Қалалық қоғамдық-саяси газет

Рухани жаңғыру – кемел келешек кепілі

0 1  148

Рухани жаңғыру бағдарламасының білім саласына қатысты тұсы – келешек ұрпақты кемел білімге сусындататын үлкен мүмкіндік. «Білекті бірді, білімді мыңды жығады» деген қазақ мақалының мән-маңызы ешқашан кемімек емес. Керісінше, уақыт өтіп, заман өзгерген сайын халық нақылының құндылығы артып келе жатыр. Өйткені алдағы дәуір нағыз білімділердің дәуірі болмақ. Табысты болудың ең іргелі, басты факторы білім екенін әркім терең түсінуі керек. Жастарымыз басымдық беретін межелердің қатарында білім әрдайым бірінші орында тұруы шарт. Себебі құндылықтар жүйесінде білімді бәрінен биік қоятын ұлт қана табысқа жетеді. Әр үйдің үміті болған кішкентай бүлдіршіндерді отансүйгіштікке, ұлттық салт-дәстүрімізді құрметтеу- ге, өлкеміздің табиғатын қорғауға қалыптастыру балабақша табалдырығынан бастау алуы қажет. Қайта жаңғырудың екі процесі – саяси реформа мен экономикалық жаңғыруды қолға алып жатырмыз. Осы жұмыстарды жүзеге асыру үшін әрқайсысымыздың санамыз ісімізден озып жүруі, одан бұрын жаңғырып отыруы тиіс екендігі айтылған мақалада. Шындығында, ұлттық рухы, руханияты жоғары, мәдениеті озық ел көп нәрсеге қол жеткізетіні анық. Ұлттық бірегейлікті сақтау ұлттық жаңғыру деген ұғымның өзі ұлттық сананың кемелденуін қажет етеді. Жаңа заманда білім берудің өзекті мәселесі – жас ұрпаққа рухани патриоттық тәрбие беру. Құнды қасиеттерге ие болу, рухани бай адамды қалыптастыру оның туған кезінен басталуы керек. Халықта «Ағаш түзу өсу үшін оған көшет кезінде көмектесуге болады, ал үлкен ағаш болғанда оны түзете алмайсың» деп бекер айтылмаған. Сондықтан баланың бойына жастайынан ұлттық намыс, мінез-құлық, тектілік, отансүйгіштік, яғни рухани патриоттық құнды қасиеттерді сіңіріп тәрбиелеуде отбасы мен тәрбиешілер шешуші рөл атқарады. Еліміздің болашағы жас ұрпақты тәрбиелеуде бірінші бесік – отбасы, ата-ана тәрбиесі болса, екінші бесік – білім беру мекемесі.
Қорыта келгенде, қазақ елінің бәсекеге қабілетті, жан-жақты дамуға ұмтылуы заңдылық. Дегенмен, ең бастысы, жаһандық өзгерістер кезеңінде біз ұлттық ерекшелігімізді, құндылығымыз- ды сақтай білуіміз керек. Білімді, көзі ашық, көкірегі ояу болуға ұмтылу – біздің қанымызда бар қасиет. Ең бастысы, бағыт-бағдарымыз анық, жолымыз жарқын.

Абзал Есіркепов,
Жастар ресурстық орталығының директоры

Пікір қалдырыныз

Your email address will not be published.