Наргиза ТӨРЕҚҰЛ,
«Jambyl-Taraz» газетінің 2022 жылдың наурыз-қыркүйек
айларындағы сайт редакторы
Кейде адам өміріндегі ең үлкен бетбұрыс жай ғана бір сапардан басталады. Тарихқа сәл шегініс жасасам, 2019 жылы Өзбекстаннан Қазақстанға білім іздеп келген мені сол жолдың соңы Тараз қаласына алып келді.
Ол кезде бұл шаһарды уақытша аялдар мекенім деп қана қабылдадым. Алайда уақыт өте келе Тараз тағдырыммен астасып, үлкен өмірге жетелеген, кәсіби әрі адами тұрғыда қалыптасуыма ықпал еткен қасиетті ортаға айналды. Алғашқы қадамдарым дайындық курсынан басталып, сол бір кезең болашақ жолымды айқындаған маңызды мектеп болды.
Журналистикаға апарар жолым «Жамбыл-Тараз» газетімен тығыз байланысты. Бірінші курстың соңына таман студенттерді жұмысқа қабылдайтыны туралы хабарды естігенде құрбым Жайна екеуміз редакция есігін қақтық. Тәжірибеміз болмаса да, көкірегімізде сенім мен құлшыныс бар еді. Сол сенім ақталып, бізге басылым сайтына жауапкершілік жүктелді. Осылайша, журналистиканың алғашқы сынағы мен салмағын шын мәнінде сезіне бастадым.
Сайт редакторы ретінде уақыттың қадірін ұқтым. Жаңалықтың жеделдігі мен сапасы – оқырман сенімінің өзегі екенін сол жерде түсіндім. Ақпаратты дер кезінде жеткізу, қоғам тынысын дөп басу, оқырмандармен тіл табысу – мұның бәрі күнделікті дағдыға айналды. Кей түндері таңғы сағат төртке дейін көз ілмей, ел оянбай тұрып жаңалық жариялау қалыпты жағдай болды. Бұл жай еңбек емес, басылымға деген адалдық пен жүректегі жауапкершіліктің өлшемі еді. Тынымсыз еңбектің нәтижесінде сайт көрсеткіштері жоғарылап, кәсіби сенім нығая түсті.
«Жамбыл-Тараз» газеті мен үшін тек қалам ұстатқан орта ғана емес, адамдық болмысты қалыптастырған үлкен мектеп болды. Бұл ұжымда сөзге беріктік, әріптес- ке құрмет, ортақ іске жанашырлық секілді құндылықтарды бойыма сіңірдім. Әріптестер арасындағы сыйластық пен қолдау жас журналист үшін баға жетпес тәжірибе еді. Сол жылдары алған тәлім мен тәрбие кейінгі еңбек жолымда талай рет бағыт-бағдар берді.
Екі жылға жуық уақыт бойы редакция- мен бірге есейіп, бірге үйрендік. Кейін өз қалауыммен өзге бағытқа бет бұрсам да, «Жамбыл-Тараз» менің өмір жолымдағы ұмытылмас белес болып қала берді. Бүгінгі жеткен жетістіктерімнің бастауында осы шаңырақта өткен күндер тұрғанын айту – мен үшін зор мақтаныш.