Сәбит ТЕМІРБЕКОВ,
Жамбыл облыстық «Чернобыль одағы»
қоғамдық бірлестігі үйлестіру
кеңесінің төрағасы
Осыдан тура 40 жыл бұрын, яғни 1986 жылғы 26 сәуірде Украинаның Чернобыль қаласындағы атом электр станциясының төртінші блогы жарылды. Бұл жойқын апат адамзат тарихындағы ең ауыр техногендік қасіреттердің бірі ретінде есте қалды. Оның салдарынан Украина және Ресейдің Брянск пен Калуга облыстары радиоактивтік ластануға ұшырап, қоршаған орта мен адам өміріне үлкен қауіп төндірді. Сол себепті АЭС-тен шамамен 30 шақырым радиуста тұратын елді мекендердің халқы шұғыл түрде басқа аймақтарға көшірілді.
1986 жылдың қараша айына дейін апатқа ұшыраған төртінші блокты залалсыздандыру жұмыстары жүргізілгенімен, оның зардабы толық жойыла қойған жоқ. Ресми мәліметтерге сүйенсек, радиоактивті түтін аймақ шекарасынан асып, оннан аса мемлекеттің шамамен 145 мың шаршы шақырым жерін ластап, кем дегенде 5 миллион адам түрлі деңгейде зардап шеккен.
Бұл апатты залалсыздандыру жұмыстарына мыңдаған сарбаз бен маман тартылды. Олар өз өмірін қауіпке тігіп, радиациямен бетпе-бет келді. Бірақ АЭС таратқан ажал уынан құтылу оңай болған жоқ. Қоршаған ортаға, тұрғындар мен құтқарушылардың денсаулығына орасан зиян тигізген бұл апаттың салдарын жоюға Қазақстан азаматтары да белсене қатысты. Дерек бойынша, елімізден 32 мыңнан астам адам осы іске жұмылдырылса, олардың сапында 1 200-ден аса жамбылдық жалынды жас қызмет атқарды. Олар ядролық «аждаһаны» ауыздықтауда бар күш-жігерін салып, Отан алдындағы борышын адал орындап, табандылықтың озық үлгісін көрсетті.
1987 жылдың ақпан айында мен де әскери комиссариаттан шақырту алдым. Әскери жиынға шақырылғанымды сол жерге барғанда бір-ақ білдім. Бір тәуліктен кейін медициналық тексеруден өтіп, бізді эшелонға отырғызды. Бірнеше рет көлік ауыстырып, Беларусь КСР-інің Гомель облысына жеттік. Әрі қарай Хойники қаласының вокзалынан КамАЗ көліктерімен Новоселки ауылына жеткізілдік. Сол жерде ғана біз Чернобыль АЭС апатының салдарын жою жұмыстарына қатысатынымызды толық түсіндік.
Мен Қызыл Тулы Орта Азия әскери округінің 27-ші химиялық полкінің 20040 әскери бөлімінде қызмет етіп, «ПМ-130» көлігінің жүргізушісі болдым. Мамыр айында бізді Украин КСР-індегі Ладыжичи ауылына ауыс- тырды. Бұл жер 30 шақырымдық қауіпті аймақтың ішінде орналасқандықтан, біз радиациялық қалдықтарды сумен жуу арқылы зарарсыздандыру жұмыстарын атқардық. Қазір еске алуға оңай болғанымен, ол күндер қауіп пен қорқынышқа толы еді.
Одақ ыдырағаннан кейін өмір қиындап, тұрмысқа қаражат жетіспей қалды. Біздің сырқатымыз бен материалдық мәселемізге ешкім мән бермейтінін көріп, өзіміз әрекет ету қажеттігін түсіндік. Кейін белгілі болғандай, жалғыз мен ғана емес, өзге де белсенді азаматтар бұл істі қолға алып, бастап кеткен екен. Күш біріктіргеніміздің арқасында 1996 жылы Жамбыл облыстық «Чернобыль одағы» қоғамдық бірлестігінің негізі қаланды. Бұл ұйым апат салдарын жоюға қатысқан ардагерлерге, олардың жесірлері мен отбасы мүшелеріне көмек көрсетеді. Бірлестіктің негізін қалаушы – Шералы Оразбеков. Ал қазіргі төрағасы – Фарит Галиев.
