Қалалық қоғамдық-саяси газет

Ұрпақ тәрбиесінде қариялардың орны ерек

0 493

Тараз қалалық ардагерлер кеңесі төралқасының кезекті мәжілісінде «Жаңа әділетті Қазақстан» құру бағытында ардагерлерді қолдау және жастар арасында патриоттық тәрбие беруді үндеу мақсатында Абай атындағы Жамбыл гуманитарлық жоғары колледжі бастауыш ардагерлер ұйымының жұмыстары қаралды.

Мәжіліс жұмысына қала әкімінің міндетін атқарушы Қайрат Исмаил бастаған төралқа мүшелері, тұрақты комиссия төрағалары, бірқатар кеңес мүшелері, әкелер мен аналар және билер кеңестерінің төрағалары қатысты. Мәжілісті кеңес төрағасы К.Әбдікешова басқарып, жүргізіп отырды.
Күн тәртібіне қойылған мәселе бойынша колледж бастауыш ардагерлер ұйымының төрағасы Гүлжамила Жұмабаева баяндама жасап, ардагерлерді қолдау және жастар арасында патриоттық тәрбие беру бағытында атқарылып отырған жұмыстарға кеңінен тоқталды.
– 100 жылдық тарихы бар оқу орны білім беру мен болмысы жағынан басқаларға ұқсай бермейтін, рухани, материалдық базасы қалыптасқан, білім жетілдіру жағынан салмақты орны бар, халық арасында зор сенімге, айтулы беделге ие, озық тәжірибелі мұғалім мамандығын дайындайтын беделді білім ордасы болып табылады.
Оқу орнында 900-ден астам білімгерлер білім алуда. Қазіргі таңда барлығы 88 ардагер есепте тұр. Олармен тұрақты байланыс жасалынып, өткізіліп отырылатын іс-шараларға қатыстыру қамтамасыз етілген. Жыл сайын даталы күндерде ардагерлердің үйлеріне барып, оларды құттықтап, әрі хал-жағдайларынан хабардар болып отыру дәстүрге айналған.
Колледж басшылығы және бастауыш ардагерлер ұйымының ұйымдастыруымен қазақтың Ұлы ақыны Абай Құнанбайұлының туғанына 175 жыл толуына орай оқытушылар мен білімгерлер арасында «Абай әлемі» атты байқау өткізілді. «Ғибрат» , «Өлең сөздің патшасы», «Көзімнің қарасы» номинациясы бойынша сынға түскен 30-дан асқан қатысушылар Алғыс хатпен марапатталды. Ал байқауға қатысқан оқытушыларға осы оқу орнының өнерлі білімгерлері жасаған кәде-сыйлары табыс етілді.
Тараз қалалық ардагерлер кеңесінің ұйымдастыруымен өткізілген «Мен әжемін ұрпағын әлдилеген» атты әжелер арасындағы сайысқа қатысқан колледждің ардагер ұстазы, «ҚР Білім беру ісінің үздігі» Сенімгүл Жексембаева өз өнерін ортаға салып, мерейлі марапатқа ие болды.
Ардагерлердің қатысуымен тағы да басқа тәрбиелік-тағылымдық мәні бар мағыналы кездесулер жалғасын табуда, – деген Гүлжамила Әбдіхалыққызы ардагерлер ұйымы бар күш-жігерін мақсатты жұмыстарға бағыттап отыратындығын баса айтты.
Өз кезегінде сөз алған қалалық ардагерлер кеңесінің мүшелері Н. Пралиева, С.Қанафина, Д.Әлиев, колледждің оқытушы-ардагері А.Жангирин, ұстаз-ардагер, ғылым кандидаты М.Жұмаділдаев колледж бастауыш ардагерлер ұйымынаң жастарға патриоттық тәрбие берудегі атқарып отырған жұмыстарына оң баға бере келе, іс-тәжірбиесін оқу орындарының бастауыш ұйымдары арасында таратуға ұсыныс білдірді. Ұсынысты төралқа мүшелері бірауыздан қолдады.
Басқосуда бұдан бөлек жалпыұлттық референдумды ұйымдастыруға, өткізуге белсене қатысқан бір топ ардагерлерге облыстық сайлау комиссиясы, қала әкімі, облыстық және қалалық ардагерлер кеңестері тарапынан Алғыс хаттар табыс етілді.

Алдаберді МАҚАШЕВ,
Тараз қалалық ардагерлер кеңесінің мүшесі

Пікір қалдырыныз

Your email address will not be published.