Жамбыл облыстық қоғамдық-саяси газет

Алтайдың ар жағына ән оздырған

0 99

Қазақтың рухани әлемінде аты аталғанда өлең мен әуен, журналистика мен өнер, сырлы сезім мен азаматтық ой қатар еске түсетін қаламгерлер бар. Солардың бірі – ақын, сазгер, журналист Тынышбай Рахимов. Ол әдебиетке даңғазамен емес, жүрекке жақын қоңыр үнімен келді. Өлеңді әнге, әнді сезімге айналдыра білген ақынның шығармашылық жолы қысқа болғанымен, қалдырған ізі ұзаққа жетті.

Арынды ақын, сарынды сазгер Тынышбай Жаңабайұлы 1946 жылдың 12 қыркүйегінде Өзбекстанның Ташкент облысы, Жоғарғы Шыршық ауданындағы бұрынғы Свердлов атындағы ұжымшарда дүниеге келген. Тағдыр оны кейін қасиетті Әулиеата өңірімен табыстырды. Балалық және жастық шағының бір белесі саялы Сарысу топырағында өтті. Қазіргі Саудакенттегі ауыл шаруашылығын механикаландыру училищесінде білім алған жас жігіттің өнерге деген ынтасы ерте оянды. Кейін Жамбыл (қазіргі Тараз) қаласындағы мәдени-ағарту училищесін тәмамдап, өнердің қыр-сырын тереңірек меңгерді. Ал білімге деген талабы оны жоғары оқу орнына алып келіп, Киров атындағы Қазақ мемлекеттік университетін бітірді. Бүгінде бұл оқу орны әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті ретінде белгілі.
Жалынды жас 1966 жылы оқуын аяқтағаннан кейін Жаңатас қаласындағы М.Әуезов атындағы орта мектепте музыка пәнінен сабақ берді. Домбыра класында шәкірт тәрбиеледі. Ал 1971-1972 жылдары Жамбыл аудандық «Шұғыла» газетінде жауапты хатшы қызметін атқарса, 1972-1974 жылдары облыстық «Еңбек туы» газетінде әдеби қызметкер болды.
Жамбыл жеріндегі еңбек жолы оның Алматыдағы шығармашылық ортаға бет бұруына жол ашты. 1975 жылы ол «Қазақстан пионері» газетіне қызметке келіп, «Әдебиет және өнер» бөлімін басқарды. Қазіргі «Ұлан» газетінің сол кезеңдегі шығармашылық ұжымында талай жас қаламгердің қанаты қатайғаны белгілі. Тынышбай да сол ортада әдебиет пен журналистиканы қатар алып жүрді. Оның бойындағы табиғи талантты сол кездегі басылым басшысы, белгілі ақын Фариза Оңғарсынова жоғары бағалағаны жөнінде замандастарының естеліктерінде айтылады. «Қазақстан пионері» редакциясында қызмет еткен жылдары оның шығармашылық ізденісі жаңа арнаға түсті.
Ақынның аяулы жары Қарашаш Ахметқызы өзінің естелігінде: «Мен ол кісімен шаңырақ көтергенде ақынға тұрмысқа шықтым деп ойлаған жоқпын. Екеуміз бір мектепте оқыдық, бір ауылда өстік. Тіпті, көрші тұрдық. Тұрмыс құрғанда мен он тоғызда едім, ол кісі жиыр- ма бірде болатын. Ауылда жүргенде-ақ ән айтып, домбыра шертетін, түрлі музыкалық аспаптарда ойнайтын. Әуелі мектепте жұмыс істеді. Соңыра Жамбыл облысының Жамбыл ауданында екі тілде жарық көретін «Шұғыла» деген газетте жауапты хатшы қызметін атқарды. Кейін облыстық газетте бірлі-жарым өлеңдері шыға бастады. Біздің буын кітапты жата-жастана оқитын ұрпақ болдық. Әңгіме, романдарды қызыға, құныға оқығаныммен, поэ- зияға, өлеңге аса құмартпайтынмын. Тіптен, отау құрғанша, поэзияны ерекше мейірленіп оқып та көрмеппін. Газеттерде Тынышбайдың бір-екі өлеңі шықты, оны маған әкеп оқытты. «Жарайды, жақсы екен», – дедім.
