Аудан көлемінде, орталығы Қаратауда өтетін мәдени-әдеби, әлеуметтік-көпшілік шаралардың үнемі ортасында бірге жүріп, бірге тұрып, етене араласып-құраласып, бір-бірімізге сыралғы туыстай жақын тартып кеткен Битама ағамыз 2015 жылдың 14 маусымында 80-ге қараған шағында дүниеден озғанда таластық жаны игі, жайсаң-жақсылардың қатары бір адамға кемігенін іштей сезінгеніміз рас-ты…
Өзінің «Ақыл – қазы, ар – таразы» атты кітапшасындағы толғам, шалқымаларында жазатынындай, ойлана білер қарапайым ғана оқырман, даналардың жазып кеткендерін оқып, ақылдарына зер салған, солардан көкейге қондырып, келелі ойдан өзі де кең өріс алған асыл аға артына өшпестей хат, ұрпағына өнегелі ат қалдырып, бақиға бет бұрғанда Жаратқан ол кісіге сегіз бейіш төрінен орын бұйыртып, көрмеген көшесінен жарылқағанына шүбәсіз сендік.
Себебі «шексіз дүниеге көз тігіп, алып мұхиттың толқындарына» жанарын суарып, «биік таудың етегінде тұрып, басынан тақиясы түскенше қызықтай қарайтын», жан баласына титтей де бір қиянаты жоқ, абзал адам еді ол кісі.
Шапағатты сенің, Алла, ұлы атың,
Бар керемет бір өзіңнен табылар.
Пәрменің мен бар да, жоқ та қылатын,
Құзырыңда ұлылықтың бәрі бар, – деп, Тәңіріне өле-өлгенше бой ұсынып, мойынсұнып, құлдық ұра тәнті болып өткен пендесін аса қамқор, ерекше мейірімді Раббысы қалайша сауапсыз қалдырмақ?!.
Ұрпақтары рухына Құран бағыштап, халқы есімін еске алғалы жатқанын естігенімде дүбірлі дүниемен бірге дөңгеленген санадағылар сәулеленіп, көнере бастаған көп күндердің жылнамасы ашылып, түрлі де түсті һәм қанық та анық суреттері көз алдымнан көлбеңдеп өте берді.
28.05.2008 жыл. Қазақша Тышқан жылы-тұғын. Сәрсенбінің сәтті күнінде ауданда 31 мамыр – Ашаршылық және саяси қуғын-сүргін құрбандарын еске алу күні аталып өтілді.
Әдеттегідей мен Алашорданың 90 жылдығына арналып мәдениет орталығында ішкі саясат бөлімі ұйымдастырған дөңгелек үстелді жүргіздім. Қонаққа Битама аға және тағы екі адам, бірі – КСРО Жоғарғы мектебінің үздігі, ҚР Білім озаты, тіл жанашыры, математик, Ұлттық дәрежедегі спорт төрешісі, тарихи шежіре тақырыптарын қамтыған үш кітаптың авторы Кеңесбек Түменбайұлы, енді бірі – ҚазССР Ауыл шаруа- шылығына еңбек сіңірген қызметкер, КСРО Министрлер Кеңесінің Құрмет грамотасының иегері, еңбек ардагері Бердеш Әлібеков шақырылды. Шынайы шындық пен боямасыз өмірдің шым-шытырық беті парақталған осы мәжілісті бұ кісілер нағыз ақиқат алаңына айналдырды. «Репрессияға, барлық нәубетке Сталинді кінәлағанымыз дұрыс па, бұрыс па?», «Ағылшын экономисі, философ А.Смит «Адамдарды әділдікті сүюге үйрету үшін оларға әділетсіздіктің нәтижесін көрсету керек» дейді. Сіздер бұл ойға қалай қарайсыздар?», «Алаш қайраткерлерін тарих ақтады. Өлген соң. Бұл тым кеш емес пе?» деген сықылды менің өткір сауалдарыма ағаларымның ешқайсысы да тосыла қоймаған сонда. Кеңесбек ағай архив материалдарымен таныстырып, газет қиындыларындағы аргументтер мен фактілер арқылы тарихты шолды. Бердеш атай басынан кешкендермен сабақтастырды. Битама ағам да данышпанның да дағдарып, ақылдының да адасатын кезі болатынын меңзей отырып, ерлік – көп адамды қыруда емес, көп адамның өмірін сақтап қалуда екеніне жиылған көрерменді сендіріп, жан-жақты мысалдар келтірген.
