Дақ түспеген адалдық пен ар, мейірім тұнған ана сүті, тарих қатталып жазылар ақ қағаз, асқақ арман, пәктік пен тазалықтың түсі қашаннан ақ. Сол кіршіксіз пейілімен жан біткеннің қас-қабағын бағып, ажал дейтін дүлейге қасқайып қарсы тұрар өжет те қайсар мінез мәңгілік серігі. Әр жүрекке жанын арының садағасы етіп, ізгіліктің нұрын құяды. Олар үміт пен сенім, сағыныш пен сабырдың нәтижесінен өмір жасап жүр. Жанашырлығының өзі жанға шипа, дертке дауа, тіршіліктің Құдайдан кейінгі иесін дәрігер деп атаймыз.

Құралай СЕЙСЕНБЕКҚЫЗЫ

Маған бала күнімнен дәрігер деген сөз «мейірбан» деген ұғыммен біте қайнасқан іспетті. Әлдекімнің көзіндегі мұңын сейілтіп, жанына батқан дертіне қамығып, түн ұйқысын төрт бөліп, адам жанының арашасы болуға бар ғұмырын арнайтын мамандық иелері үлкен құрметке лайық. Осындай жанашыр, қамқор һәм үлкен жүрекпен медицина саласына жан-тәнімен кіріп, түп-тұқиянымен дәрігерліктің ізгі жолын серік еткен отбасылар баршылық.
Таң шуағымен бірге оянып, күн ұясына батқанша жан біткеннің 62 тамырының солқылын тыңдап, жүрегінің қағысы мен көңілінің барысын бағып ғұмыр кешетін бұл мамандық иелері қоғамға ең қажет екені айдан анық.
Туған жерінің бар түлегінің қызуын тексеріп, жүрісін қадағалап, дәрісін беріп, ауырғанның дертіне шипа, жанына дауа іздеп, періштенің қанатындай ақ халаты желбіреп жүрген Болат Әбжапаровты ауылдықтар «Доғдыр Болат» атап кеткелі қашан?! Қашан көрсең, дәрі толы қорабын арқалап, ауыл аралап, ауырғандардың дертіне шипа іздеп жүретін жанды көрген сайын Жандарбектің бала жүрегі нұрланып қоя беретін. «Мен де осы кісі сияқты адамдарды емдесем» деп Талас ауданы, Майтөбе ауылының жалғыз дәрігері Болаттай болуды арман етіп, үлгі тұтты.
Кейін мектеп бітірген соң, 1979 жылы бала күніндегі үлгі тұтқан жақсы ағаның жолымен арман қуып, Жамбыл медициналық училищесіне оқуға түсіп, «Емдеу ісі, фельдшер» мамандығы бойынша тәмамдап шығады. Оқу бітірген соң, Талас ауданы, Ақкөл ауылының ауруханасында жедел жәрдемде жұмыс жасайды. Сол жылы Тамды ауылы дәрігерлік амбулаториясының меңгерушісі болып тағайындалады. Өмірлік жары Қарлығашпен студенттік жылдары танысады. Медицина саласын дамытуға үлес қосуға асыққан қос жұп шаңырақ көтеріп, ел игілігі үшін ақ көгершіндей болып ақ жамылғысын желбіретіп, үйде де, түзде де дәрігер сынды ақ халатты абзал жандардың қатарын толықтырды.
– Медицина саласына ден қойып, осы салада еңбек еткелі жұбайымыз екеуміз бір мекемеде қызмет етеміз. Бала жүрегіммен қызыққан дәрігер деген тұлғаның қиындығын бірге бастан кешірдік. Отбасымызда екі ұл, бір қыз тәрбиеледік. Қызым мен ұлым да медицина саласында тер төгіп келеді. Осы салада атқарған еңбегімізді елеп-ескеріп, құрметтеп берген түрлі грамота, құттықтау қағаздары біздің мерейімізді өсіріп, жанымызды жылылыққа бөлейді, – дейді Жандарбек Сейдахметов.


