Қалалық қоғамдық-саяси газет

Ақ қайың жарып бүршігін

0 300

Арнаулы әлеуметтік қызметтер ұсыну орталығында «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында «Тал егу» акциясын ұйымдастырып, «Інжу» мектеп-гимназиясының оқушылары облыстық мәслихат депутаты Арман Еділбаевтың демеушілігімен 31 түп ақ қайың отырғызды.

Құралай СЕЙСЕНБЕКҚЫЗЫ

Жаңа келген көктеммен бірге бір-бір талшыбық ұстап жеткен балғындар арнайы орталықты мекен еткен ата-әжелердің көңілін көтеріп-ақ тастады. Қауқары кетіп, қарттығы жеткен тұста тағдыр тәлкегіне түскен қариялар шыбықпен бірге көктеп келе жатқан балғындарға сүйсіне қарады. Ата мен баланың ортасындағы ізгі ілтипаттың нышаны байқалды. Ақ қайыңның бүршігіндей ғана жауқазын қыздар мен боз ала таңнан-ақ талшыбықты тай етіп мініп, асыр салып өскен балалар бүгін есейіп қалғандай. Бәрінің қолында көшет, жүрегінде бір тілек. Ол тілек «көк шыбық көкте, өсіп-өн» деген ниет екені көздерінен-ақ байқалады.

Аула еңбек алаңы дерсің. Өзара үйлесім тапқан кәрі мен жас қыз-қыз қайнаған тіршіліктің жалынан тартып жүгіріп жүр. Бір бала шелекпен дамылсыз су тасыса, бір қария қолына күрек алып, жасыл желекке орын қазып жатыр. Соңыра бір-біріне асқан қамқорлықпен күлімсірей қараған жас пен кәрі қатар-қатар бой түзеген қайыңдар жаз аптабында сая болатынына сенім білдіріп жатты.

Еңбекпен еселенген кеш соңы ата-әже мен балалар үндестігінің жалғасы іспетті ақ дастарқан басында мектеп оқушыларының концерттік бағдарламасымен жалғасын тапты. Дәстүрлі ән-жырдың тиегін ағытып, күй шертіп, би билеген талантты оқушылар өз өнерін ортаға салып, қариялардың ілтипатына бөленді.
– Қарты бар елдің қазынасы бар. Ақ қайың сая болып, сіздермен бірге өсіп-өне берсін. Әр әже мен атаның жан жылуын сезініп, бүгін біз де марқайып қалдық. Ата-әжелерімізді құрмет тұтып, тәрбие басын талбесіктен бастап балалар мен қариялардың арасында жылы байланыс орнаттық деп ойлаймын. Алдағы уақытта да түрлі іс-шара өткізіп тұрамыз деп сенім білдіреміз, – деді кеш барысында «Інжу» мектеп-гимназиясының директоры Жанна Мадимарова.
Сонымен қатар аталмыш орталықтың директоры Гүлжаухар Кушанова да «Інжу» мектеп-гимназиясының ұстаздары мен оқушыларына алғысын білдірді.

Пікір қалдырыныз

Your email address will not be published.