Өлеңі көпшілікке таныла бастағанда ақын Фариза апасы «Қазақстан пионері» газетіне қызметке алды. Өлеңдері республикалық газеттерге де бірте-бірте шыға бастады. Жас кезі, жалындап тұрған шағы. Оңашада маған: «Мықты ақын екенімді әлі-ақ дәлелдеймін», – дейтін, – деп еске алады.
Тынышбай Рахимовтың шығармашылық жолындағы тағы бір үлкен белес – «Жазушы» баспасындағы қызметі. 1983-1987 жылдары ол осы баспаның «Көркем сын» және «Қазақ поэ- зиясы» редакцияларында аға редактор болып еңбек етті. Бұл қызметтің өзі ақынның әдеби талғамының биіктігін көрсетеді. Ол әдеби ортада тек өз өлеңін жазып қана қоймай, қазақ поэзиясының дамуына қызмет етті. Кейін Қазақстан Жазушылар одағы жанынан ашылған көркем аударма алқасында редактор болып, «Жалын» журналында «Поэзия» бөлімін басқарды. 1990-1994 жылдары республикалық қазақ телевидениесінің музыка бөлімінде редактор, бас редактор қызметтерін атқарды. Телевидениедегі қызметі де оның өнерге жақындығын тағы бір қырынан танытты. Сол жылдары ол халықтың эстетикалық талғамына әсер ететін музыка мен әнді экран арқылы насихаттауға еңбек сіңірді. Бүгінде оның есімі «Кеш жарық» хабарының авторы әрі жүргізушісі ретінде де аталады.
Ақынның әдебиеттегі алғашқы ірі қадамы 1976 жылы «Жалын» баспасынан жарық көрген «Он сегіз – гүл дәурен» атты өлеңдер жинағынан басталды. Атауының өзінде жас- тықтың жалын-жігері, арманның ақ қанаты, өмірге деген құштарлық бар. Одан кейін 1978 жылы «Қаратауым – ақ отауым», 1979 жылы «Жиырма бес – жыр дәурен», 1980 жылы «Тоғыз перне – тоқсан күй», 1982 жылы «Балқұрақ», 1983 жылы «Көкірегім – күйсандық», 1985 жылы «Бесігіміз – бейбіт күн», 1986 жылы «Қобызым – абызым», 1988 жылы «Көне мақам – жаңа саз», 1991 жылы «Бұлбұл жүрек» секілді кітаптары жарық көрді. Кейін «Өнербаян», «Алтайдан сәлем», «Дүлдүл көңіл», «Күйсандық» жинақтары оқырманға жол тартты.
Сонымен бірге ақынның шығармашылық болмысын әндерінен бөліп қарау мүмкін емес. Оның «Бозорамал», «Алтайдың ар жағынан келген ару» секілді әндері халық арасына кең тарады. Жалпы, Тынышбай Рахимовтың есімін қалың жұртқа кеңінен танытқан шығармаларының бірі «Алтайдың ар жағынан келген ару» әні деп айтсақ, артық айтқанымыз емес.
1991 жылы Қытайдан келген өнер өкілдері делегациясы құрамында Үрімші қаласындағы қазақ телевидениесінде диктор болып қызмет атқаратын Әмина Еркешқызы да болады. Тынышбай сол сапар кезінде оның Қазақ елін қимай, қайта-қайта артына қарағанын байқайды. Осы көрініс ақынға қатты әсер етіп, кейін әнге арқау болады. Алайда бұл әннің шығу тарихы туралы ел ішінде әртүрлі әңгіме тараған. Әсіресе, әнді ғашықтық сезімнен туған шығарма деп қабылдайтындар аз болмады. Ал шын мәнінде оның астарында жеке махаббаттан гөрі туған елге, атамекенге деген сағыныш, шетелде жүрген қазақ бауырларға деген ағалық ықылас жатыр. Аталған ән 90-жылдары қазақ эстрадасының танымал әншісі Сәкен Қалымовтың орындауында ел арасына кең тарады.
