Қалалық қоғамдық-саяси газет

Мемлекеттік қызмет дегенде ойыңызға не түседі?

0 535

Елімізде 23 маусым – мемлекеттік қызметшілер күні ретінде аталып өтеді. Айтулы күнге орай сала мамандарының мемлекеттік қызмет дегенде ойларына не түсетінін сұрап білген едік. 

«Отанға адал қызмет ету»

Тұңғыш ЖАНҰЗАҚОВ,
облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының бас маманы – баспасөз хатшысы

– Еліміздің өркендеуінде мемлекеттік қызметтің қосатын үлесі ерекше. Сол үшінде қоғам оларға сенім білдіреді. Өзім де осы салада жүріп білімі мен тәжірибемді ел игілігіне жұмсап жүргеніме мақтанамын. Бұл жұмыста мен сол жауапкершілікті сезіне отырып, халыққа адал қызмет ету қағидасына сүйенемін.
Менің түсінігімде бұл – Отанға қызмет етіп ел дамуы жолында аянбай тер төгу. Сондықтан мемлекеттік қызмет қашанда мінсіз болуы және баянды бастамалардың ұйытқысына айналуы керек.Өзім жұмыс істейтін облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының қызметкерлері де адалдық, адамгершілік, әділдік принциптерінен айнып көрген емес. Осының арқасында өңірдің агросаласы жаңа деңгейге көтеріліп, экономикамызды дамытып, халықтың әл-ауқатын арттыруда жетекші күшке айналып келеді.
Сөз соңында барлық әріптестерімді төл мерекелерімен құттықтай отырып, атқарып жатқан жұмыстарына табыс тілеймін. Мемлекетіміздің көркеюіне бірге үлес қосайық!

«Мәртебелі міндет»

Нұрбану Молдабекова,
облыстық тілдерді дамыту басқармасының бас маманы

Әрбір өркениеттің өріне қадам бастаған мемлекеттің ең басты тірегі, оның идеясы мен саясатын алға апарушы мемлекеттік қызметкерлер екені даусыз.
Сондықтан да ұлт мәртебесін көтеретін, ел абыройын асқақтататын мемлекеттік қызметкер болу – мәртебелі міндет. Олар қай кезде де билік пен бұқараның арасына алтын көпір орнатады.
Қазіргі таңда мемлекеттік тіл, яғни қазақ тілі – әлемдегі алты мыңға жуық тілдердің ішіндегі қолдану өрісі жағынан жетпісінші, ал көркемдігі, оралымдығы жағынан алғашқы ондыққа енеді. Сондай- ақ ол дүние жүзіндегі ауызша және жазбаша мәдениеті қалыптасқан алты жүз тілдің және мемлекеттік мәртебеге ие екі жүз тілдің қатарында тұр. Бұл – біз мақтанышпен айта алатын зор мерей.Тілге деген құрмет – халыққа деген құрмет. Онсыз халықтың, елдің өмір сүруі мүмкін емес. Әлем таныған ел болу үшін тіліміздің мәртебесін әрқашан биікте ұстап, басқа да тілдердің дамуына қолдау көрсету қажет. Осы мақсатты жүзеге асыруда өз қызметін абыройлы атқарып келе жатқан әріптестеріме шынайы алғысымды білдіргім келеді.
Бүгінгі мерекенің халықаралық аренада мемлекеттік қызметтің статусын көтеруге оң ықпал еткені ақиқат. Қашан да жүгі ауыр билік міндетінің ауқымды және мақсатының биік болары барлық мемлекеттік қызметшілердің әрқашан жадында болуы керек.Мемлекеттік қызметшінің басты міндеті туған Отаны мен халқына адал қызмет етумен бағаланады.
Осы сәтті пайдалана отырып, сіздерге зор денсаулық, отбасыларыңызға амандық, халыққа қызмет ету жолындағы адал еңбектеріңізге жеміс тілеймін!

«Зор жауапкершілік пен үлкен сенім»

Болатжан Ахтанберді,
облыстық табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасының бас маманы

Мемлекеттік қызметші болу мен үшін үлкен мәртебе. Бұл қызмет әрбір маманға зор жауапкершілік пен үлкен сенім жүктейді. Сол себепті мұны абырой көріп, кеудеме мақтаныш сезімі ұялайды.
Мемлекеттік қызметте жүргеніме небәрі 3-ақ жыл уақыт болды. Бірақ осының өзі менің өмірімде шыңдалу мектебі ретінде өтуде. Әрбір берілген жұмыстың өзіндік жауапкершілігі маған ықтияттылықты, өз қызметіңе кір келтірмеуді үйретіп, тәжірибемді ұштай түсті.
Бүгінде өзім қызмет ететін облыстық табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасында салалық бағыт көп.Мұндағы қызмет етіп жатқан әрбір маман өз салаларына шын берілген. Соларға қарап, менің де жұмысқа деген ынтам арта түседі.
Осы ретте барлық әріптестерімді мерекелерімен шын жүректен құттықтап, абырой биігінен көрінуді, адалдық арынан аттамауды тілеймін. Мемлекетіміздің беделі асқақтай берсін!

Пікір қалдырыныз

Your email address will not be published.