Жамбыл облыстық қоғамдық-саяси газет

«Қозы-лақтың ойнағаны – әдемі…»

0 73

Көктем – табиғаттың қайта түлеп, тіршілік атаулының жаңаратын мезгілі. Қар еріп, жер бусанып, даланың өңі кірген шақта ауыл тіршілігі де ерекше жанданады. Көктем келісімен төрт түлік төлдеп, қора-қопсы маңынан қозы-лақтың маңыраған үні естіледі.

Әсіресе, жаңа туған қозы мен лақтың секіріп ойнағаны – дала өмірінің ең көркем көріністерінің бірі. Қазақ халқы ежелден мал шаруашылығымен айналысқандықтан, төрт түлікке қатысты салт-дәстүр, мақал-мәтел, ән-жырлар мен әдеби шығармалар да мол. Мысалға, ақын Ақылбек Шаяхметтің сөзіне жазылған Ержан Серікбаевтың «Әдемі» атты әнінде:
«Бұлбұл құстың сайрағаны – әдемі,
Қозы-лақтың ойнағаны – әдемі», – деп көгілдір көктемнің келгенін екі жол өлеңмен әдемі үйлестірген. Аталған ән қазақ эстрадасының жарық жұлдызы Заттыбек Көпбосынұлының орындауымен халық арасына кең тарағаны мәлім. Сондай-ақ ақын Сабырхан Асанов пен Қазақстан халық әртісі Әсет Бейсеуов тандемінен туған:
«Жазда атамның аулына,
Барып едім қыдырып.
Бір қошақан алдымнан,
Шықты ойнап жүгіріп.

Ақ маңдайлы ай ма екен,
Шекер ме екен, бал ма екен?
Кеттім оны сағынып,
Қошақаным қайда екен?» – деп жалғасып кете беретін «Қошақаным» әні – балалықтың бал дәуренін, ауылдың жайма-шуақ тіршілігін еске түсіретін әсерлі туынды. Әсіресе, көктем – қозы-лақтың өріске шығып, ауылдың маңын думанға бөлейтін шағы. Сол себепті әндегі қошақан бейнесі балалықтың қуанышын, табиғаттың жаңаруын білдіреді.
Сонымен қатар халықтың тұрмыс-тіршілігінде қозы сөзі жас баланы еркелету мағынасында қолданыла береді. Мәселен, Мағжан Жұмабаевтың «Педагогика» деген кітабында:
«Ұйқың да келді,
Жұмсақ бесік.
Жылы төсек,
Жата ғой, қозым.
Әлди, бөпем,
Ұйықта, жұм көзің» – деген өлең жолдары келтірілген. Жаңа туған қозының түрі қашанда сүйкімді болатыны сөзсіз. Демек, жас баланы «қозым», «қошақаным» деп еркелетудің астарында қазақ халқының жан-жануарға деген ерекше құрметі байқалады. Тек жалғыз қозымен емес, құлынмен, бұзаумен, ботамен, лақпен байланысты сөздердің көптігі, ең алдымен, аталған төлдердің сүйкімділігінде, тартымдылығында, көркем жаратылысында жатса керек. Белгілі ақын Фариза Оңғарсынова да өзінің «Қозым менің ұйықтасын» атты өлеңінде:
«Мамық төсек салайын,
Құшағыма алайын.
Қозым менің ұйықтасын,
Арқасынан қағайын!

Бөпем менің қалғыды,
Тербетті оны ән-жыры.
Бота, қозы, құлыншақ –
Ұйықтап қалды барлығы», – деу арқылы ана мейірімін қозы бейнесі арқылы жеткізеді. Бұл да қазақ дүниетанымында төрт түліктің ерекше орын алатынын аңғартады. Бүгінде бұл өлең бесік жырына айналып, талай сәби тал бесікте осы әуенді тыңдап өсіп келеді.
Жалпы, қазақ қаламгерлерінің арасында төрт түлік туралы, оның ішінде көктемде туатын қозы-лаққа арнаған өлең жазбаған ақын кемде-кем. Әрине, бұл тақырып ата кәсібіміз болғандықтан, жанымызға жақын әрі сүйікті екені даусыз. Қазақ поэзиясында табиғат пен мал шаруашылығының мәні терең суреттеледі, ал қозы мен лақ олардың нәзік сұлулығын, балалық ойын мен өмірдің жаңа тынысын бейнелейді. Сыршыл ақын Сырбай Мәуленов бір өлеңінде:
«Қырдан ойға шұбырып,
Құлады қой маңырап.
Қарсы шықты жүгіріп,
Жас қозылар жамырап.

