Қалалық қоғамдық-саяси газет

Есімжанның асыл армандарын орындаған жоба

0 841

Облыс әкімі Бердібек Сапарбаевтың бастауымен қолға алынған «Мейірім» жобасы талай баланы мейірімге бөлеп отырғаны анық. Соның бірі – Өмірлік қиын жағдайдағы балаларды қолдау орталығының тәрбиеленушісі Есімжан Шәбден. Оған бүгінде «Әскерилендірілген теміржол күзеті» Акционерлік қоғамының Тараз қалалық филиалының басшысы Еркін Мусилимов тәлімгерлік етеді.

       Есімжан Шәбден

Еркін Түгелбайұлы Есімжанның туған күнінде, атаулы мерекелерде үнемі құттықтап, қуанышымен бөлісіп, әкелік қамқорлығымен қолдайтынын жеткізді. Сонымен қатар Есімжанның болашақта оқуға түсуіне және оқу бітіргеннен кейін жұмысқа орналасуын да өз мойнына алыпты. Есімжан өз еліне, тәрбиелеген тәрбиешілеріне және қамқорлық танытқан барша азаматтардың жақсылығын өзінің жеткен жетістігімен қайтаруды басты парызы деп санайды.
– Біздің жанұямыз – түрлі ұлт өкілдерінен құрылғанына қарамастан, мейірімділік пен сүйіспеншілікке бөленген бақытты отбасы. Мейірімділік пен ізгілік адами құндылықтардың бастауы болғандықтан, жанұямызды «Мейірім» деп атадық. Біздің отбасында бір-бірін құрметтейтін, бағасын білетін жылы ұяда тәрбиелі де саналы, салауатты балалар өсіп келеді. Осындай баланың бірі – Есімжан. Ол сабырлы, салмақты, бауырмал, өз ойын ашық жеткізе біледі. Бала кезінен футболшы болуды және «Қайрат» футбол командасының құрамында ойнауды армандауда, – дейді орталық тәрбиешісі Тұрсын Пирманова.
Бүгінде Есімжанның алға қойған мақсаты ҰБТ-дан жоғарғы балл алып, жоғары оқу орнына түсу. Болашақта Қазақстанның жиһангерлік және саяхатшылық, яғни Қазақстанның көрікті жерлерін әлемге таныту үшін туризм саласының маманы болуды алдына мақсат етіп қойған.
– Біз бір отбасынан 7 ағайындымыз. Тағдырдың жазуымен 2010 жылы анам қайтыс болып, әкемнің денсаулығына байланысты бізді асырап бағу мүмкіндігі болмағандықтан, орталықта тәрбиеленуімізге тура келді. Үлкен әпкем Айсұлу тұрмыс құрған, бір баласы бар. Ал Назым 2017 жылы Абай атындағы Жамбыл гуманитарлық колледжін аяқтап, Тараз өңірлік университетінің «Мәдени қызмет» бөлімін биыл бітірді. Қазіргі таңда облыстық қазақ драма театрының әкімшілік бөлімінде қызмет етеді. Шахризада Қазақ ұлттық университетінің «Құқықтану» бөлімінің 4-курс студенті. Ағам Ұзақ «Каспий» университетінің «Менеджмент» бөлімінің 1-курс студенті. Ал Есім Абай атындағы Жамбыл гуманитарлық колледжінде білім алуда. Қазір орталықта кіші бауырым Мейрамбекпен бірге тәрбиеленудеміз. Біз бауыр болғандықтан, барлық қиыншылықты бірге жеңудеміз. Әрине, анамызға деген сағынышымызды ештеңе алмастыра алмайды. Алайда ана орнына қамқор болып жүрген тәрбиешілеріме алғысым шексіз. Мен орталықта тәрбиеленгеніме еш мойымаймын. Себебі мемлекет тарапынан біздің өсіп-жетілуімізге, білім алып, болашақта аяғымыздан нық тұруға барлық жағдай жасалған. Менің асыл армандарымның орындалуына өз септігін тигізіп жүрген облыс әкімі Бердібек Сапарбаевтың бастауымен қолға алынған «Мейірім» жобасына дән ризамын. Бұл біздің өмірге деген құштарлығымызды оятты, – дейді бүгінгі таңда №47 орта мектептің 9-сыныбында білім алып жүрген Есімжан.
Иә, тағдыр тәлкегіне түскен балаларға аялы алақанның жылуын сездіру – сауапты іс. Сондықтан «Мейірім» жобасының өміршеңдігі ұзақ болсын деп тілейміз.

Құралай СЕЙСЕНБЕКҚЫЗЫ

Пікір қалдырыныз

Your email address will not be published.