Қазақ үшін күй – жай ғана әуез емес, ұлттың жүрек соғысы. Қос ішектен төгілген әрбір дыбыс ғасырлар қойнауынан жеткен тарихтың үніндей, халықтың қуанышы мен қайғысын, сағынышы мен арманын, елдік мұраты мен адамдық болмысын бойына сыйдырады. Кейде бір күй тұтас бір дәуірдің шежіресін шертіп өтсе, енді бірде адам ғұмырының айтылмаған сырын ақтарады. Ал сол тағдырды қос ішекке таңып, жүрекке жеткізу – табиғаттың өзі сыйлаған қасиет.
Қазақтың күйшілік өнері ғасырлар бойы үзілмей жалғасып келе жатқан рухани арна болса, сол арнаның әр өңірде өзіндік боя- уы, өзіндік мақамы қалыптасты. Батыстың төкпе күйі мен Арқа, Жетісу, Тарбағатай, Іле өңірлеріндегі шертпе дәстүрдің әрқайсысы – қазақтың музыкалық әлемінің бір-бір белесі. Әр мектептің артында ел тағдыры, жер тарихы, өнер жолы жатыр. Сол қасиетті өнердің Іле өңіріндегі арнасын жалғаған, домбыраның қос ішегіне туған жердің сырын, адам жүрегінің мұңын, заманның салмағын сыйғызған өнер иелерінің бірі – Нұрымбай Сүлейменұлы еді.
Дәулескер күйші 1956 жылы жерінде жеті өзен түйіскен Жетісудің төріндегі Іле облысы, Текес ауданына қарасты Қарадала ауылында дүниеге келген. Әкесі Сүлеймен – медреседе білім алған, көзі ашық, сыбыз- ғының сиқырлы үнін меңгерген, өнерге жақын адам болған екен. Ал анасы Жамалқан да сөз қадірін білетін, ән мен жырды жүрегіне жақын тұтқан жан болыпты.
«Менің әкем Сүлеймен қазақтың қарақурай сыбызғысын нақышына келтіріп тартатын, домбырада да шебер ойнайтын өнерпаз еді. Алты жасқа толғанымда ақ батасын беріп, қазақта «Жігітке жетпіс өнер де аз, өнер адамды өрге сүйрейді» деген сөз барын айтып, қолыма домбыра ұстатты. Әкемнің «Бұғының шақыруы», «Ақ айғыр- дың азынауы» қатарлы сыбызғы күйлерін домбыраға түсірдім.
Біздің ауылда домбыраның тілін меңгерген өнерпаздар аз болмаған. Мұқаметжан Сабырбекұлы, Жабықай Қатаұлы, Шамғұын Жүнісбекұлы қатарлы күйшілерге әкем мені жетелеп апарып, домбыра үйреткен еді. Осындай күйшілерден халық күйлерімен қатар авторлық туындыларды да үйреніп, кейін өз жанымнан күй шығаратын болдым», – деген екен Нұрымбай Сүлейменұлы көзі тірісінде «Қазақ радиосына» берген сұхбатында.
Дегенмен, болашақ күйшінің балалық шағы балдай тәтті болған жоқ. Оның көкөрім шағы Қытай тарихындағы ең күрделі кезеңдердің біріне тұспа-тұс келді. 1966 жылы басталып, он жылға созылған «Мәдениет зор төңкерісі» елдің қоғамдық-саяси өмірін ғана емес, мәдениет пен өнердің тынысын да өзгертті. Ұлттық дәстүр мен рухани мұраға, әдебиет пен өнерге идеологиялық қысым күшейіп, көптеген зиялы қауым өкілі қуғын-сүргін мен қоғамдық қысымға ұшырады. Қазақтар қоныстанған Іле өңірі де бұл дүрбелеңнен тыс қалған жоқ.
