Тараз қаласының әкімі Бақытжан Орынбековтің төрағалығымен кезекті аппарат кеңесі өтті. Жиында биылғы қаңтар- наурыз айларының қорытындысы бойынша шаһардың әлеуметтік-экономикалық дамуы баяндалды.
Қалалық экономика және бюджеттік жоспарлау бөлімінің басшысы Жандос Ордабаевтың айтуынша, есепті мерзімде межеленген 4 көрсеткіш орындалған. Нәтижесінде негізгі капиталға салынған инвестициялар, пайдалануға берілген тұрғын үй, құрылыс жұмыстарының, ауыл шаруашылығы және бөлшек сауда тауар айналымының жалпы көлемі артқан.
Келесі кезекте күн тәртібінде Әулиеата және Жібек жолы аудандарында атқарылып жатқан жұмыстар мен өзекті мәселелер жан-жақты қаралды.
– Аудандағы көшелерді зерделеу нәтижесінде биыл асфальт төсеу жұмыстарын кезең-кезеңімен іске асыруға арнайы жоспар бекітілді. Соған сәйкес, жалпы саны 48 көшені орташа жөндеуден өткізіп, «Бектөбе» мен «Қызылшарық» алқаптарындағы Асылтас көшесі, «Ұлы дала» шағынауданындағы аулаішілік және Ш.Жандарбеков көшесіне жаяу жүргіншілер жолын салу жоспарлануда. Бұған қоса, Көшеней, Сеңкібай, Сыпатай батыр, Көшеней көшесінің 6-ұрылысы, А.Сухамбаев көшелері және №23 мектеп маңына жаяу жүргіншілер жолдарын төсеу қажеттілігі туындап отыр. Сондай-ақ аудан аумағында 2 700 дана жол белгісін сызу, 33 автобус аялдамасын орнату, 12 көшеде ауызсу құбырларын ауыстыру көзделген, – дейді Әулиеата ауданының әкімі Барлық Төреханов.
Жібек жолы ауданында да қолға алынған ілкімді істер аз емес. Аудан басшысы Қарлығаш Аралбекованың айтуынша, биыл 14 спорт алаңшасын жаңғырту, жаңа 39 аялдама орнату, ұзындығы 22,898 шақырым болатын 35 көшені жарықтандыру жұмыстары жүзеге асырылмақ. Бұл бағытта, ең алдымен, шалғай алқаптарға басымдық беріледі. Сонымен қатар ауызсумен қамту, жолдарды жөндеу бойынша да нақты жоспарлар бекітілген.
Бақытжан Әмірбекұлы өз кезегінде межеленген міндеттерді жүйелі орындауда аудан әкімдеріне зор жауапкершілік жүктеліп отырғанын атап өтті.
Кеңес соңында аудан басшыларына көшелердің тазалығын ұдайы қамтамасыз ету әрі бұған кәсіпкерлік нысандардың иелерін жұмылдыру, жоспарланған жұмыстарды сапалы және белгіленген мерзімде жүзеге асыру бойынша нақты тапсырмалар жүктелді.