Қалалық қоғамдық-саяси газет

Мемлекеттік қызмет қалай қалыптасты?

23 маусым – Мемлекеттік қызметші күні

0 416

Адамзат қоғамының даму тарихының негізі – мемлекеттік қызметтегі кадрлар болып табылатын тиімді мемлекеттік аппаратсыз демократиялық, құқықтық және әлеуметтік мемлекет қалыптастыру мүмкін еместігін айқын көрсетеді. Бұл ретте басым міндеттердің бірі – мемлекеттік органдардың жұмысының жоғары тиімділігін, құзыреттілігін және мінсіздігін қамтамасыз етуге бағдарланған мемлекеттік қызметшілерді кәсіби даярлау.

Қазіргі уақытта көптеген ТМД елдері, оның ішінде Қазақстан да, әкімшілік реформалық дамудың жаңа сатысына көшуде. Осылайша, негізгі шаралар мемлекеттік басқару процестерін жетілдіруге және мемлекеттік көрсетілетін қызметтердің сапасын жақсартуға, олардың кәсіби деңгейін, мемлекеттік аппарат қызметінің нәтижелілігін арттыруға бағытталып отыр.
Қоғамдық өмірдің барлық жақтарын өтпелі кезеңнен кейін қайта құру барысында мемлекеттік-басқарушылық функциялар қайта бөлінді, мемлекеттік билік органдарының жаңа жүйесі мен құрылымы, әкімшілік басқарудың жаңа нысаны құрылды. Ол кейіннен 1993 және 1995 жылдары қабылданған Қазақстан Республикасының Конституцияларында және конституциялық ережелерді іске асыру үшін әзірленген басқа да заңнамалық актілерде заңды түрде ресімделді.
Көрсетілген жағдайларда Қазақстан Республикасындағы мемлекеттік қызмет институтының қалыптасуының кейбір кезеңдерін байқауға болады. Сонымен, елімізде мемлекеттік қызметтің қалыптасуының бірінші кезеңі өткен ғасырдың 80-ші жылдарының ортасынан басталды. Ол кезде КСРО-да кейінгі қайта құруға байланысты азаматтық қоғамның белсенді мүшелері ел экономикасының нарықтық қатынастарға көшуіне, тәуелсіз Қазақстанның мемлекеттік құрылысының жаңа мақсаттары мен басымдықтарына сәйкес келмейтін мемлекеттік қызметтің реформасы туралы айта бастады. Дәл сол кезде мемлекеттік басқаруды, атап айтқанда осы қызметті реформалау жолдарын белсенді іздеу жүргізілді. Сол кезеңде қарапайым азаматтардың ойлау тәсілі түбегейлі өзгере бастап, мемлекеттік аппарат пен жалпы мемлекеттік қызмет мәселелері қамтылған шетелдік заңнамалар мен авторлардың еңбектері сұранысқа ие бола бастағанын атап өткен жөн.
Қазақстанның саяси жүйесін қайта құру, оның ішінде мемлекеттік басқару мен қызметті реформалау жолдарын белсенді іздеудің қорытындысы 1993 жылғы 28 қаңтарда Қазақстанның бірінші Конституциясын қабылдау болды.
1993 жылғы ҚР Конституциясының 17 бабында «Азаматтардың мемлекеттік қызметке қол жеткізуге тең құқығы бекітілген. Мемлекеттік қызметші лауазымына кандидатқа қойылатын талаптар лауазымдық міндеттердің сипатына ғана байланысты болады», – деп жазылған. Бұл ереженің тарихи маңыздылығы осы құқықты заңнамалық тұрғыдан бекіту болды. Мұндай құқық КСРО-ның негізгі заңында көрсетілмеген, сонымен қатар жеке айқындалмаған болатын. Жалпы, Кеңес Одағында мемлекеттік қызмет туралы бірыңғай одақтық заң болған жоқ.
ҚР бірінші Конституциясын қабылдау барысында мемлекеттік қызметтің жаңа жағдайларға пара-пар жұмыс істеу моделін іздестіру үздіксіз жүргізілді. Осы мәселелер бойынша теориялық әзірлемелер мен шешімдерді бұрын одақтық орталық жүзеге асырғандықтан, барлық жаңа ізденістер мемлекет институттарын құрудың тарихи тәжірибесі жеткіліксіз жағдайда жүзеге асырылды.