Осындай алмағайып заманда Нұрымбайдың әкесі Сүлеймен де қуғын-сүргіннің азабын тартып, ауыр тағдыр кешеді. Кеше ғана шаңырақта сыбызғысынан сыр төгіп, баласының жүрегіне өнердің алғашқы дәнін сепкен әкенің тағдыры бірте-бірте қасіретке ұласады. 1972 жылы Сүлейменнің өмірі қайғылы жағдайда үзіледі. Арада төрт жыл өткенде, 1976 жылы «Мәдениет зор төңкерісі» аяқталып, саяси науқанның құрбандарын ақтау, жазықсыз жапа шеккендерге әділдік орнату үдерісі басталады. Бірақ осы тарихи өзгерісті Нұрымбайдың әкесі көре алмады. Міне, сол тұста жас күйшінің жүрегін «Шіркін, әкем толық ақталып, өзіне тағылған жазықсыз жаладан арылғанын өз көзімен көргенде ғой…» деген сағыныш пен өкініш көкірегін кернейді. Әкесінің ақталғанын көруге деген перзенттік арман мен одан ерте айырылған жүректің зары домбыраның қос ішегіне көшеді. Сөйтіп, жылдар бойы іште қатқан шер әуенге айналып, «Қайран әке» күйі дүниеге келеді.
Бүгінде әке жолын жалғап, қара домбырасын серік еткен, елордамыз Астана қаласында тұратын Нұрбүбі Нұрымбайқызы асқар тауының бар ғұмыры шығармашылық жолда өткенін айтады.
– Әкемнің әкесі Сүлеймен деген кісі Қарадала ауылына қарасты Қапсалаң деген жерде 1911 жылы дүниеге келген. Ескіше сауат ашып, емшілік өнерін меңгерген, талай адамды емдеп, сауықтырған екен. Қалихан есімді үлкен әжеміз Жарылқап қажы деген білімді кісінің қызы екен. Сүлеймен атамыз әкемнің кішкентай кезінен-ақ оның өнерге деген қызығушылығын оятып, түрлі жиындарға ертіп барып, елмен етене араласуына жол ашқан. Кейін 1966 жылы қуғын-сүргінге ұшырап, күрес- ке алынған екен. Әкем әкесі Сүлейменнің азапты күндерін өз көзімен көргенін жиі айтып отыратын. «Қайран әке» күйі 1979 жылы дүниеге келіпті. Анамыз: «Әкелерің осы күйді алғаш жарыққа шығарып, тартқанда, қос көзінен аққан жасы домбыраның шанағына тамып тұратын», – дейтін.
Әкемнің ел арасына кең тараған тағы бір күйі – «Атамекен». Алғаш 1880 жылдары Қоқаш, Байеке қатарлы ел ағалары ел-жұртын бастап, Күнес, Текес, Қас өзендерін бойлай қоныс тепкен екен. Көк кілемдей құлпырған туған жердің тұмса табиғаты мен қасиетті мекеніне деген перзенттік махаббатынан әкемнің жүрегінен осындай күй туыпты. Өмірінің соңғы екі жылында денсаулығы қатты нашарлап, қолына домбырасын ұстауға шамасы келмеді. Әйтпесе, бар ғұмыры қос ішекпен егіз өрілген еді, – деп еске алады асылдың сынығы.
Жалпы, күйшінің есімі аталғанда әуелі «Қайран әке» күйі ойға оралады. Бірақ Нұрымбайдың мұрасы бір ғана шығармамен шектелмейді. Оның артында алпыстан астам күй, жиырмаға жуық ән қалды. «Қарт толғауы», «Дала сыры», «Ыстық ұя», «Мұқағали», «Қос ағама», «Таңжарыққа арнау», «Шашау», «Текес толқыны», «Бейжіңгер» секілді шығармалары – күйші шығармашылығының кең тынысын танытатын туындылар.
