Еңбек адамының құқығын қорғау – кәсіподақ қызметінің басты бағыттарының бірі.
Еңбек адамының құқығы мен заңды мүддесін қорғау – әлеуметтік әділеттілік пен тұрақты еңбек қатынастарының маңызды негізі. Осы бағытта кәсіподақ ұйымдары қызметкерлерге құқықтық кеңес беріп қана қоймай, еңбек қатынастары барысында туындайтын мәселелерді заң аясында шешуге ықпал етеді.
«Күшті кәсіподақтар – еңбек адамының күшті дауысы” жалпы кәсіподақтық науқаны аясында ұйымдастырылатын “Құқықтық көмектің бірыңғай күні» – қызметкерлердің өз құқықтары мен міндеттерін білуіне, еңбек заңнамасының талаптарын түсіндіруге және құқықтық мәселелер бойынша кеңес алуға бағытталған маңызды шара.
Қазақстан Республикасының Еңбек кодексі еңбек қатынастары тараптарының құқықтары мен мүдделерін қорғауға және еңбек саласындағы ең төмен кепілдіктерді белгілеуге бағытталған. Кодексте еңбек бостандығы, еңбек саласындағы кемсітушілікке және мәжбүрлі еңбекке тыйым салу, қауіпсіз еңбек жағдайына, еңбегі үшін ақы алуға және тынығуға құқық сияқты негізгі қағидаттар бекітілген.
Еңбек қатынасын ресми рәсімдеу – қызметкердің заңмен белгіленген құқықтары мен кепілдіктерін қамтамасыз етудің маңызды шарты.
Еңбек кодексінің 24-бабына сәйкес, еңбек шарты бойынша жұмыскер еңбек функциясын орындауға міндеттенсе, жұмыс беруші келісілген жұмысты беруге, еңбек жағдайларын қамтамасыз етуге және жалақыны уақтылы әрі толық көлемде төлеуге міндетті.
Еңбек шартында, соның ішінде, жұмыстың басталу күні, жұмыс уақыты мен тынығу уақытының режимі, еңбекке ақы төлеу мөлшері мен өзге де шарттар, еңбек жағдайлары, тараптардың құқықтары мен міндеттері, шартты өзгерту және тоқтату тәртібі көрсетілуге тиіс.
Сондықтан жұмысқа қабылданған кезде еңбек шартының талаптарын мұқият оқып, өзіңізге жүктелетін міндеттерді, жұмыс режимін, жалақы мөлшерін және басқа да талаптарды нақты білу маңызды.
Еңбек кодексінің 22-бабында жұмыскердің негізгі құқықтары айқындалған. Атап айтқанда, жұмыскер:
* еңбек шартын заңда белгіленген тәртіппен жасасуға, өзгертуге және тоқтатуға;
* жұмыс берушіден еңбек және ұжымдық шарттардың талаптарын орындауды талап етуге;
* қауіпсіздік және еңбекті қорғау талаптарына сай еңбек жағдайларына;
* еңбек жағдайлары мен еңбекті қорғаудың жай-күйі туралы толық әрі анық ақпарат алуға;
* жалақыны уақтылы және толық көлемде алуға;
* біліктілігіне, жұмыстың күрделілігіне, көлемі мен сапасына және еңбек жағдайларына сәйкес еңбегіне ақы төленуіне;
* жеке және ұжымдық еңбек дауларын заңда белгіленген тәртіппен шешуге құқылы.
Бұл құқықтар – жұмыс берушінің қалауына байланысты емес, Қазақстан Республикасының еңбек заңнамасымен белгіленген құқықтық кепілдіктер.
Кәсіподақ қызметкерге қандай жағдайда көмектесе алады?
«Кәсіптік одақтар туралы» Қазақстан Республикасының Заңына сәйкес кәсіподақтар өз мүшелерінің еңбек және әлеуметтік-экономикалық құқықтары мен мүдделерін білдіруге және қорғауға құқылы.
Заңның 16-бабында кәсіподақтардың қызметкерлердің өкілі болу, құқықтық көмек көрсету, сотқа талап қою, медиацияға және еңбек дауларын шешуге қатысу, сондай-ақ ұжымдық келіссөздер жүргізу және ұжымдық шарттар жасасу құқықтары көзделген. Ал, Заңның 18-бабына сәйкес кәсіподақтар өз мүшелерінің құқықтары мен мүдделерін құқықтық және консультациялық көмек көрсету, сотқа жүгіну, келісім комиссияларының, татуластыру комиссияларының және еңбек төрелігінің жұмысына қатысу арқылы қорғай алады. Осыған байланысты қызметкер еңбек қатынастарында мәселе туындаған жағдайда оны өз бетінше шешуге тырыспай, алдымен кәсіподақ ұйымына жүгініп, құқықтық кеңес ала алады.
