Қалалық қоғамдық-саяси газет

Бес әлеуметтік бастаманың Тараз қаласында жүзеге асырылу барысы қандай?

0 202

Былтыр 5 наурызда Тұңғыш Президент – Елбасы «Президенттің бес әлеуметтік бастамасы» атты үндеуін жариялаған болатын. Онда Нұрсұлтан Назарбаев: «Оларды іске асыру жаңа жұмыс орындарын құруға, сол арқылы ел экономикасының әрі қарай дами түсуіне жол ашады» – деген еді. Соған сәйкес республика көлемінде қарқынды жүзеге асырылып жатқан бастамалар Тараз қаласында да бірқатар өзекті мәселелердің шешілуіне өз септігін тигізіп келеді.

Бірінші бастама: «Әрбір отбасына баспана алудың жаңа мүмкіндіктерін беру»

Аймақта жергілікті бюджеттен 1753 пәтер пайдалануға берілсе, оның 1040-ы Таразда орналасқан. Қаланың Бас жоспарына сәйкес Сүлейменов көшесінің соңында 362 гектар жерге жаңа 15-ші мөлтек аудан бой көтеруде. Онда 280 көппәтерлі және 969 жеке тұрғын үй салынып, 30 мыңнан астам халық тұрады деп күтілуде. Қазір мұнда «Нұрлы жер» бағдарламасы бойынша 10 несиелік тұрғын үй немесе 800 пәтер қолданысқа беріліп үлгерді. Олардың 480-іне аталған бағдарлама аясында «Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі» АҚ-ы арқылы келісімшарттар бекітілсе, Елбасының халыққа арналған «Президенттің бес әлеуметтік бастамасы» атты үндеуі аясындағы «7-20-25» бағдарламасы арқылы «Арай» мөлтек ауданында 14 пәтер сатылып, тағы 33 азаматтың арызы екінші деңгейдегі банктерде қарастырылуда. Сондай-ақ 3 арендалық әлеуметтік тұрғын үй немесе 240 пәтер берілді. Атап айтқанда, олар – «Арай» тұрғын алқабындағы 80 пәтерлі 1 үй және «Бәйтерек» мөлтек ауданында 100 және 60 пәтерлі 2 үй. Биыл 15-ші мөлтек ауданында 80 пәтерлі 5 арендалық тұрғын үйдің құрылысы жүргізіледі. Оның үстіне аталған алқапта қосымша 80 пәтерлі 9 үй, 60 пәтерлі 11 кредиттік үйдің құрылыстары басталады. Алдын ала жоспар бойынша аталған үйлердің құрылысы 2019-2020 жылға жоспарланған бұл үйлер арқылы 1380 пәтер беріледі.

Келесі кезеңге 25 тұрғын үйдің жобалық-сметалық құжаттарын әзірлеу жұмыстары аяқталып, олардың құрылысы 2020-2021 жылдары жүргізіледі деп жоспарлануда. 2018 жылы пайдалануға берілген тұрғын үй көлемінің жалпы аумағы 243,7 мың шаршы метрді немесе нақты көлем индексі 127 пайызды құрады.

Жалпы шаһар аумағында тұрғын үй кезегінде тұрған азаматтардың саны 16573-ті құраса, жеке тұрғын үй құрылысын жүргізу үшін жер телімдерін алуға 70 057 азамат кезекте тұр.

«7-20-25» ипотекалық бағдарламасын жүзеге асыру үшін Қойгелді көшесі, №173 үйден арнайы орталықтандырылған түсіндіру офисі құрылды. Кеңсенің басты мақсаты бағдарламаға қатысушы барлық екінші деңгейдегі банктердің өкілдерін бір жерге шоғырландырып, қала тұрғындарын мәліметтік кеңестер, жеңілдіктер туралы хабардар ету, сол арқылы ипотекалық бағдарламаны қарқынды жүзеге асыру болып табылады. Мұнда бағдарлама бойынша «Арай» тұрғын алқабы, Сүлейменов көшесінің соңындағы 15 шағын аудандағы жаңа үйлерден пәтер алуға тұрғындардан өтініштер қабылданады.Сонымен қатар түсіндіру кеңсесінде серіктес екінші деңгейлі банктерден құжаттарды рәсімдеу, пәтердің шаршы метрі мен бөлмесі, бағасы туралы толық ақпарат беріледі.

Екінші бастама: «Жалақысы төмен жұмысшылардың еңбекақысын көбейту үшін олардың салық жүтемесін азайту»

Тұңғыш Президенттің ағымдағы жылдың 1 қаңтарынан бастап ең төменгі жалақы мөлшерін 1,5 есеге көтеру бойынша тапсырмасы іске асырыла бастады. Тараз қаласы бойынша мемлекеттік емес сектордағы 1358 кәсіпорында 42500 теңгеден төмен жалақы алатын 11927 жұмыскер тіркелген екен. Оның 7605-і жұмыс істейтін 510 кәсіпорын өткен жылдың желтоқсан айында ресми түрде олардың жалақысын көтеретіні туралы мәлімдеді. Тұңғыш Президенттің осы тапсырмасына сәйкес, облыс орталығында барлық кәсіпорындар мен мекемелердегі жұмысшылардың еңбекақысын ең төменгі жалақы мөлшерінен кем болмауына аса назар аударылды.
Жыл басында қала бойынша 7844 кәсіпорында жалақының төмендігі анықталған. Ондағы жұмыскерлер саны 61893 адамды құраса, бүгінде 33114 жұмысшының жалақысы көтерілді.

Үшінші бастама: «Жоғарғы білім алудың қолжетімділігі мен сапасын арттырып, студент жастардың жатақханадағы жағдайын жақсарту»

Елбасының бес әлеуметтік бастамасының бірі студенттік жатақхана жағдайын жақсарту болып отыр. Осыған байланысты Жамбыл даңғылы бойында 143 орындық жатақхана берілді. Бүгінде жөндеу жұмыстары жүргізілуде. Қаладағы екі колледж білімгерлері үшін 650 орындық екі жатақхана соғу қажет. Қазір Абай атындағы гуманитарлық колледжге 15-ші мөлтек ауданнан 300 орындық жатақхана құрылысы үшін 1,2 га жер телімі бөлініп берілді. Медициналық колледж білімгерлері үшін 1,0 га жер телімі бар. Бүгінгі таңда сәулеттік-жоспарлау құжаттары дайындалу үстінде.

Ал облыс бойынша арендалық тұрғын үй кезегінде тұрған 23 762 адамның ішінде халықтың әлеуметтiк осал тобына жататын азаматтарына да жатақхана беру мәселесі көтерілген еді. Себебі олардың саны бүгінде – 13 436. Әулиеатада әкімдіктің бастамасымен осы отбасыларды тұрғын үй кезегі жеткенге дейін жатақханамен қамту жұмыстары қолға алынуда. Ағымдағы жылы осындай 6 жатақханаға 400-ге жуық аз қамтылған және көпбалалы отбасын қоныстандыру жоспарланып отыр. Олардың үшеуі Тараз қаласында, Шу, Жаңатас және Қаратау қалаларында 1 жатақханадан салу көзделуде.

Облыс орталығында №5 «Қарасу» мөлтек ауданынан салынатын көпбалалы отбасыларға арналған 4 көпқабатты әлеуметтік жатақхананың құрылыс жобасы облыс әкіміне таныстырылған. Ғимаратта барлығы 180 пәтер болады деп жоспарлануда. Жоба құны 812 миллион теңгеге айналмақ. Құрылыстың жалпы аумағы 8 100 шаршы метрді құраса, пәтердің бір шаршы метрінің құны 100,2 мың теңгеге айналады. Айта кету керек, 4 жатақхана соғылатын аумақта инфрақұрылым мәселесі шешілген. Ал ғимараттың ішкі құрылысы кәдімгі екі бөлмелі пәтерлерден тұрады. Ондағы бір пәтердің жалпы ауданы 35-40 шаршы метрді құрайды. Әр пәтерде зал және жатын бөлмелер, сондай-ақ өз ас үйі, әжетханасы мен жуынатын (санузел) бөлмесі де болады. Жоспар бойынша жобаның барлық құжаттары алдағы үш айда дайындалмақшы. Сөйтіп, құрылыс жұмыстары ағымдағы жылдың маусым айында басталып, 1 желтоқсанға дейін аяқталуы тиіс.

Төртінші бастама: «Шағын несие беруді көбейту»

Жыл басынан бері белсенді жұмыспен қамту шараларымен 7205 азамат қамтылды, оның ішінде мемлекеттің қолдауынсыз бос орындарға – 4135, әлеуметтік жұмыс орындарына – 50, жастар тәжірибесі бойынша – 430, қоғамдық жұмыс орындарына – 917, кешенді жоспар жобалары бойынша – 229, шағын несие беру бойынша – 42, кәсіптік біліммен және қысқа мерзімді кәсіптік оқумен қамтамасыз етуге байланысты 1402 адам тартылған. Осы жұмыспен қамтылғандардың ішінде 1420 адам тұрақты жұмыс орындарына орналасқан.

Аталған шаралардың ішінде «Еңбек» нәтижелі жұмыспен қамтуды және жаппай кәсіпкерлікті дамытудың 2017-2021 жылдарға арналған бағдарламасы аясында 232 млн теңге қаржы қарастырылған. 1741 адамды жұмыспен қамту жоспарланса, есепті кезеңде 1965 адам қамтылды. Бағдарламаның қысқа мерзімді кәсіптік оқыту тетігі бойынша есепті кезеңде сұранысқа ие 32 мамандық бойынша 1092 адам аталмыш курстарға жолданды. Шағын несиелендіру бойынша бүгінгі күнге екінші деңгейлі банктерге 112 азамат жолданып, 42 жобаға 464,3 млн теңге қаражат берілген. 68,2 млн теңгеге 6 жоба мақұлданып, 216,1 млн теңгеге 16 жоба қарастырылуда.

Бесінші бастама: «Елді газбен қамтамасыз ету»

Бүгінгі таңда қала тұрғындарынан келіп түсетін өтініштердің көпшілігі қаладағы саяжайлар мен тұрғын алқаптарды инженерлік инфрақұрылыммен қамтамасыз ету мәселелері болып табылады.

Облыс әкімінің қала құрылысы кеңесінде берген тапсырмасын орындау мақсатында 2019 жылы «Шалғай Қарасу» тұрғын алабын, сондай-ақ 28 саяжай мен «Құмшағал», «Шөлдала», «Көлтоған», «Қызыл-Абад», «Казарма», «Жиделі» алқаптарын, сонымен қоса «Құмшағал» станциясын электрмен, газбен және сумен қамтамасыз ету бойынша жобалық-сметалық құжаттамалары әзірленіп, 2020-2021 жылдары орындалады деп ұсынылуда.

Ғалымжан Әбдірайымов,
Тараз қаласының әкімі

Пікір қалдырыныз

Your email address will not be published.