Қалалық қоғамдық-саяси газет

Саланың сайыпқыран сардарлары

0 514

Полиция қызметкері азаматтарды қауіп-қатерден қорғап, олардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін өзінің дене дайындығы дамыған, кәсіби біліктілігі жоғары болуы тиіс. Бұл ретте жамбылдық полицейлер сапындағы iсiне мығым, спортқа жүйрік – полиция майоры Бегiмхан Әдiлбеков осы талаптың iс жүзіндегі айқын дәлелі десек болады.

Облыстық полиция департаменті Жедел қимылдайтын арнайы жасағының взвод командирі Бегiмхан Өмiрзақұлы тәртіп сақшыларының қатарында 2013 жылдан бері қызмет атқарады. Ол мықты командир болуымен қатар, бiрнеше спорт түрін меңгерген халықаралық дәрежедегi спорт шебері. Атап айтсақ, қазақ күресiнен екі дүркін Азия чемпионы, ҚР чемпионатының екі дүркін, Кубогының үш дүркін күміс жүлдегері. ҚР Iшкi iстер министрлігінің қазақ күресiнен чемпионы, самбо күресiнен күміс жүлде иегері. Республикада әріптестерінiң арасында жауырыны жерге тимеген үш дүркін «Полиция Барысы». Қызмет пен спортты өмiрлiк жолында бiрге серік еткен полиция майорының жетiстiктерi қызметтестерiне мақтаныш, жас мамандарға өнеге екені даусыз.
Құқық қорғау саласында ерлермен иық тіресе қызмет атқаратын әйел азаматшалар да жетерлік. Соның бірі – облыстық Полиция департаменті Құжаттамалық қамтамасыз ету бөлімінің басшысы Лейла Торғайбекова. Лейла Мейірбекқызы Мәскеу гуманитарлык университетінің Тараздағы филиалында заңгерлік білімін аяқтаған соң, 1998 жылы Жамбыл облысы Ішкі істер департаментіндегі қызметін Құжаттамалық қамтамасыз ету бөлімінде инспектор лауазымынан бастады. Өз ісін жетік меңгерген жас маман аз уақытта жетекші маман, кейін бас маман болып, бүгінде басшылық сатысына дейін көтерілді.
Құжаттамалық қамтамасыз ету бөлімі – басшылықтың бұйрықтары мен іс-қағаздарын үйлестіріп, департаментке келіп түскен жеке және заңды тұлғалардың өтініштерін, кіріс-шығыс құжаттарын қабылдап тіркеп, оларды басшылық назарына ұсына отырып, тиісті бөлімдерге жолдау арқылы орындалуын бақылауға жауапты бөлім. Сондай-ақ облыстық Полиция департаменті басшы құрамының тұрғындармен кездесуін ұйымдастырып, азаматтардың арыз-шағымдарының дер кезінде шешімін табуына септігін тигізеді.
Осындай жауапты бөлімде 24 жылдан астам уақыт қызмет атқарып жүрген Лейла Торғайбекова талай жас мамандарға ақыл-кеңесімен, мол тәжірибесімен жол көрсетіп келе жатқан үлгілі маман.
Осы орайда әріптестерімді кәсіби мерекесімен құттықтап, еңбектеріне жеміс, жұмыстарына табыс тілеймін!

Ботакөз Темірбаева,
облыстық полиция департаментінің ішкі және сыртқы коммуникациялар бөлімінің жетекші маманы

Пікір қалдырыныз

Your email address will not be published.