ҚР Тұңғыш Президентінің «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты бағдарламалық мақаласын жандандыру бағытында бүгінде облыс орталығында бірқатар жұмыс атқарылып жатыр. Маңызды мақаладан туындайтын міндеттерді жүзеге асыруда қалалық жұмысшы топ құрылып, қала әкімдігінің ғимаратында 2017 жылы арнайы жабдықталған «Рухани жаңғыру» кабинеті ашылды.

Атап айтқанда, 2017 жылы облыстық жобалық офиске 25 жоба ұсынылды. Олар: «Рухани қазына» кіші бағдарламасы бойынша – 8 жоба, «Тәрбие және білім» кіші бағдарламасы бойынша – 8 жоба, «Атамекен» кіші бағдарламасы бойынша – 9 жоба. 2018 жылы «Атамекен» кіші бағдарламасы бойынша 2 жоба ұсынылды. Жобалардың барлығы іс-шаралар ретінде жүзеге асырылуда.

ҚР Тұңғыш Президентінің «Рухани жаңғыру» бағдарламасының «Туған жер» жобасы аясында қаланың кәсіпкерлері шаһарымызды көркейту және инфрақұрылымдарын жақсарту жұмыстарын жүргізіп, әлеуметтік мәселелерді шешуге өз үлестерін қосуда. Мәселен, Тараз инновациялық-гуманитарлық университетінің ректоры Ерболат Саурықов 12 талапкерге, оның ішінде «Тараз» футбол клубының қосалқы құрамының 9 футболшысы, 3 мүмкіндігі шектеулі азаматқа тегін оқу грантына, «Қазфосфат» ЖШС-нің бас директоры Мұқаш Ескендіров «Мыңбұлақ» мөлтек ауданында әмбебап спорттық кешенінің құрылысына, «Арайстроймаркет-2003» ЖШС-нің директоры Арман Еділбаев мұқтаж отбасына 2 бөлмелі 1 пәтердің құрылысына, «Атшабар» скверін абаттандыруға, «Альтаист групп» ЖШС-нің президенті Әлібек Жұмабаев «Баласағұн» музейінің құрылысына, аз қамтамасыз етілген отбасыға 1 бөлмелі 1 пәтердің құрылысына, Темір жол бекеті маңындағы скверді абаттандыруға, Кардиохирургия орталығының директоры Сейтхан Жошыбаев 800 науқасқа тегін тексеруге демеушілік көмек көрсетіп отыр.

Ал өткен жылы «Самал» мөлтек ауданында №25, 30 үйлердің ауласына қалалық мәслихаттың депутаты Руслан Кан бейнекамералар орнатса, депутат Жұмабек Бөлекбаев спорт алаңшасын салу мақсатында орны мен бөлінетін жер телімдерінің топотүсірілімдерін дайындады. Сонымен қатар Қазақстан Республикасының спорт шебері, әйелдер арасында кәсіпқой бокстан әлем чемпионы Фируза Шарипова өз бастамасымен жеке автокөлігінің кілтін Тараз қаласында тұратын Жолдыбаевтар отбасына табыс етті.

Бұл жұмыстың нәтижесі қуантарлық, 7 меценат «Жомарт жүрек» сыйлығының әртүрлі номинациясы бойынша лауреат атанды.

Сондай-ақ кітапханалардың өркениет көшіне ілесуі қазіргі таңда өзекті мәселе болып отыр. Осы мақсатта «Nur Otan» партиясының «Қазақстан кітапханалары – заманауи білім орталықтары» бастамашыл жобасы аясында Абай атындағы орталық кітапханасында заманауи көп функционалды ақпарат, білім және мәдениет алаңына айналдыру бағытында Жамбыл облысы бойынша алғашқы болып Коворкинг орталығы ашылды.

Коворкинг орталығында бiрлесе және жеке жұмыс iстеуге арналған орындар құрылып, «Wi-Fi» жедел интернет жүйесі қосылған. Ыңғайлы жұмыс жасау үшін орталықта әртүрлі аймақтар кітапханалық жабдықтармен және жаңа технологиялармен қамтамасыз етілген.

Цифрландырылған ақпараттық орталық ретінде электронды зал жұмыс істейді. Мақсаты электронды мәлімет базаларына (ЭМБ) толық қол жеткізу болып табылады. Заманауи компьютерлік технологиялар негізінде оқырмандарға ақпараттық-библиографиялық қызмет тегін көрсетіледі және олардың кітапхананың мәлімет базаларымен жұмыс жасауға, авторлық құқығымен сақталатын басылымдарды қарауға мүмкіндіктері бар. Кітапхана пайдаланушылары мен қызметкерлеріне арналған шеберлік сыныптары мен тренингтер өткізіліп, кеңес берілуде. Мұндай цифрландырылған ақпараттық орталықтар М.Әуезов атындағы және №5, №6 кітапханаларда да ашылып, жұмыстар атқарылуда.

Елбасы Н.Назарбаевтың «Ұлы даланың жеті қыры» атты мақаласын түсіндіру мақсатында өткізілетін іс-шаралардың оқиғалар қатары әзірленіп, 2018 жылы 90 іс-шара өткізіліп, 8 000-нан аса қала тұрғыны қамтылды.

2019 жылы «Ұлы даланың жеті қыры» мақаласын орындау мақсатында облыстық жобалық офиске 9 жоба мен іс-шаралар ұсынылды.
Жастар жылына орай Тараз қаласы әкімдігінің ішкі саясат бөлімінің Жастар ресурстық орталығында жастардың бос уақытын тиімді ұйымдастыру мақсатында Коворкинг орталығын ашуға қалалық бюджеттен 4,8 млн теңге қаржы бөлінді.

Ағымдағы жылдың 10 сәуір күні Достық үйінде «Тараздың түрленуі» іскерлік-әріптестік кездесу ұйымдастырылатын болады. Кездесудің мақсаты Жамбыл облысынан шыққан елге танымал кәсіпкерлерді, өңір азаматтарын өз туған жерін көркейтуге, жаңғыртуға тарту, туған жерді түлетуге жұмылдыру болып табылады.

Ұлана СЛАМБЕКОВА,
қала әкімдігінің ішкі саясат бөлімінің басшысы

0 replies

Leave a Reply

Want to join the discussion?
Feel free to contribute!

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған