Қалалық қоғамдық-саяси газет

Экономиканы өрістетудің қарышты қадамы

0 743

«100 нақты қадам» Ұлт жоспары Тұңғыш Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың Бес институттық реформасын жүзеге асыру үшін қабылданған болатын. Мақалада атап өткен ұзақ мерзімді бес реформаның бірі – «Индустрияландыру және экономикалық өсім».

Ұлт жоспарының аталған бағыты ең ауқымды әрі Қазақстанның экономикалық дамуының маңызды мәселелерін қамтиды. Құнды құжатта ел экономикасын индустриялық-инновациялық дамыту бағдарламасы мен әлеуметтік жаңғыртылуын одан әрі жүзеге асыруда бірқатар жоспарлар айтылған еді. Жалпы индустрияландыру мен экономикалық өсім шығынсыз экономикаға негізделеді. Оның ішінде салықтық және кедендік басқаруға қатысты шараларға өзгерістер енгізу басты назарға алынып отыр. Бұл ретте салықтық және кедендік жүйелердің кіріктірілетінін атап өтуге болады. Сондай-ақ салықтық және кедендік тексерулер де оңтайландырылмақ. Қарастырылып отырған жеңілдіктер ішінде салық декларациясын, өңдеудің орталық желісін ерекше атап өтуге болады. Бұл шара салық төлеушілерге электронды құжат арқылы бірыңғай мұрағатқа кіруге мүмкіндік береді. Сондай-ақ бұл шаралардың ішінде жанама салық салуды жетілдіру, қолданыстағы салық режимін оңтайландыру да жолға қойылған. Тағы бір атқарылып жатқан жұмыстардың бірі – экспорт пен импорттық кеденге «Бір терезе» қағидасын енгізіп, осыған қатысты құжаттар мен оны рәсімдеу уақытының қысқартылуы.
Ұлт жоспарында электр энергиясы, энергетикалық тиімділік, ауыл шаруашылығы, көлік тасымалдары жүйесі, туризм салаларына басымдық берілген. Мысалы, 35-қадамда ауыл шаруашылық жерлерін тиімді пайдалану үшін оларды нарықтық айналымға енгізу керектігі айтылған. Сонымен қатар жер телімдерін мақсатты пайдалану түрін өзгерту үшін рұқсат алу процесін жеңілдету, мониторинг жүргізу, пайдаланылмаған жерлерді мемлекеттік қорға беріп, кейін жекешелендіруге мүмкіндік беру секілді шаралар қамтылған.
Экономиканың өсімін қамтамасыз ету үшін, сонымен қатар оның перспективалы секторларындағы халықаралық стратегиялық серіктестермен бірлескен кәсіпорындар құру ісі де жолға қойылды. Ал экономикалық өсімге тікелей әсер ететін маңызды салалардың бірі туризмге келер болсақ, бұл ретте туристік кластерлер құрған үздік тәжірибесі бар инвесторларды тарту жұмыстарына басымдық берілуде. Сонымен қатар индустрияландыру және экономикалық өсім бойынша реформалардың ішіндегі нақты қадамдардың бірі халықаралық әуе тасымалын арттыру да туризм үшін оң ықпалын көрсететіні анық.
«100 нақты қадам»  экономикалық саясатты және индустриалды-инновациялық даму бағдарламасын жүзеге асырумен тығыз байланысты. Бұл құжатты көптеген салаларды, оның ішінде экономиканы модернизациялайтын реформа ретінде қарастыруға болады. Себебі республикамыз бүгінгі таңда әлемдік экономикамен тығыз байланыс орнатқаны белгілі. Сондай-ақ еліміз Экономикалық ынтымақтастық және даму ұйымымен екіжақты бағдарламаға қол қойды. Бұл ұйым әлемдік ішкі жалпы өнімнің 60 пайызын қамтитынын ерекше атап өту керек.
Ғылыми-сарапшылық кеңес жасаған әлеуметтік зерттеулер нәтижесі көрсеткеніндей, Қазақстан халқының басым бөлігі Бес институттық реформаны қолдайды. Соның ішінде реформаның төртінші бағыты – «Болашағы біртұтас ұлт» бағытын респонденттердің 85,4 пайызы жақтаған. Сауалнамаға қатысқандардың басым бөлігі немесе 94,2 пайызы «Мәңгілік ел» құндылықтарын толық қолдайтындықтарын білдірді. Сондай-ақ бұл көрсеткіш 2014 жылмен салыстырғанда 10,6 пайызға өскен. Сонымен қатар «Жалпыға ортақ еңбек қоғамы» идеясын респонденттердің 80,7 пайызы қолдаса, ал «Нұрлы болашақ» ұлттық жобасын сауалнамаға қатысқандардың 78,9 пайызы жақтаған. Әсіресе соңғы жылдары Қазақстанда жүргізілген ғылыми зерттеулер қоғамдық сананың өзгерістерінде оң динамика байқалатынын көрсетті. Сонымен қатар қоғамдық келісімнің және жалпыұлттық бірліктің қазақстандық үлгісін де халықаралық қауымдастық жоғары бағалауда.
Мақалада аталған жоспарларды іске асыру Қазақстанның экономикалық «тамырларын» дамытуға мүмкіндік беретіні, сондай-ақ шетелдік инвесторлардың тәжірибесін қажет ететіні аталып өткен. Сондықтан жекешелендірудің мәнін осы салада қарастырған жөн.
Біздегі маңызды мемлекеттік Индустриалды-инновациялық даму және «Нұрлы жол» бағдарламаларымыз Қытайдың «Бір белдеу, бір жол» бастамасымен өте тығыз үндеседі. Ең әуелі екі елдің арасында көптеген инфрақұрылымдық және өндірістік жобаларды жүзеге асыру жайында уағдаластық бар. Оларды қаржыландыру «Жібек жолы» қоры, Қытай инвестициялық корпорациясы, Азиялық инфрақұрылымдық инвестициялар банкі сынды көптеген ұйымдар үшін маңызды міндет болып саналады. Сонымен қатар біз елімізде белсенді жұмыстар жүргізіп жатқан СИТИК корпорациясымен ынтымақтасудамыз. Олардың қазіргі сәтте Қазақстанның қаржы секторына инвестиция құю туралы зор жоспары бар. CNPC, Sinopec, CITIC сынды қытайлық инвесторлар өздерін жақсы қырынан көрсете алған біздің ынтымақтастығымыздың дәстүрлі энергетикалық саласынан бөлек, инновациялық және қаржылық делдалдық салаларында зор серпіліс бар екендігін айрықша атап өткім келеді. Мәселен, СИТИК IZP Technologies Co компаниясы Қазақстанда үлкен дата-орталықтар құрылысына инвестиция салуға ниетті және АХҚО-ның жаңа бағыттарын қалыптастыруға мүдделілік танытуда. Қазақстандық компаниялар үшін Қытайдың үлкен мәліметтер базасын құру бағытындағы «Алибаба», «Сяоми», «Леново» корпорацияларының тәжірибелері барынша тартымды. Біздің тарап үшін бұл сандық технологияларда зор серпіліс, ал «Астана» халықаралық қаржы орталығы үшін ынтымақтастықты дамытуға арналған алаң бола алады.
Ұлт жоспарының 5-ші бағыты, яғни халыққа есеп беретін мемлекетті қалыптастыру жөніндегі реформалар аясында маңызды шаралар қабылданды. Біріншіден, мемлекеттік жоспарлауда оңтайландыру іске асырылды. Түрлі деңгейдегі сегіз бағдарлама жолға қойылып, бес салалық бағдарлама үкіметтік негізде қайта бекітілді. Екіншіден, барлық министрліктер мен əкімдіктерде жаңа заңнамалық негізде үкіметтік емес ұйым өкілдерінің қатысуымен қоғамдық кеңестер құрылды.Үшіншіден, мемлекеттік органдардың қызметін бағалайтын жаңа жүйе жұмыс істей бастады. Мемлекеттік органдар, əкімдер, ұлттық университеттердің басшылары жыл сайын халық алдында есеп беру тəжірибесі енгізілді.
Тұңғыш Президенттің «Қазақстан жаңа жаһандық ахуалда: өсім, реформалар, даму» атты Жолдауын іске асыруға, оның ішінде дағдарысқа қарсы жобаларға «Болашақ» бағдарламасы бойынша білім алған мамандардың атсалысуына аса үлкен мән беріп келеді. Атап айтқанда, 2016 жылдан бастап стипендия алуға үміткерлерге қойылатын талаптар күшейтілді. Өзгерістер шет тілін білу деңгейіне, дипломның орташа балына, жұмыс өтіліне қатысты енгізілді. 163 позициядан тұратын басым мамандықтар тізбесі жаңартылды, оның 41 пайызы инженерлік-техникалық мамандарды даярлауға бағытталған. Демек, шетелдің жоғары оқу орнынан білім алған жастар бүгінде ел экономикасының дамуына өз үлестерін қосып жатыр.
«100 нақты қадам» Ұлт жоспарында Қазақстан Республикасының бюджет саясатын трансформациялау үдерістеріне үлкен көңіл бөлінген. Нәтижеге бағдарланған бюджеттеу мемлекеттің экономикаға қатысу тәсілдерін түбегейлі қайта қараумен қоса жүреді. Соңғы бірнеше жылда бүкіл әлем экономикалық жүйенің трансформациясын бақылап отыр. Бұл мұнай мен металдар құнының құлдырауымен, дамыған және дамушы елдердің, оның ішінде Қытайдың «жаңа нормасының» өсу қарқынының баяулауымен қатар жүруде. Соның салдары ретінде шикізатқа әлемдік сұраныс төмендейді, өндіріс көлемі құлдырайды. Жағдай әртүрлі елдердің экономикаларының «сауығуына» аз ықпал ететін геосаяси факторлармен де шиеленісе түседі. Жаһандық экономикалық жүйенің бір бөлігі ретінде Қазақстанның да жоғарыда келтірілген факторлар тарапынан қысым көруі табиғи жайт. Оның ішінде бұған біздің экономикамыздың шикізаттық ресурстар экспортына айтарлықтай тәуелділігі және соның салдарынан соңғы бірнеше жылда байқалып отырған осы ағындардан бюджетке түсетін кіріс деңгейінің төмендеуі де себеп болып отыр. Индустриялық-инновациялық даму бағдарламасы экономиканың «голланд ауруынан» сауығуына бағытталған. Біз қазірдің өзінде-ақ шикізаттық емес сектордың біртіндеп ұлғайғанын айта аламыз. Оның ішінде бюджеттің кіріс бөлігіне салықтар түріндегі түсімдердің өсуін де көріп отырмыз.
Нұрсұлтан Назарбаевтың «100 нақты қадам» Ұлт жоспарының негізі болған Бес институттық реформаның іске асырылуы еліміздің дамуын трансформациялаудың және мемлекеттің орнықты нарықтық қатынастар жолына түсуінің жалғасы болып табылады. Мұндай «терең» өзгерістерсіз ғасырдың басты стратегиялық мақсаты – дамыған 30 мемлекеттің тобына кіруге қол жеткізу мүмкін емес. Бұл мақсатқа жету жолында бізді күтіп тұрған кедергілер де аз емес. Ол «шикізат ресурстары нәубетінен» де қатерлі болуы мүмкін. Көкжиекте көрініп тұрған осындай айқын табалдырықтардың бірі – бұрын біздікі сияқты проблемалары мен мүмкіндіктері болған бірқатар мемлекеттер де төтеп бере алмаған «кірісі орташа елдер тұзағы».
Мемлекет бизнес үшін оны алмастырмай, оған бағдар ғана беретінін және оның қолайлы жағдайларын туғызатынын айтып өткеніміз жөн. Сол арқылы оның дамуына ықпал етеді. Нәтижесінде, бюджетке тиесілі салық түсімдері арта түсетін болады. Ал бұл жалпы халықтың әл-ауқатын жақсартуға жағдай жасайды. Ұлт жоспары – Бес институттық реформаны іске асыру жөніндегі «100 нақты қадам» да дәл осыған бағытталған.
Құжаттың 77-қадамында Экономиканың алты негізгі саласы үшін он алдыңғы қатарлы колледж бен он жоғары оқу орнында білікті кадрларды әзірлеу, кейіннен бұл тәжірибені еліміздің басқа оқу орындарына тарату. 79-қадамында Білім беру жүйесінде – жоғары сыныптар мен ЖОО-ларда ағылшын тілінде оқытуға кезең-кезеңмен көшу. Басты мақсат – даярланатын кадрлардың бәсекелестік қабілетін арттыру және білім беру секторының экспорттық әлеуетін көтеру мәселелері айтылған болатын.
Ұлт жоспарындағы 59-қадам халықаралық дәрежеде мойындалған энергосервистік келісімдер механизмі (ЭСКО) арқылы энергия үнемдеу саласына инвестор тартуды көздейді. Энергосервистік келісім энергия ресурстарын үнемдеу саласына инвестор тартудың қаржылық механизмі болып отыр. ЭСКО үнемделген энергия есебінен инвестицияны ақтауға мүмкіндік береді. Бұл қадам іске асса, энергетика саласына инвесторларды тартып, энергия үнемдеуден түсетін тиімділікті арттыруға, шығын көлемін азайтуға, экологиялық ахуалды жақсартуға мүмкіндік береді. Энергосервистік компаниялар нарығының дамуы жаңа жұмыс орындарын ашып, халықты әлеуметтік қолдауға сеп болатыны сөзсіз.
«100 нақты қадам» Ұлт жоспарының 93-қадамында «Мемлекеттік аудит және қаржылық бақылау туралы» Заң қабылдау міндеті жүктелген болатын. Күшіне енген сол заңға сәйкес, елімізде Камералдық бақылау институты енгізілді. Жаңа институттың экономикалық тиімділігі зор. Камералдық бақылау объектілерге бармастан жүргізілетіндіктен, мемлекеттік аудит объектілеріне әкімшілік жүктеме төмендеді. Бұл ретте жүктелген тапсырмаларға орай мемлекеттік бағдарламаларды бағалау үш жылда бір рет жүргізілетін болады. Ал мемлекеттік органдардың нәтижелілігін бағалау стратегиялық жоспарлар бойынша жылма-жыл жүзеге асырылады. Бұдан бөлек құжатта Н.Назарбаев «Мемлекеттік аудит және қаржылық бақылау туралы» жаңа Заң қабылдау қажеттігін айтып, Есеп комитетіне бірінші сыныпты әлемдік аудиторлық компаниялардың модельдері бойынша жұмыс істеуді, ағымдық операциялық бақылаудан кетуді тапсырған еді.
Құжаттың басты мақсаты – қаржылық бақылаудың құқықтық қолдану тәжірибесін ескере отырып, мемлекеттік аудиттің кешенді жүйесін құру. Осы мақсаттар аясында Қазақстан ұмтылып отырған Экономикалық ынтымақтастық және даму ұйымының мүше мемлекеттерінің тәжірибесі талданып, елімізде халықаралық кәсіби аудит стандарттарын енгізу жүргізіле бастады. Сонымен қатар мемлекеттік аудит түрлері бойынша тиімділік аудитіне, қаржылық есептілік аудитіне және сәйкестік аудитіне бөлінеді. Оның ішінде мемлекеттік аудиттың өзі сыртқы және ішкі аудитке жіктеліп отыр. Ең бастысы, егер бұған дейінгі жылдары қаржылық бақылау жұмысы заң бұзушылықтарды ашуға бағытталса, жаңа мемлекеттік аудит бұзушылықтарды жойып қана қоймай, қаржы саласындағы олқылықтардың алдын алуға, заңсыздықтарды барынша азайтуға ықпал етуді қарастырады. Осылайша жаңа стандарттар мен жүйелерді белгілеген заңның аясындағы ережелер ҚР Қаржы министрлігі мен Республикалық бюджеттің атқарылуын бақылау жөніндегі есеп комитеті тарапынан жүзеге аса бастады.
Мәселен, ҚР Қаржы министрлігінде жаңа институт – Камералдық бақылау жүйесі енгізілді. Бақылаудың бұл түрі ішкі мемлекеттік аудит жөніндегі уәкілетті органның мемлекеттік аудит объектілеріне бармастан, бюджеттік және басқа да заңнаманы бұзушылықтардың уақытылы жолын кесу, оларға жол бермеуге бағытталған ақпарат көздерін қолдану арқылы жүргізіледі. Мамандардың айтуынша, бұл жүйе ағымдағы жылдың басынан ғана енгізілгеніне қарамастан бірқатар нәтижелерді паш етіп отыр. Мәселен, 2016 жылдың үш айында камералдық бақылаумен 60 мың мемлекеттік сатып алу үдерістері қамтылған екен. Соның ішінде жаңа жүйе бойынша тексеру арқылы 17 мың сатып алудағы жалпы сомасы 116 млрд теңгеге заң бұзушылықтар анықталып отыр. Яғни камералдық бақылау арқылы әрбір 4-інші сатып алу үдерісі заң бұзушылықтарға жол бере жүргізілгені белгілі болды. Мамандар жаңадан енгізіліп отырған қаржылық бақылау жүйесінің экономикалық тиімділігін де атап өтеді. Мәселен, камералдық бақылау қызметі объектілерге бармастан жүргізілетіндіктен, мемлекеттік аудит нысандарына әкімшілік жүктеме төмендейді. Екіншіден, камералдық бақылауды жүзеге асырған кезде уәкілетті орган ешқандай да іссапарлық шығыстарды көтермейді. Бұдан бөлек, тексеру-бақылау барысында адамдардың араласу фактілері жойылады.
Тұңғыш Президент Н.Назарбаев бастамасымен жүзеге аса бастаған Бес институттық реформа аясындағы «100 нақты қадам» Ұлт жоспары Қазақстандағы жаңа құқықтық ортаны қалыптастырады. Десе де, бағдары айқын реформаның табысты орындалуы, ең алдымен, заң үстемдігін қамтамасыз етуге тікелей байланысты екені сөзсіз. Сондықтан да Ұлт жоспарында қамтылған қадамдар заң үстемдігін қамтамасыз етуге, азаматтардың құқықтары мен мүдделерін қорғауға ерекше мән беріп, осы бағытта қызмет атқаратын құқық қорғау органдарын жаңа деңгейге көтеруге мүмкіндік береді.
Реформалар аясында қоғамды жаңғыртудың бір қадамы ретінде Қазақстан Республикасының Ішкі істер министрлігі пенитенциарлық жүйені дамыту жөніндегі жұмысты жалғастыруда. Ол бойынша Ұлт жоспарының 34-ші қадамында мемлекеттік-жекешелік әріптестікті қолдану тетігі қарастырылған болатын. Бұл негізінен қылмыскерлерді қоғамнан оқшаулауға соқтырып, оны қайта тәрбиелеудің орнына, керісінше адамды одан сайын тұқыртады.
Бәрімізге мәлім, қазіргі таңда мемлекеттік-жекешелік әріптестік аясында пенитенциарлық инфрақұрылымды жаңғырту жұмыстары атқарылып жатыр. Бұл Ұлт жоспарының 34-і қадамында жүктелген тапсырма болатын. Жалпы Қазақстанда қызмет етіп жатқан қылмыстық-атқарушылық жүйесіндегі ұстау мекемелерінің барлығы дерлік қырық жыл бұрын салынған нысандар. Сондықтан да қазір жаңа мекемелер салу күн тәртібіне шығып отыр. Ал бұл айтарлықтай қаржылық шығынды талап ететіні сөзсіз. Сондықтан да мемлекеттік бюджетке түсетін салмақты бөлісу үшін жеке инвестициялар тарту туралы шешім қабылданған болатын. Ал жеке инвестиция тартудың негізгі тетіктерінің бірі – мемлекет пен жеке сектордың өзара тиімді ынтымақтастығын дамытатын мемлекеттік-жекешелік әріптестік. Біз осы бағыттағы халықаралық тәжірибелерді зерделеп, талдап шықтық. Сондықтан да, Қазақстанда пенитенциарлық инфрақұрылым жүйелерін дамытудың мемлекеттік-жекешелік әріптестік аясындағы аса қолайлы түрі концессия болып табылады.
Кеңестік кинода айтылатын «Ұры түрмеде отыруы керек!» деген мәселе аксиома емес. Сөзсіз, қылмыс жасаған адам қолымен жасағанды мойнымен көтеріп, жазасын тартуы қажет. Дегенмен жазалау деген осы екен деп, сүрінгеннің бәрін түрмеге тоғыта беруге де болмайды. Сондықтан жаңа қылмыстық заңнама осы мәселеге оң қырынан келіп, жазалаудың бас бостандығынан айырумен байланысты емес балама тәсілін қолдану мүмкіндіктерін кеңейтті. Қазіргі таңда Қазақстанда 2012 жылы құрылған қылмыстық-атқару жүйесіндегі пробация табысты дамып келеді.
Түйіндей айтсақ, қылмыстық-атқару жүйесін жаңғырту және осы бағыттағы реформалар кешенін одан әрі жүзеге асыру саланы халықаралық стандарттарға мейлінше жақындата түсетіні анық. Ұлт жоспары аясындағы бүгінгі күні Ішкі істер министрлігінде атқарып жатқан шаралар кешені де осындай игі мақсатқа негізделген. Ең ақыры, Қазақстан Республикасының Конституциясы мен БҰҰ Конвенцияларында қарастырылған адам құқықтарын, әсіресе бас бостандығынан айырылған санаттағы азаматтардың құқығын қорғау арқылы біз заңды, мемлекет пен қоғамды құрметтейтін азаматтардың мүддесін жоғары деңгейде қорғай алатынымыз анық. Тұтастай алғанда, «100 нақты қадам» Ұлт жоспарында бюджет саясатын трансформациялау үдерістеріне мейлінше мән беріп отыр. Сол тұрғыдан алғанда, Ұлт жоспарының тұтастай қадамдарын сапалы іске асыру мемлекеттің орнықты дамуын қамтып, халықаралық нарықтық қатынастар жолына түсуін қамтамасыз етеді.

Жұмаш ЖОЛБОЛДЫ

Пікір қалдырыныз

Your email address will not be published.