады.
Нақты құжаттар негізінде тұлғаның атылған және жерленген жері анықталғаннан кейін, баба ұрпақтары өңір әкімдігінің қолдауымен сол аумаққа ескерткіш тақта орнатқан екен. Алайда Иманжүсіп Құтпанұлының немересі Раушан Иманжүсіп өз сұхбатында бұл тақтаның белгісіз себептермен жиі жоғалып кететінін айтып, әр барған сайын қайта орнатудан шаршағанын, үлкен ескерткіш орнатылса, мәселе толық шешілетінін жеткізіпті. Оның айтуынша, бұл мәселе бойынша әкімдік өкілдеріне бірнеше рет өтініш білдірілгенімен, нақты нәтиже болмай отыр.
Осыдан кейін біз «Қарасу» шағынауданы маңындағы қабірстанға барып қайттық. Алайда ол жерден, Раушан Иманжүсіп айтқандай, ешқандай ескерткіш тақтаны таба алмадық. Мақаланың басында айтылғандай, қабірстанның кіреберісінде, оң жақта шағын алаңша бар екен. Ол жерде тақтайша орнатуға арналған темір тұғыр тұр. Онда 4 бұрандамен бекітілген тас тақтайшаның болғанын бұрышында қалған қара тастың сынығынан аңғардық. Осыдан соң атақты ақын сол жерде жатқан болар деген тоқтамға келдік.
Осы орайда өңір руханиятының жанашыры, Қазақстан Журналистер одағының мүшесі Бақытжан Мақашевтың пікіріне құлақ түрген едік. Оның айтуынша, ғұмыры ат үстінде өткен арда азаматтың ескерткіші еліміздің ірі қалаларында бой көтерсе, артық болмайды. Сонымен қатар тағдырымен тікелей байланысы бар Тараз төрінде еңселі ескерткіш орнатылып, басына кесене тұрғызылса, зиярат етіп келушілердің қатары да арта түсер еді деген пікірде.
– Жалпы, Иманжүсіп Құтпанұлы – өмір жолы күрделі, тағдыры тартысты тұлға. Оның ата-бабасы Сыр бойы мен Түркістан өңірін мекендесе, ата-анасы Ақмола жерінде мәңгілік тыныс тапқан. Өзі Қызылжар өңірінде 1863 жылы дүниеге келген.
Иманжүсіп – қазақ тарихындағы Біржан сал, Ақан сері, Балуан Шолақ сынды ірі тұлғалармен қатар аталатын өнер иесі. Оның әндері – кең тынысты, елдің мұңы мен арманын бейнелеген туындылар. Алайда өмірі заманның ауыр кезеңімен тұспа-тұс келіп, қуғын-сүргін көріп, сотталып, ақырында атылды.
Өкініштісі, осындай дара тұлғаның басына әлі күнге дейін лайықты еңселі ескерткіш орнатылмауы көпшіліктің көңілін қынжылтады. Бұл мәселе кезінде кемеңгер жазушы Шерхан Мұртаза тарапынан да көтерілген болатын. Бүгінде ақынның немересі Раушан Иманжүсіп осы түйткілді мәселені қайта-қайта қозғап жүр.
Иманжүсіп – бір әулеттің немесе бір рудың ғана емес, барша Алаштың ортақ перзенті. Өмірінің соңында Мойынқұм даласында ғұмыр кешіп, Тараз қаласында атылған тарихи тұлғаның еңселі ескерткіші орнатылса, бұл өңір үшін үлкен абырой, ұрпақ алдындағы маңызды парыздың бірі болары сөзсіз, – дейді Бақытжан Мақашев.
Заманында «халық жауы» атанып, ғұмыры қиямет-қайым күреспен өткен ақынның өзі ғана емес, оның асыл мұрасы – әндері де қуғын-сүргіннің құрбаны болды. Әндерін орындауға қатаң тыйым салынып, талай туындысы халық жадынан өшіріле жаздады, кейбірі, тіпті, өзгенің еншісіне өтіп кеткені де айтылады.
Алайда уақыттың қара бұлты біртіндеп сейіле бастаған тұста Қытайдан келген белгілі әнші Әмина Нұғманова Алматы сахнасында Иманжүсіптің «Сарыарқа» әнін шырқайды. Сол сәтте қазақ руханиятының алыптары Сәбит Мұқанов пен Әлкей Марғұлан әнге ерекше құрмет көрсетіп, оны жоғары бағалап, қазақ радиосының алтын қорына жаздыртып алады. Бүгінде халық арасында ақынның «Сары бел», «Бұғылы-тағылы» өлеңдері мен «Иманжүсіптің әні» деп аталатын туындысы кеңінен таралып, ел жүрегінен берік орын алған.
Ардақты тұлға тәуелсіздіктің арайлы таңымен бірге, 1992 жылы толық ақталды. Ал 2012 жылы ақынның 150 жылдық мерейтойы қарсаңында Тараз жеріндегі мәңгілік тыныс тапқан орнынан топырақ алынып, Ақмола облысындағы ата-баба қорымына ескерткіш тас орнатылып, белгі тастың астына сол топырақ қойылды.
Көрнекті жазушысы Әбіш Кекілбаев Иманжүсіптің талантына бас ие отырып: «… Бір өкінішті жай сол, осындай айрықша бітімді ерекше тұлға біздің әдебиетімізде, өнерде өзінің лайықты, көркем бейнесін тауып, тарихшыларымыздың әділ бағасын ала алмай келеді», – десе, академик Ахмет Жұбанов: «Иманжүсіптің бар тарихы архивте жатыр. Әлбетте, көп сөз ел ішінде әлі бар. Соларды жинау керек. Иманжүсіптің де күні туады әлі», – деген екен. Ол күндер де алыс емес шығар…
Жұматай КӨКСУБАЙ