Осы ретте айта кетерлігі, еліміздегі чернобыльшыларды біріктіретін қоғамдық ұйымдар бірқатар өзекті мәселелерді шешкенімен, көптеген түйткілдер әлі де сол күйінде қалып отыр. Апат салдарын жоюға қатысушылардың басым бөлігі әлі күнге дейін жер телімі, денсаулыққа келген зиян үшін өтемақы, санаторийлік емдеу қызметтері секілді тиесілі жеңілдіктерді толық ала алмай келеді. Мәселен, 2020 жылдың мамыр айында Қазақстан Республикасының «Ардагерлер туралы» Заңы қабылданды. Осы құжатқа сәйкес, Чернобыль атом электр станциясындағы апаттың салдарын жоюға және ядролық сынақтарға тікелей қатысқан азаматтар Ұлы Отан соғысы ардагерлеріне теңестірілген еді. Бұл шешім көптеген ардагер үшін әлеуметтік әділеттілікке жасалған маңызды қадам болғанымен, олардың өмірлік мәселелерін күні бүгінге дейін шешіп бере алмай жатыр. Сондықтан біздің ұйымның мүшелері Чернобыль апатының салдарын жоюға қатысушылар мен олардың ұрпақтарына медициналық оңалтуды жетілдіруді, чернобыльшыларды, олардың жесірлері мен балаларының әлеуметтік қолдауын күшейтуді, сондай-ақ осы жолда құрбан болған боздақтарды жыл сайынғы еске алу шараларын республикалық және өңірлік деңгейде тұрақты жоспарға енгізілгенін қалайды.
Осы ретте айта кетерлігі, Чернобыль апатының 40 жылдығына орай өз күшімізбен бірқатар іс-шара ұйымдастыруды жоспарлап отырмыз. Бұл бастама тек бір тарихи датаны еске алу ғана емес, сонымен бірге сол зұлмат апаттың салдарын жоюға қатысқан ардагерлердің ерлігін ұлықтау, олардың есімін ұрпақ жадында жаңғырту және бүгінгі қоғамның оларға деген құрметін нақты іспен көрсетуге бағытталған. Ойға алған жұмыстарымыздың жүйелі жүзеге асырылуы үшін қолдау танытып жатқан азаматтар да аз емес. Атап айтсақ, Тараз қалалық қорғаныс істері басқармасы, қалалық төтенше жағдайлар басқармасы, «Аmanat» партиясы облыстық филиалы, қалалық қоғамдық Кеңес, қалалық мәслихат және қалалық ішкі саясат бөлімдерінің басшылары тарапынан ұйымдастырушылық, ақпараттық және әлеуметтік қолдау көрсетіліп, аталған іс-шаралардың жоғары деңгейде өтуіне өз үлестерін қосып отыр. Бұл жандарға айтар алғысымыз шексіз.
Түйіндей айтқанда, арада жарты ғасыр жуық уақыт өтсе де, кеудемізге Чернобыль салған жара әлі күнге жазылған жоқ. Сол күндерді бір сәт есіме алсам, жүрек тұсым шымырлап қоя береді. Өкініштісі, қандыкөйлек жолдастарымыздың қатары жыл өткен сайын сиреп барады. Қазіргі таңда бірлестігімізге облыс бойынша небәрі 250 адам ғана мүше болып отыр. Демек, ұйым құрылған уақыттан бері 1 000-ға жуық қатарласымыздан мәңгіге көз жазып қалдық. Олардың дені өмірден өте ерте өтіп кетті. Түрлі созылмалы дертке шалдыққан ардагерлердің де қатары жетерлік. Мұның барлығы – сол бір атың өшкір апаттың әлі күнге зардабын тартып келе жатқанымыздың айғағы.
Бұл қасіретке куә болған әрбір адам ерлік пен азаматтықтың ерен үлгісі екеніне ешкім дау тудырмас. Олар өздерінің өмірі мен баға жетпес денсаулықтарын өзгелердің тыныштығы үшін құрбан етті. Осындай жан- қиярлық пен жанкештіліктің арқасында ғана үлкен апаттың салдарын еңсеруге мүмкіндік туды. Сондықтан Чернобыль ардагерлерінің есімі мен еңбегі ел жадында мәңгі сақталады. Олар бастаған ерлік жолы өскелең ұрпаққа өшпес өнеге, таусылмас тағылым болып қалатыны сөзсіз.