1995 жылғы 30 тамыздағы референдумда Қазақстан Республикасының жаңа Конституциясы қабылданды. Осы сәттен бастап Қазақстанда Мемлекеттік қызмет туралы заңнаманы дамытудың келесі негізгі кезеңі басталады. ҚР жаңа Конституциясының 33-бабының 4-тармағымен Республика азаматтарының мемлекеттік қызметке кіруге тең құқығы жарияланды, сондай-ақ «мемлекеттік қызметші лауазымына кандидатқа қойылатын талаптар лауазымдық міндеттердің сипатына ғана байланысты болады және заңмен белгіленеді» деп айқындалды.
Конституцияның осы ережелерін іске асыру үшін келесі қадам ретінде 1995 жылғы 26 желтоқсанда Қазақстан Президентінің №2730 «Мемлекеттік қызмет туралы» Жарлығы шықты. Бұл Қазақстанда мемлекеттік қызметті институттандыру процесіне заңды күші бар бастау берді. Онда мемлекеттік қызметтің негізгі қағидаттары айқындалды, оның ішінде, жалпыға бірдей қол жетімділікті, азаматтардың құқықтары, бостандықтары мен заңды мүдделерінің мемлекет мүдделерінен басымдылығын ерекше атап өткен жөн. Осы актімен мемлекеттік қызметшілердің біліктілік талаптары енгізілді, мемлекеттік қызметке кіру, өткеру, тоқтату, мемлекеттік қызметшілерді аттестаттау мәселелері регламенттелді. Мемлекеттік қызметшілерді әлеуметтік қорғау шаралары белгіленді, көптеген басқа да маңызды ережелер енгізілді. Соған қарамастан жоғарыда аталған Жарлық көбінесе декларативті сипатта болды және азаматтардың мемлекеттік қызметке тең қол жетімділігін қамтамасыз етпеді.
Қарапайым азаматтар да, шенеуніктер де Жарлықтың қолданылу кезеңінде патронаттық жүйенің жағымсыз белгілері айқын көрінгенін атап өтті. Сондай-ақ мемлекеттік қызметке іріктеу жеке адалдық, достық немесе туыстық қағидаттардан туындады. Алайда тұтастай алғанда, осы нормативтік құқықтық актіні қолдану барысында пайда болған көптеген жағымсыз белгілерге қарамастан, оның мәнін жете бағаламауға болмайды. Өйткені егемен еліміздің тарихында алғаш рет өтпелі кезеңде мемлекеттің маңызды институты ретінде мемлекеттік қызметті дамытудың негізін қалаған Мемлекеттік қызмет жүйесі ұсынылды. Сонымен қатар мемлекеттік қызметті реформалау процесін қиындатқан объективті де, субъективті де сипаттағы проблемалардың жиынтығы өсе түсті. Олардың ішінде мемлекеттік қызметті реформалаудың тұжырымдамалық тәсілдерінің пысықталмауын, жаңа жағдайларда жұмыс істей алатын білікті, кәсіби даярлықтан өткен мемлекеттік қызметшілердің жетіспеушілігін, тиісті жобаларды жүзеге асыратын мемлекеттік органдар мен халықаралық ұйымдар тарапынан мемлекеттік қызметті реформалау мәселелерінде үйлестірілмегендікті, мемлекеттік қызметшілерге қойылатын лауазымдық талаптардың бірыңғай жүйесінің болмауы, олардың әлеуметтік-құқықтық қорғалу деңгейінің төмендігі, кадрларды көбінесе басшылардың жеке қалауы бойынша іріктеу, мемлекеттік қызметшілерді ілгерілетудің әділетсіз жүйесі, мемлекеттік аппаратта сыбайлас жемқорлықтың, парақорлықтың, жерлестіктің, отбасылық туысқандық, рулық және жүздік байланыстардың болуын атауға болады.
Бұл ретте, құзыретті, талантты, дарынды адамдарды мемлекеттік қызметке мақсатты іздестіру, іріктеу және тарту жүйесінің жоқтығын жеке атап өткім келеді. Аталған мәселелердің шешімі ретінде біздің еліміздің басшылығы мемлекеттік аппаратты қажетті мөлшерде және тиісті біліктілікпен кадрлармен мақсатты түрде қамтамасыз ете алатын бірыңғай орталық орган құрылды.