Күйшінің қолынан тәлім алып, өнер жолына түскен шәкірттерінің бірі – Құрманжан Зікірияұлының айтуынша, Нұрымбай Сүлейменұлы негізінен шертпе күй дәстүрін ұстанған күйші болған. Оның шығармашылығының ауқымы өте кең, формасы жағынан бір жүйеге түскен кесек туындылар. Ол домбыраның аспаптық музыкадағы орнын жоғарылату, домбыраның әуендік саздарын құбылта түсуде өзіндік дәстүр қалыптастырып, көптеген құнды күй шығарды. Күйлері – атына заты сай қуатты. Қоғамдық өмір мен табиғат дүниесіндегі құбылыстарды домбыраның қос ішегі арқылы бейнеленеді. Нұрымбай күйлерінің мазмұны бай, толғамы терең, әуен-сазы мұңлы болып келеді.
Нұрымбайдың өнер жолы тек күй шығарумен, домбыра тартумен ғана шектелген жоқ. Ол 1980 жылдардан бастап ел ішінде ауыздан-ауызға тарап, уақыт өте көмескілене бастаған аңыз-әңгімелерді, шежірелі сыр- ларды жинап, хатқа түсірді. Тасада қалып, еңбегі көпке елене бермеген өнер иелерінің өмірі мен шығармашылығын зерттеп, олардың мұрасын кейінгі ұрпаққа аманат етуді азаматтық парызы санады. Оның әр жылдары «Тойекенің асындағы ас мәдениеті», «Халық ағартушысы Тоғжан және оның еңбектері», «Қанақанның әзілдері», «Халық шешені Қасен Құрықұлы», «Ахмет Қызайұлының шешендік шертпелері туралы», «Тапберменің қыраны, естен кетпес күй-әні», «Ақ сүйекке аялдағанда» секілді зерттеу мақалалары жарық көрді.
Сонымен бірге Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық консерваториясының ғылыми жинақтарында Іле күйшілік дәстүрінің көрнекті өкілі ретінде Нұрымбай Сүлейменұлының шығармашылығы арнайы зерттеле басталды. Ал 2004 жылы «Қайран әке» атты ән-күй жинағы күйтабақпен бірге жарық көрсе, 2006 жылы оған «Халық композиторы» деген құрметті атақ берілді. Сонымен бірге өнертанушы, күйші Баян Игілік құрастырған «Алыстағы шұғыла» атты күй жинағына бес күйі енген екен.
Қазақтың күйшілік өнері – тамыры терең бәйтерек. Оның бұтақтары ғасырлардан ғасырларға созылып жатыр. Бір бұтағында Құрманғазының екпіні болса, бір бұтағында Тәттімбеттің толғауы, Сүгірдің сыршылдығы, Динаның даралығы, Нұрғисаның жаңашылдығы бар. Ал сол алып бәйтеректің Іле өңіріндегі бір бұтағында тербелген Нұрымбай Сүлейменұлының жүрегі өткен Жылан жылының 2 желтоқсанында мәңгілікке соғуын тоқтатты.
«Қара нар,
Қара кілем,
Қаралы ауыл.
Қасқалдақ қайта қонбас қара бауыр…
Жұрт біткен өмеусіреп, еңсе басып,
Көтеріп табытыңды барады ауыр!..
Ер қайтты, ел жылады, несі кетті?
Мұңлы құс шарлап ұшты жеті көкті.
Ғұмыры «Қайран әке» басталған-ды,
Келмеске бір дәуірдің көшi кетті», – деп жоқтау жырын жазыпты ақын Ерсін Қожатұлы қаламын қасіретке суарып.
Иә, Сүлейменұлымен бірге сайын даланың күй ғұмыры да көшіп бара жатқандай. Бәлкім, ұзақ жылдар бойы аңқасы кеуіп, сағынып, аңсаған әкесіне асыққан болар. Өзі шексіз сүйіп, бар болмысын қос ішекке сыйдырған туған топырағы тұлғаны енді мәңгілік бесігіне бөледі. Қадірі Қаратаудай күйшінің қабірін Қарадаланың қоңыр желі баяу аймалайды. Иесін іздеген күй әуені шығар, бәлкім…
Жұматай КӨКСУБАЙ