Жандарбек ағаның жұбайы Қарлығаштың әкесі Ермеғалы Сәлімбаев та ел ризалығын алған дәрігер болған екен. Шынашақтай қыз үшін әке ісі мен әпке-жеңгелерінің құрдай ұшып, адам емдеп жүрген бейнесі қашанда үлгі болған. Кішкентай кезінде анасы ауырып қалғанда, кішкентай Қарлығаш өскенде дәрігер болуды арман етіп, өз қиялын іске асырып, медицинада еңбек еткеніне күні бүгін 40 жылдың жүзі болған. Еңбек жолын Тараз қаласындағы №1 қалалық перзентханада акушер болып бастаған. Бүгінде ұлы Жандос пен қызы Әйгерім ата-анасының жолын қуып, медицина саласында тер төгіп, еңбек етіп жүр.
Толғатқан әйел мен баланың жанына араша іздеп жүріп, Қарлығаш апайдың басынан талай оқиға өтті. Бірде перзентханаға апарар көлік бұзылып, басқа көлік іздеп жүріп, балалары жаңа ғана көлік сыйлаған кісі көмектесіп, көлігімен апаруға келісе кетеді. Толғатқан әйелдің жан шыдатпас күйзелісі күттірмейтіні анық, қалайда перзентханаға жеткізу керек. Сондағы ғұмырында көліктің рөліне тұңғыш рет отырған кісінің «нені басам, қалай жүргізем» деп жан ұшырып, не жарық жағуын білмей, кілтті қалай бұрауды ұқпай, жол-жөнекей тоқтап, әркімнен сұрап жүріп, перзентханаға жеткізгені күні бүгінгідей көз алдында. Сонда жарық күнді көруге асыққан құрсақтағы бала мен оны өмірге әкелу үшін жанталасқан ананың жанын алып қалу үшін бастарын қатерге тіге тұрып, перзентханаға аман-есен жеткізгені әлі күнге жүрегіне үлкен қуаныш ұялатады.
Қарлығаш апайдың өміріндегі ең елеулі һәм әсерлі сәт менің де жүрегімді шарпып өтті. Бірде анам ауырды. Сонда жаңа ғана медициналық академияны бітіріп, еңбек жолын жаңа бастаған Жандарбек пен Қарлығаштың ұлы Жандос менің анама ота жасаған екен. Үлкен көздері үмітке толған сол күнді тебірене еске алып:
– Жұмыс бабымен ауруханада жүріп, сенің анаңа кездесіп қалдым. Жүдеген, отадан жаңа тұрған шешең сонда қолымды алып: «Осындай өзі де, қолы да алтын баланы дүниеге алып келген саған рақмет», – деді. Иә, мен ондай алғыстың түр-түрін естідім. Ал балаң үшін алған алғашқы алғыс ол ең ұлы мәртебе және ана жүрегінде мәңгілік қалып қояды, – деді дауысы дірілдеп.
Менің де жанарымды жас шарпып, жүрегім қауырсындай қалтырап кетті. Иә, ұстараның жүзіндей жалт-жұлт еткен дүниенің бір ұшы анамның алқымына тақалған сәт, ажалдан жанын арашалап, дертіне дауа болған Жандос Сейдахметовпен тілдесуге, оған деген шексіз алғысымды жеткізуге асықтым.
Хирург – адамның жаны мен тәнін ақтарушы. Қарапайым адам үшін саулаған қанды көрудің өзі азап. Ал бұл салада жанын салып жүрген Жандос күні бүгінге дейін неше адамның ғұмырын алып қалып, неше адамның жүрегіне өмірге деген үміт шырағын жақты. «Ең алғаш ота жасаған сәтіңіз есіңізде болса, бойыңызды үрей билеген шығар?» деген сұраққа: «Жоқ! Қайта бір адамның ауырған жанына дауа, дертіне шипа іздеп, алдымдағы адамды ауруынан айықтыруға асыққанмын. Қорқыныштан гөрі, біреуге сау ғұмыр сыйлаудың бақытын сезіндім», – деді ол. Иә, біреу өз мамандығын көріп таңдайды. Ал енді біреу Алланың қалауымен сол мамандықты біліп туады. Осы сәт Жандос өз мамандығын біліп туғандардың қатарынан екенін сезіндім.