Кәсіподақтардың құқықтық көмегі еңбек шартымен ғана шектелмейді.
Қызметкерлер тарапынан жиі көтерілетін мәселелердің қатарында жалақының уақтылы төленуі, жұмыс уақытының сақталуы, еңбек демалысын беру, үстеме жұмыс, еңбек жағдайлары, еңбек қауіпсіздігі, әлеуметтік кепілдіктер, еңбек шартын өзгерту немесе тоқтату тәртібі сияқты мәселелер бар. Еңбек кодексі жұмыс берушіге еңбек заңнамасының, еңбек және ұжымдық шарттардың талаптарын сақтауды, жұмыскерлерге тиісті еңбек жағдайларын қамтамасыз етуді және жұмыс уақытының есебін жүргізуді міндеттейді. Сондықтан еңбек құқығы бұзылды деп есептеген қызметкер мәселенің мән-жайын құжаттармен нақтылап, заңда белгіленген тәртіппен тиісті қорғау тетіктерін пайдалана алады.
Қызметкердің қауіпсіз еңбек жағдайына құқығы заңмен бекітілген. Сонымен қатар жұмыскердің өзі де еңбек қауіпсіздігі, еңбекті қорғау, өрт және өндірістік қауіпсіздік талаптарын сақтауға міндетті.
Кәсіподақтардың бұл бағыттағы рөлі де маңызды. «Кәсіптік одақтар туралы» Заң кәсіподақтарға еңбек қауіпсіздігі мен еңбекті қорғау мәселелерінде қоғамдық бақылауға қатысуға мүмкіндік береді. Кәсіподақ өкілі өндірістегі жазатайым оқиғаларды тергеп-тексеру жөніндегі комиссия құрамына қатыса алады, сондай-ақ ұйымдағы еңбек қауіпсіздігі және еңбекті қорғау жөніндегі өндірістік кеңес жұмысына қатысады. Қызметкер өз құқығын неғұрлым жақсы білген сайын, еңбек қатынастарында туындайтын мәселелерді заң аясында шешу мүмкіндігі де артады. Сондықтан, “Құқықтық көмектің бірыңғай күні» тек кеңес беру шарасы емес, еңбек адамының құқықтық сауаттылығын арттыруға бағытталған маңызды бастама.
Бұл күні қызметкерлер еңбек шартының талаптары, жалақы мен жұмыс уақыты, еңбек демалысы, еңбек қауіпсіздігі, әлеуметтік кепілдіктер, еңбек дауларын шешу тәртібі және басқа да мәселелер бойынша өздерін қызықтырған сұрақтарға жауап ала алады.
Кәсіподақтың басты міндеттерінің бірі – қызметкердің заңды құқығы мен мүддесін қорғауға ықпал ету, әлеуметтік әріптестікті дамыту және еңбек қатынастарында өзара түсіністік пен заң талаптарының сақталуына жағдай жасау.
Заң кәсіподақтарға өз мүшелерінің мүддесін білдіруге және қорғауға, құқықтық және консультациялық көмек көрсетуге, еңбек дауларын шешуге қатысуға және қажет болған жағдайда сотта олардың мүддесін білдіруге мүмкіндік береді.
Сондықтан құқықтық мәселе туындағанда “менің құқығым бар ма?» деген сұрақпен қатар «оны қандай заң нормасы қорғайды және оны қорғаудың қандай тәртібі бар?» деген сұрақты да білген маңызды.
Өз құқығын білген еңбек адамы – заң талаптарын сақтауды талап ете алады. Ал, заңға сүйенген кәсіподақ – қызметкердің еңбек және әлеуметтік құқықтарын қорғау тетіктерінің бірі.
Құқығыңды біл. Заңды сақта. Кәсіподақпен бірге қорға!
Еркінтай Сауранбаев,
«SENIM» Денсаулық сақтау жүйесі жұмыскерлерінің
салалық кәсіптік одағы» РҚБ
Жамбыл облыстық филиалының төрағасы
Талаптар 2026 жылғы 6 қыркүйектегі жаңартылған Заңнан алынды