Қалалық қоғамдық-саяси газет

Мемлекеттік сатып алу конкурстары – қатаң бақылауда

0 350

Тараз қаласының әкімі Бақытжан Орынбековтің төрағалығымен өткен кезекті аппараттық кеңесте бірқатар өзекті мәселелер қаралды. Шаһар басшысы қала әкімдігіне қарасты бөлім жұмыстарын жеке-жеке тыңдап, тиісті тапсырмаларын берді.

Ең әуелі Тараз қаласы әкімдігінің қаржы бөлімінің басшысы Жеңіс Пәрімбеков пен экономика және бюджеттік жоспарлау бөлімінің басшысы Жандос Ордабаев сөз алып, ағымдағы жылдың қаңтар айына қойылған қазына қаржысы мен құрылыс нысандары бойынша жобалық-сметалық құжаттарды әзірлеу барысын баян етті. Қала әкімі қаржы бөлімінің басшысына әрбір тиынды мақсатты жұмсауды тапсырса, экономика және бюджеттік жоспарлау бөлімі басшысының жұмысына бірқатар сын-ескертпесін айтты.
– Жобалар дайын болмай жатып, қаржыны қарап қоя- сыңдар. Содан кейін мемлекеттік сараптамадан өткізе алмай жүресіңдер. «Барысхан» алқабы құрылысының жүріп жатқанына 10 жыл болды. Алайда әлі мәселелері шаш етектен. Енді бұған жол берілмейді. Құжаты 100 пайыз дайын болмаған жобалар мемлекеттік сатып алу конкурсына жіберілмейді. Ал ай соңына дейін конкурсын жариялап үлгермегендерге тәртіптік жаза қаралады, – деген қала әкімі бөлім басшыларына қатаң ескертуін жасады.
Келесі кезекте қала әкімдігінің ішкі саясат бөлімінің басшысы Ұлана Сламбекова баяндама жасап, 19 наурызда өтетін Парламент Мәжілісі мен мәслихат депутаттарының кезектен тыс сайлауын кеңінен насихаттау мақсатында қалалық желілік кесте бекітілгенін тілге тиек етті. Бөлім басшысының сөзіне сүйенсек, кестеге сәйкес қалада 254 шара ұйымдастырылып, оған 20 424 адамды тарту көзделуде екен. Ал желілік кестенің өзі «Дайындық кезеңі», «Жұмылдыру кезеңі», «Үгіт-насихат» және «Сайлаудан кейінгі кезең» сынды төрт бағыт бойынша жүргізілмек.
Аппараттық кеңесте бұдан бөлек, «Мейірім» жобасын жандандыру, мектептерді жылумен қатар қауіпсіздігін қамтамасыз ету, сондай-ақ пияз бағасын тұрақтандыру сынды мәселелер де қаралып, жауапты мамандарға тиісті тапсырмалар берілді.

Саян Тілеужан

Пікір қалдырыныз

Your email address will not be published.