Мемлекеттік тіліміз – қазақ тілі өзінің тиісті тұғырына қонған емес. Бұл мақсатта қаншама қаржы бөлініп, түрлі жобалар жүзеге асырылғанымен, олардан зор пайда бола қойған жоқ. Мұны әрбір саналы адам мойындайды. Бұған билікпен қоса өзіміздің де кінәміз бар. Себебі қазақ тіліне деген сұранысты туындата алмай отырмыз.
Мәселен, дүкенде орыс сатушы тұрса, соған түсінікті болу үшін соның тілінде сөйлеп кетеміз. Бұл әдет 30 жылдан бері кейбір қандастарымыздан кете қойған жоқ. Мемлекет басшысының кешегі пікірі әлемдегі геосаяси жағдайды ескеріп әрі толеранттылықпен айтылған болар деп топшылаймын. Бірақ елімізде орыс тіліне сұраныс қай деңгейде? Алдымен соны ескеру керек. ҚР Оқу-ағарту министрлігінің мәліметінше, биыл балаларды 1-сыныпқа қабылдау науқаны кезінде ата-аналардан 400 мың өтініш түскен. Ал олардың 70 пайыздан астамы қазақ тілінде оқуды таңдаған. Сондай-ақ жалпыұлттық халық санағының қорытындысы бойынша да еліміздегі қазақтың үлесі 70 пайыздан асып жығылады екен. Осы сандардың көп нәрсені аңғартса керек.
Енді Қасым-Жомарт Кемелұлының Жолдаудағы сөзінен соң аралас мектептердің көбеймесіне кім кепіл? Шынын айту керек, мұндай білім ордаларының саңырауқұлақтай қаптауы мемлекетімізді ұшпаққа шығармайды.
Жоғарыдағы ойымды сабақтай түсер болсам, бізде орыс тіліне деген сұраныс та азайып келеді. Айталық, қазағы қалың өңірлерде орыс тілі пәнінен сабақ беретін мұғалімдерді емге таппайсыз. «Орыс тілін білмесең, аш қаласың» дейтін кеңестік түсінік келмеске кеткен. Сол себепті балаларымыздың ертеңі нұрлы болсын десек, оларды орыс тілінен гөрі ағылшын тіліне қарай бейімдегеніміз жөн.
Серікбай Ескермесов,
еңбек ардагері
Дайындаған Құрбанәлі Аманкелдіұлы