Қалалық қоғамдық-саяси газет

Мыңжылдыққа мазмұн берген мурал

0 436

Тарихтың темірқазығына айналған Тараз шаһары соңғы жылдары тотыдай түрленіп, көркейіп келеді. Бұл ортағасырлық жәдігерлер көптеп табылған көне қалада туризм саласына ерекше көңіл бөлінгенінен болса керек. Тарихи кешендердің ізімен қаланың орталық көшелеріндегі үйлердің сыртқы қасбеті өзгеше кейіпке енгенін көргенімізге де көп болған жоқ. Қаланың көркін ашатын әрі тараздықтар үшін таңсық муралдардың салынуы қаланың шырайын ашу жолындағы ұтқыр шешім болғаны рас.

Сәндібек Піренов Суреттерді түсірген Сәкен АБЖАПАРОВ

Муралдар көне дәуірде пайда болғанымен, заман ағымына сай түрленіп келеді. Алыс кетпей-ақ елдегі жағдайға байланысты Алматы қаласынан коронавируспен күресіп жүрген жандарға арналған екі бірдей мурал салынғанын білеміз. Оның авторы Жұмаділ Елукенов және Тамара Елфимова мен Джохар Юнусовтың да есімін жұрт танып қалды. Мұнымен қоса, Нұр-Сұлтанда батыр Бауыржан Момышұлына арналған мурал пайда болды. Аталмыш екі қаланы айтпағанда, түрлі граффити мен кескіндемелер еліміздің басқа да қалаларына сән бере түсті. Мәселен, Тараздағы муралдарға қала тұрғындары мен қонақтары оң бағасын беруде. Сәулеттік жобаны «Тұрғын үй жөндеу – Тараз» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі қолға алыпты.
– Облыс әкімі Бердібек Сапарбаевтың бастамасымен Тараз қаласындағы Төле би, Абай, Жамбыл, Тәуке хан даңғылдарының бойындағы 41 тұрғын үйдің сыртына әрлеу жұмыстарын жүргізу тапсырылды. Кейіннен мұндағы 6 үйдің сыртқы қасбеті әрлеуді қажет етпейтіні белгілі болды.
Бүгінде 18 тұрғын үйде әрлеу жұмыстары аяқталды. Жоба толығымен облыс орталығындағы тұрғын үйлерді жаңғырту жұмыстарына жауапты мердігер компаниялардың демеушілігімен іске асып жатыр, – дейді «Тұрғын үй жөндеу – Тараз» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің директоры Самат Мырзалиев.
Әрине, әр істің өз маманы болады. Әсіресе, халықтың назарын аударатын үйдің қасбетіндегі суреттерді салу үлкен жауапкершілікті талап етеді. Өзіне жүктелген міндетті жақсы атқарып жүрген жас суретші Айтан Елебаев Темірбек Жүргенов атындағы Қазақ ұлттық өнер академиясының түлегі екен.
– Бұған дейін Түркістанның темір жол бекеті маңындағы ғимараттардың сәулеттік келбетін түзеуге үлес қосқанмын. Тараз қаласында тұрғын үйлердің сыртына мурал салу бойынша жарияланған байқауда бағымды сынап көрдім. Нәтижесінде облыс орталығындағы «Астана» ықшам ауданындағы 4 үйдің сыртына Нұр-Сұлтан қаласының сәулетті нысандарын бейнелеуге тапсырыс алдым. Туындыларым көпшіліктің көңілінен шыққан болуы керек. Олардың көбі өз алғыстарын білдіріп жатты. Бұдан бөлек, қаланың негізгі даңғылдары бойындағы тұрғын үйлерге әл-Фараби, Абай Құнанбаев сынды тұлғаларды бейнелеу маған жүктелген, – дейді Айтан Елебаев.
Мың бояулы муралдарды салмас бұрын оны нақты жоспарлап, бір тоқтамға келген соң ғана қызу жұмыс басталады. Әсіресе, әр қаланың тарихы мен бауырында өскен оғландарын да мейлінше шет қалдырмаған ләзім. Осы мәселені әу бастан-ақ ескерген жауаптылар «Аса» шағын ауданы, Б.Момышұлы көшесіндегі №37, 40 үйдің қасбетіне қос бірдей батырымыз Бауыржан Момышұлы мен Ыбырайым Сүлейменовтің суретін салдырыпты. Қала әкімдігінің сәулет және қала құрылысы бөлімінің басшысы Алмасбек Бобеевтің мәліметіне сүйенсек, осылардың қатарына Олимпиада чемпионы Бақтияр Артаев, Қазақстан барысы Бейбіт Ыстыбаевтың бейнелері Б.Момышұлы көшесіндегі үйлердің қабырғасына салынуда. Сондай-ақ қазақтың маңдайына біткен азаматы Шерхан Мұртазаның, композитор, Халық әртісі Алтынбек Қоразбаев пен Мейрамбек Бесбаевтың суретін салу да жоспарда тұр. Осымен бас-аяғы 23 қабырғаға сурет салынады екен. Әрине, муралдардың көптеп салынуы көңіл қуантады. Бірақ халыққа еңбегі сіңген, көзі тірі азаматтарға да құрмет көрсетіп жатқанда, өңірімізге аты берілген Жамбыл Жабаевтың бейнесін салу жоспарға енбегені жұмбақ болып отыр. Рас, өңірімізде Жамбыл Жабаевқа арналған ескеркіштер бар, дегенмен ақынның бейнесін үй қабырғасына салса да артық болмас еді.
Мурал-арт пен граффити көше өнерінің ұқсас түрлері болғанымен, айырмашылықтары бар. Мәселен, муралдарда тек әдемі суреттерге ғана емес, оның мағынасына да ерекше мән беріледі. Осылайша, сәулет өнерінің ерекше туындысын екшелеуге болады. Сондықтан тамыры сонау палеолит дәуірінен бастау алған өнердің күні бүгінге дейін жетіп, қаланың шырайын ашқандығы тараздықтар үшін үлкен сый болып отыр.

Пікір қалдырыныз

Your email address will not be published.