Халықаралық тәжірибені, озық елдердің дамыту тәжірибесінің басым бөлігін негізге ала отырып, мемлекеттік биліктің заң шығарушы, атқарушы және сот тармақтарына бөлінуіне қарамастан, басты мақсат кадр саясаты мен мемлекеттік қызметтің бірыңғай жүйесін қалыптастыру болып табылады. Осы және басқа да мақсаттарды іс жүзінде жүзеге асыру мемлекеттік қызметті ұйымдастыру мен оның жұмыс істеу қағидаттары мен қағидаларын қатаң сақтаған кезде ғана мүмкін болды. Басқаша айтқанда, мемлекеттік қызмет басқару саласы ретінде өзін-өзі басқарылатын кезде жүзеге асырылады.
Жоғарыда аталғандардың негізінде, мемлекеттік қызмет саласында бірыңғай саясатты жүзеге асыру үшін Мемлекет басшысына тікелей бағынатын және есеп беретін уәкілетті орган – Мемлекеттік қызмет істері жөніндегі ҚР Агенттігі құрылды. Ол мемлекеттік қызмет саласында бірыңғай саясатты жүзеге асырады. Тиісінше, 1999 жылғы 22 шілдедегі «Мемлекеттік қызмет туралы» ҚР Заңының және оның негізінде шығарылған заңға тәуелді нормативтік актілердің қабылдануымен отандық Мемлекеттік қызметтің мүлдем жаңа даму кезеңі белгіленді.
Халықаралық тәжірибеге жүргізілген талдау демократиялық мемлекеттердегі мемлекеттік қызметтің негізі меритократия – мемлекеттік қызметшінің жеке еңбегіне негізделген, мемлекеттік қызметте адами ресурстарды тиімді пайдалануға бағытталған жүйе екенін көрсетті.
Меритократия қағидаты жаңа заңның негізіне алынған мынадай элементтерді қамтиды:
1) Мемлекеттік қызметке кіру және жоғарылату кезінде міндетті конкурстық іріктеу;
2) мемлекеттік қызметшілердің құқықтық және әлеуметтік қорғалуы;
3) мәні бірдей жұмысты орындағаны үшін бірдей еңбекақы төлеуге;
4) өз қызметінде тиімді нәтижелерге қол жеткізген мемлекеттік қызметшілерді көтермелеуге; нәтижелері толық көлемде қанағаттанарлық емес қызметшілердің қызметін түзетуге және қызметінің нәтижелері қанағаттанарлықсыз қызметшілерді қызметтен шығаруға;
5) мемлекеттік қызметшілерді олардың қызметінің нәтижелерін жақсарту мақсатында тұрақты оқытуға құқығы бар.
Бүгінгі күні Қазақстан Республикасы мемлекеттік қызметінің жаңа моделінің тұжырымдамасын табысты іске асырудың нәтижесі мемлекеттік әлеуметтік – экономикалық дамудың көптеген өзекті қажеттіліктеріне сәйкес келетін нәтижеге және сапалы мемлекеттік қызмет көрсетуге бағдарланған кәсіби мемлекеттік қызмет болды.
Бұл ретте мемлекеттік қызметтің қолданыстағы заңнамалық базасы да жетілдірілді. Мәселен, 2015 жылғы 23 қарашада Мемлекет басшысы 2016 жылғы 1 қаңтарда қолданысқа енген «Қазақстан Республикасының мемлекеттік қызметі туралы» Заңға қол қойды.
Мемлекеттік қызмет туралы заңның қолданыстағы редакциясы барлық мемлекеттік органдардың, соның ішінде құқық қорғау органдарының қызметшілеріне қолданылады. Мемлекеттік қызметке кіру рәсімін жаһандық жаңғырту жүргізілді. Жалпы мансаптық ілгерілеу құзыреттілік тәсіл негізінде жүзеге асырылады.

Қорытындылай келе, Қазақстан Республикасында Мемлекеттік қызметтің қалыптасуының тәуелсіздік алғаннан кейін басталған және қазіргі уақытта демократиялық, құқықтық, азаматтық қоғамның эволюциясына қарай одан әрі жетілдіріліп, өзгеріп отыратын салыстырмалы түрде қысқа тарихы да бар екенін атап өткім келеді.

Е.Тұмабеков,
ҚР Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің облыс бойынша департаменті Мемлекеттік қызмет басқармасының басшысы

Пікір қалдырыныз

Your email address will not be published.