Тұманданды сұр дала,
Тұяқтардан шаң ұшып.
Қозылармен бір бала
Кете барды жарысып», – деп толғаса, ақын Ақылбек Манабаев:
«Көп қозылар жатқанда енесіне жамырап,
Ол тұрады бір шетте өкси зарлап-маңырап.
Жаутаңдаған жанармен сүзіп шығып маңайды,
Жабырқайды, жан-жаққа жалтақ-жалтақ қарайды», – деп жырлайды.
Сонымен бірге қазақта төрт түлікке байланысты мақал-мәтелдерде көп. Оның ішінде көктемгі төл – қозы мен лақ туралы да аз емес. Мысалы, «Қозы өрісі қойдан бөлек», «Қозы көш жерден енесін таниды», «Қозыдан қой өседі, баладан ой өседі», «Қозысы бардың – қоңыр тірлігі бар», «Қозы баққан қойшы болар, лақ баққан ешкіші болар», «Қозы өссе – қой болады, бала өссе – ой болады», «Қозысы көптің – ырысы көп», «Қозы-лақ ойнаса, көктемнің сәні кіреді», «Қозы өрген жер – береке» деген сияқты толып жатқан мақал-мәтелдің көбі бүгінде қолданыстан шығып кеткенімен, көркем әдебиетімізде әлі де кездеседі.
Сондай-ақ халық арасында «қозыдай шу- ласты», «лақтай секірді», «қозы қарын», «тойған қозыдай», «қозы көш жер» деген теңеулер жиі қолданылады.
Жалпы, қазақ халқы төрт түлік малды тіршілігінің тірегі, ырыс-берекесінің көзі деп білген. Сондықтан малдың әрбір төлінің дүниеге келуін қуаныш санаған. Соның ішінде төлбасы ұғымының орны ерекше. Төлбасы деп малдың алғаш туған тұңғыш төлін айтады. Оны көбіне соймай, сатпай, өсіріп, мал басын көбейтудің бастамасы ретінде сақтаған. Өйткені «алғашқы төл құт әкеледі» деген сенім болған. Мал иесі төлбасыны жақсылап бағып, аман-есен өссе, кейінгі төлдер де көбейіп, шаруашылықтың берекесі артады деп ырымдаған. Сондықтан да халқымызда алғаш мал төлдеген кезде «көтен асып» көрші-көлемді шақыратын болған. Бұл – адал еңбек иесі малшыға жасалған құрмет, ынталандыру әрі тіршіліктің көзі болған мал-дәулетінің құты арылмауын тілеген ғұрыптық жосын. Әлі күнге дейін қазақ тұңғыш өмірге келген баласын «төлбасым» дейді. Ал қазақ халқы кеш туған, кенжелеп туған қозыны «көпей қозы» деп айтатын болған. «Көпей» сөзінің мәнісіне келетін болсақ, бұл кенже, ең соңғы ұрпақ дегенді білдіреді.
Әрине, әрбір малдың төліне байланысты атауларды сөз мәдениетінде пайдалана білуі қазақ халқының тілге шеберлігін, ойға жүйріктігін аңғартады. Мәселен, бағлан қозы деп халқымыз ерте туған семіз қозыны айтады. Жалпы, әдебиетте болсын, қазақтың ежелгі қоғамдық-саяси өмірінде болсын «бағлан» сөзі белгілі бір дәрежеде салмақты ұғымды білдіргені аян. Ал екінші мағынадағы сөзі бұл қоғамның қандай да бір бөлігінің немесе тобының іріктелуі, жоғары санаттағы өкілдерін «бағлан» деп атау дәстүрі болған. Жыр алыбы Жамбылдың:
«Бас қосып бағландармен қалмақ үшін,
Ізденіп келіп тұрмын Қарқарадан», – деген өлең жолдарынан осыны байқауымызға болады.
Қазақ қой төлдерінің атауларында жаңа туған төлді – қозы, есейген қозыны – көрпеш, төлбасы, ерте туған қозыны – көбеген, кеш туған қозыны – көпей, қозының марқайған кезін – марқа, семіз марқаны – бағлан деп атаса, жасы алты айдан асқан соң тоқты деп аталған. Ал ешкі төлінің атауларында жаңа туған төлді – лақ, алты айлық төлді – бөрте деп атаған.
Қорыта айтқанда, қозы мен лақ – қазақ өмірінің ажырамас бір бөлігі. Олар көктемнің сәнін келтіріп қана қоймай, халықтың дүниетанымында мейірімнің, молшылықтың, өмірдің жалғасуының символына айналған. Көктемгі далада секіріп ойнаған қозы-лақ – қазақ өмірінің мәңгілік көрінісі, ұлттық болмысымыздың ажырамас бөлігі.

Пікір қалдырыныз

Your email address will not be published.