«Бұл дүниедегі жаратылыстың бәрі ақ түсті болса, оларды бір-бірінен қалай ажыратпақпыз?.. Әлем тек қара түнектен тұрса, бізге көз бен басқа да сезім мүшелерінің қажеті қанша?.. Сондықтан бір нәрсені айыптағаннан гөрі, одан сақтану жағына зейін аударыңыз» деп, өз жазбаларының тілімен көлдей терең тәлімдерді жеткізген.
«Атаның төккен қаны бар,
Тері де тамған қара жер.
Қасиетін соның бағалар,
Жанашыр ие бола гөр» («Аманат») – деп жыр-лаған ақын үніне сонда бірге үн қосқан тыңдарман көпшілік.
Өтпелі кезеңдерді бастан кешіп, 1997 жылдан бері аудан орталығына айналғанмен, біздің сүйік- ті Қаратауымыз мына бертінге дейін көпұлтты, түрлі этностан тұратын тұрғындарымен ерекшеленетін, қос тілді қалашық болғаны баршамыздың есімізде.
Сондықтан Талас ауданындағы мемлекеттік мәндегі бірқатар шараны мына мен және менің өлеңдерімнің аудармашысы, орыс тілі пәнінің хас маманы, ақын Флюра Малыхина екеуіміз бірлесіп жүргізуші едік. Соның бірі 2009 жылдың бірінші ақпанында өтті. Күн бейсенбі болатын.
«Когда старость только в радость» деп аталған бұл шараға сол кездегі аудан әкімі Оңдасын Жиенқұловтың өзі қатысқан. Айтулы кездесуде өлкеміздің өркендеуіне үлкен үлес қосқан, қаламызға, ауданымызға елеулі еңбектері сіңген құрметті азаматтардың алдыңғы қатарында Битама Мырзамбетұлы да болды. Қазір көбісінің көзі жоқ. Сондықтан осы кештің қадірлі қонақтарының бәрінің есімін ауызға алып, аруақтарын бір аунатып қойсақ артық емес: Жапар Шәріпұлы, Михаил Фрид, Нина Емельяновна Югай, М.Н. Беляева, Мырзаш Әлімқұлов, Н.Д.Оберемко, Д.А.Садықов, А.Н.Дорошкевич, Галина Панфиловна Шуваева, Прасковья Михайловна Хан, Әлия Тайлақбайқызы Өскенбаева, Светлана Викторовна Голубева, Битама Мырзамбетұлы, Федор Федорович Санд, Шымкент Рысқұлұлы, Софья Егоровна Свинарева, Лидия Ивановна Бадирова.
«Қазаншының еркі бар, қайдан құлақ шығарса» демей ме атам қазақ, жүргізушіліктің бір алтын кілті өзімде болғандығын пайдаланып, зал толы орыстілді аудиторияның жүректеріне ана тіліміздің қара өлеңінің жұпарын себездей шашыратып алғанды жөн көріп, осы кеште Битама ағаға бірнеше өлеңін оқуға мүмкіндік бергенім есімде.
Кәсіби мамандығы экономист-қаржыгер болса да, байырғы Талас ауданының түлегі, 1985 жылдан Қаратау қаласына қоныстанып, 1996 жылға дейін қаланың автобазасында қызмет атқарған, ұлы Абай хакімше есейген уақта жазу өнерімен шұғылдана бастаған Битама ағаның сол шақтың өзінде ірілі-ұсақты сегіз кітабы баспадан жарыққа шығып қойған-етін. 2001 жылдан қалалық Ардагерлер кеңесінің төрағасы болды. Он баланың әкесі, он алты немере мен төрт шөбере көрген бақытты атаның өнегеге толы өмірі шынымен де үлгі тұтарлық еді.
Өзі ақын, өзі сазгер, жаны асыл, жүрегі жомарт, дархан дарын иесі Битама аға жан-жағына жылы сөзін арнап жүретін, тамаша қасиетті, пайымды парасат иесі болды. «Әр адам – өз тағдырының архитекторы» деген нақылды жиі ұстанатын.
