Қалалық қоғамдық-саяси газет

«Екі кеменің басын тең ұстай алмасақ, суға кетеміз»

0 418

– Егемен ел болдық дегелі бері біз өзіміздің ең қымбат капиталымыз жас ұрпақты білім саласындағы сан алуан әдістер, айла-шарғылар арқылы әбден сынаққа салып келеміз. Мектеп пен балабақша білім беру реформалары қалаған уақытта құбылып, қалаған бағытқа бұрыла беретін әмбебап тәжірибе алаңына айналды. Өз Жолдауында Президент халқын осыдан сақтандырмақшы болған шығар, тілге қатысты кесімді пікірін қысқа қайырды. Президенттің осы тұрғыдағы жалпы ұстанымын қолдаймын. Себебі ана тілімізді сүюге, құрметтеуге, оның қолданыс өрісін кеңейтуге орыс тілінің еш кедергісі жоқ. Бірақ ішінара келіспейтін тұсым да бар. Тіл туралы, оның мүшкіл халі жайлы зар заман жырдан зәрезап болған билік жақын арадағы жарты ғасырда да орыс тілінсіз өмір сүре алмайды. Солай екен деп оларды өмір кемесінен жұлып алып, заман көшінен лақтырып тастай алмайсыз. Президенттің кешегі сөзі де осылардың қолайына жағып, жай-күйін жасайтын тоқетер түйін болды. Алайда біз орыс тілінсіз нан тауып жей алатын жас ұрпақтың өсіп келе жатқанын да ескеруіміз керек. Қазақы қаймағы бұзылмаған ауылдан өсіп-өніп жатқан олардың ұлттық үлес салмағы да демографияға сай санақ көрсеткіші бойынша жылдан-жылға басымдық алып келеді. Сондықтан қазақ тілін шамшырақ ете отырып, өзге тілдерді үйретуге көбірек жағдай туғызуымыз керек. Әйтпесе екі кеменің басын тең ұстай алмай, суға кетеміз. Тілді ынтасы бар, тіл үйренуге қабілетті, өміріне қажеттігін сезінген әрбір адам өз бетінше де оқып үйренеді, курстарға қатысады. Интернетте де неше түрлі ақысыз сабақтар өтіп жатыр. Демек, балғындарға бастауыштан бастап бөтен тілдерді оқытып қинауымыз орынсыз, негізсіз. Өсе келе шын қажеттілік туындаса, өздері-ақ игеріп кетеді. Бұл тұрғыда бізге Жапония үлгі бола алады.

Үміт БИТЕНОВА,
Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі

Пікір қалдырыныз

Your email address will not be published.