– Мен Тынышбай ағаны Алматыға келгеннен кейін таныдым. Бірақ ол кісінің «Алтайдың ар жағынан келген ару» әнін Тынышбай ағаны танымай тұрып-ақ орындадым. Ол кезде Жетісайдағы Құрманбек Жандарбеков атындағы музыкалық драма театрында актер болып жұмыс істейтінмін. Мақпал Жүнісованың концерті өтті. Сол кеште «Алтайдың ар жағынан келген ару» әні маған қатты ұнады. Мен бұл әнді эстрадаға лайықтап қайта жаздым. Өз икеміме, мүмкіндігіме қарай бояп, әрлеп шықтым.
Жаңадан өңделген әнді Тынышбай ағаға тыңдаттым. Ол кісі қатты ұнатты. Өзі пианиноға отырып, кей жерлерін түзеткісі келді. Мен кейбір тұстарын өз дауысыма қарай әрлегенімді айтып, осылай қалуын сұрадым. Ол кісі мақұлдады. Сосын: «Келесі аптада дайындал, «Кеш жарық» бағдарламасына шығасың», – деді. Сол «Кеш жарық» бағдарламасынан шыққаннан кейін ән ел жүрегіне жетті, қатты таралды. Екі-үш қап хат оқитынбыз. Осы ән арқылы елге танылдым. Тынышбай ағаның да аты елге тарады. Марқұм ағам: «Көзі мөлдіреп тұрған қазақтың қызын жат елге қимадым», – деген еді», – деп еске алады Сәкен Жақсылықұлы.
Ақынның шығармашылық еңбегі әдеби орта тарапынан да лайықты бағасын алды. Айталық, Қазақстан Баспа, полиграфия және кітап саудасы істері жөніндегі мемлекеттік комитеті, Қазақстан ЛКЖО Орталық Комитеті, Қазақстан Жазушылар одағы және «Жалын» баспасы ұйымдастырған дәстүрлі әдеби жабық конкурс- тың екі дүркін жүлдегері атанды. Сондай-ақ Қазақстан Жазушылар одағының Ілияс Жансүгіров атындағы сыйлығының лауреаты болды.
Сонымен бірге Тынышбайдың жырлары Қазақстан шеңберінде ғана қалып қойған жоқ. Оның бірқатар өлеңдері орыс, украин, беларус, өзбек, қырғыз тілдеріне аударылды. Ақынның өзі де аударма саласында еңбек етіп, тәжік ақыны А.Лахутидің, орыс ақындары Л.Васильева, С.Куняев және басқа қаламгерлердің шығармаларын қазақ тіліне аударды.
Өкінішке қарай, бекзат болмысты таланттың өмірі ұзақ болмады. Ол 1999 жылдың 3 тамызында өзі жыр тілімен кестелеген ару Алматыда бар-жоғы елу екі жасында өмірден озды. Әттең, бұл кезең ақынның ердің жасына жетіп, шығармашылық қуаты кемеліне келіп, жаңа дүниелерге бет алған шағы еді. Қаламгердің мезгілсіз қазасы қазақ әдебиеті үшін де орны толмас өкініш болды.
Қоңыр домбыраның қос шегіндей қатар өрілген өлең мен әуен оның өмірінің өзегіне айналды. Ал екеуін жалғап тұрған жүрек – елге, жерге, өнерге деген шынайы махаббат болатын. Ақынның есімі де сол жүрек секілді қазақ руханиятында мәңгі соғып тұратынына еш шүбәміз жоқ.

Жұматай КӨКСУБАЙ

Пікір қалдырыныз

Your email address will not be published.