Тағы бірде маған қоларбаға таңылған тұла бойын бұла ойының отымен жылытатын, тәуелсіздік құрдасы, есейхандық жас ақын Мәдина Еркінбекқызының «Қазан айы» атты тырнақалды кітабының тұсауын кескізіп, аудан орталығында кешін өткізіп беру нәсіп болды. 2011 жыл, ақпанның он жетінші жұлдызы, алда қоян жылы есік қағып тұрған. «Ұлбике ақын» мәдениет орталығында ҚР Тәуелсіздігінің 20 жылдығына орай ұйымдастырылған ауқымды шараға аудандық іскер әйелдер қауымдастығы (төрағасы К.Пірман) демеушілік көрсетті. Сценарийін өзім жасап, өзім жүргізгендіктен, Б.Мырзамбетұлы, С.Әбсадықұлы, Ә.Асанов, С.Рысбаев, Т.Жұмабек, Е.Досалы, Қ.Мұсаева, Қ.Сауқымов, Ф.Малыхина, З.Шардарбекова сынды қалам ұстаған қауым мүшелерінің шығармаларының зәулім сарайдың киелі сахнасынан әуелеп қалықтауына мұрындық болып, жырсүйер жұртты біразға дейін желпіндіріп ек сонда.
Сонда ғой Битама Мырзамбетұлы «Сағынамын», «Егемен елім, Отаным», «Бауырласым», «Жан сыры» сықылды азаматтық және көңіл күй лирикаларын оқып берген тыңдарманға.
Битама ағамен арамызды байланыстыратын мұндай-мұндай естелік менде өте көп. Бірлі-жарымына ғана тоқталып жатқаным бұл.
Бірнеше өлеңге ән шығарған сазгерлігі де бар Битама ағаны таластықтар, әсіресе, қаратау- лықтар ұмыта қойған жоқ деп ойлаймын. Тек көзден кетсе, көңілден де ғайып қылатын нашар «мінезімізден» арыла алсақ қой, шіркін. Бәрібір жақсының аты, ғалымның хаты өлмейтіні бесенеден белгілі. Битама ағаның «Сақта махаббатты», «Айтарым бар», «Жыл келді», «Бақыт деген немене?», «Шәкірттерге», «Көргенділік қағидасы», тағы да басқа көптеген өлеңі мен толғау-дастаны жоғарыдағы сөзіміздің дәлелі бола алады.
Өткен дәуір заманының заңғар жазушысы, қазақ әдебиетінің алыбы Ғ.Мүсірепов айтып кеткендей: «Қай халықтың болса да мәдениетін, көркемсөз, көркемөнерін жоғары көтеріп, жалындатып жіберуге жүз талант көптік етпейді, он талант аздық етпейді». Өйткені талантты адамдар – қай істе, қай жерде болмасын, қашан да құдай берген талабын мүлтіксіз, ешкімге зиянсыз (қайта пайдасы болмаса), ашық-жарқын паш етуге тырысатын ақеділ әрі көнтерілі халық.
Алайда Шер-Ағамыз, Шерхан Мұртаза «Талантты тану қиын, танымау – қиянат» деген. Содан да шығар, төменгі Таласта туып-өсіп, сылқым Таластың сылаң қаққан мөлдір суындай кіршіксіз тазалық пен айнадай адалдықты жанына ғана емес, жыры мен сазына да ғұмыр бойы серік еткен қаламгер Битама Мырзамбетұлын ел-жұрты дер кезінде елеп-ескере білді. Кезінде «Мен данышпан емеспін. Менің академиям – кітап» деп толғанып, кейін Талас ауданының Құрметті азаматы атанған Битама ағаның өзі кетсе де, бүгінгі күннің бедерінде өлмес сөзі, өшпес ізі бар.
«Назаланғанда – найзағай, ызаланғанда – ызғырық, қайғырғанда – қара жер, қуанғанда – көк аспан» (Ж.Дәуренбеков) болатын ақындардың табиғатының тылсымнан сыр тартатынын және оның қоғамға, жалпы адамзат баласына рухи, рухани пайдасы зор екенін мойындау да – ерлік. Халыққа да, билікке де!
Үміт БИТЕНОВА,
ақын