– Маған академияны бітіргеннен кейін Жамбыл облысында қызмет ету бәрінен қымбат, бәрінен ыстық көрінді. «У ішсең де, руыңмен іш» деген сөз бар қазақта. Өз туған жерімнің төрінде еңбек еткім келді. Студент кезімде бір досымның әкесі армандайтын еді: «Осы балам ешқайда кетпей, өзіміздің ауылда, ауданда жұмыс істесе ғой, шіркін! «Кімнің баласы емдеді?» дегенде, «Менің балам емдеді!» деп марқайып жүретін едім», – дейтін. Бірақ сол досым оқуды бітірген соң, Солтүстік Қазақстан облысынан дәм бұйырып, сол жақтың бір аудандық ауруханасында хирург болып қызмет етіп жүр. Ал әкесінің арманы менің ойымда қатты қалып қойды. Оқу орнын бітірген соң, бірден тоғыз жолдың торабында ешқайда бұрылмай, еңбегімді өзімнің туған ауылым Талас аудандық орталық ауруханадан бастадым. Анамның қолдауы мен әкемнің батасын алып, еңбекке кірістім. Қазіргі таңда үш жылдың жүзі болды, Жамбыл облыстық онкология саласында штаттан тыс бас онколог-хирургпын, онкохирургия бөлімінің меңгерушісімін. 2019 жылы Алматы қаласындағы республикалық ғылыми-зерттеу институтына жұмысқа шақырды. «Елге маңдай терім сіңді ғой. Енді одан биікке талпынайын» деген оймен ауыспақ болып қамданғанымда әкем: «Туған елдегі қызметке жетпейді. Өз еліңде еңбек етіп, тай-құлындай тебісіп өскен жора-жолдастың ортасында отырғанға не жетсін?!», – деген соң ауысу жайлы ойымнан бас тарттым. Ендігі мақсат – Құдай қаласа, Жамбыл облысындағы медицина саласын көркейтіп, сапалы һәм соңғы жаңа инновациялық технологияларды қолданысқа енгізіп, жамбылдықтарды қолжетімді әрі сапалы медициналық қызмет көрсетуге бар ықыласыммен кіріспекпін. Туған жердің төсіне тіккен ту ғана биік болады. Ал науқастардың жазылғанын көруден асқан бақыт та жоқ шығар, – деді Жандос.
Иә, туған жердің табанына кірген тікенін сезіп, кекілін самалына сүйдіріп өскен ұл туған топырағында өскен елдің ризашылығын алуды басты мақсат тұтыпты. Адамға ғұмыр сыйлап жүрген жанның жүрегінен аяулы, тілегінен қымбат не болмақ?! Самайын енді ғана ақ қырау шалып, жанарына мұң ұялап, ойлы көзін көкке қадап, ойға шомған ақ халатты абзал жанға қарап тұрып, ақын Марфуға Айтхожинаның дәрігерлерге арнаған өлең шумақтары ойыма орала кетті:
Қас-қабағын бағып ұдай науқастың,
Ағаруы тегін бе еді тал шаштың.
Қарсы тұрып ажал дейтін дүлейге,
Денсаулықтың майданында шайқастың.
Демейсің-ау, шаршасаң да шаршадым,
Бір басында жүрер сенің қанша мұң.
Жүрегіңнің бар жылуын жеткізіп,
Тұрғандай-ақ дірілдейді саусағың.
Ажарында нұр ойнайды жараса,
Науқастардың беті бермен қараса.
Ауыр ойдан айыға алмай жүргенің,
Адам үшін ұзақ өмір, араша.

0 replies

Leave a Reply

Want to join the discussion?
Feel free to contribute!

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған