Жамбыл облыстық қоғамдық-саяси газет

Алаштың ардақтысы – Ахмет

0 121

ХХ ғасырдың басы қазақ халқының тарихындағы ең күрделі әрі тағдырлы кезеңдердің бірі болды. Бір жағынан патшалық отарлау саясаты елдің еркіндігін тарылтып, жер мәселесін ушықтырса, екінші жағынан халықтың көзі ашық, көкірегі ояу азаматтары ұлттың болашағы туралы терең ойлана бастады. Елдің елдігін сақтап қалудың жолы білімде, ғылымда, мәдениетте, ұлттық санада екенін түсінген қазақ зиялылары тарих сахнасына шықты.

Әлихан Бөкейхан, Міржақып Дулатұлы бастаған Алаш арыстарының мұраты қазақты қараңғылықтан алып шығу, ұлттың санасын ояту, жерін сақтау, тілін, ділін, мәдениетін қорғау, елді өркениетті мемлекеттер қатарынан көру еді. Олар бұл мақсат жолында өздерінің жеке бастарының тыныштығын емес, халықтың тағдырын алдыңғы орынға қойды. Олар газет шығарды, кітап жазды, мектеп ашты, оқулықтар әзірледі, ғылыммен айналысты, ел арасына білім таратты. Сол күрестің алдыңғы шебінде Ахмет Байтұрсынұлы жүрді.
Ахмет Байтұрсынұлы 1872 жылғы 5 қыркүйекте қазіргі Қостанай облысы, Жангелді ауданы, Сарытүбек өңірінде дүниеге келген. Әкесі Байтұрсын ел ішінде беделді, намысшыл азамат болған.
Даланың дара перзентінің шыққан ортасы оның мінезіне де, дүниетанымына да ықпал етті. Даланың еркін рухы, ел ішіндегі әңгіме мен шешендік сөз, халықтың ауыз әдебиеті, үлкендердің өнегесі – болашақ ғалымның рухани әлемінің қалыптасуына негіз болды. Болашақ ғалым алғаш Торғайдағы екі сыныптық орыс-қазақ училищесінде білім алып, кейін Орынбордағы мұғалімдер мектебінде оқыды.
Педагогикалық білім алып, ұстаздық жолға түскен ол мектепті ұлттың болашағын қалыптастыратын қасиетті орын деп түсінді. Ақтөбе, Қостанай, Қарқаралы өңірлерінде ұстаздық қызмет атқарған жылдары қазақ балаларының білім алуындағы қиындықтарды көрді. Ана тіліндегі оқулықтардың жетіспеуі, оқу жүйесінің әлсіздігі, халықтың сауаттылық деңгейінің төмендігі оның алдына үлкен міндет қойды. Ұстаздық қызмет барысында ол қазақ баласына білімді қалай түсінікті жеткізуге болатынын іздеді. Осылайша ұстаздық тәжірибе бірте-бірте ғылыми ізденіске ұласты. Ол араб жазуын қазақ тілінің дыбыстық ерекшеліктеріне бейімдеп, ұлттық жазу жүйесін жетілдірді.
«Ислам дінін қабылдауымызға байланысты Хақтың кәләмі, яғни Құран түскен жазу деп, араб жазуына көше бастадық. Ол шағатай жазуы деп те аталды. Шағатай немесе араб жазуын біз мың жыл бойы қолдандық. Қазақтың хандары мен сұлтандарының хаттары сонымен жазылды. Кенесары хандардың, Абай, Ыбырай, Шоқандардың кезіндегі хаттар да осы жазудан өтті. Қазақтың көшбасшы ғалымы, ұлт ұстазы Ахмет Байтұрсынұлы 1912 жылы осы шағатай жазуындағы қолайсыздықтарды тауып, қазақ айтылымы мен араб графикасына негізделген «төте жазуын» дүниеге әкелді. Шағатай жазуын мың жыл қолдансақ та, қазақ тілінің төл заңдылықтарын толықтай жеткізе алмайтын кемшілік тұстары бар еді. Осыны байқаған Ахмет Байтұрсынұлы түгелдей реформа жасап, төте жазуды жариялады. 1928 жылы Кеңес үкіметінің толық орнауына байланысты туыстас түрік халықтары қолданып жүрген латын әліпбиіне көштік. 1930 жылдан 1940 жылға дейін латын әліпбиін қолдандық. 1940 жылдардан кириллицаға бет бұрдық», – дейді ақын, алаштанушы Әділет Ахметұлы.
Ахмет Байтұрсынұлының ең үлкен тарихи еңбектерінің бірі – қазақ тіл білімінің ғылыми негізін қалауы. Ол қазақ тілінің дыбыстық жүйесін, сөз құрамын, сөйлем құрылысын зерттеп, қазақ тілін оқытудың ғылыми жүйесін қалыптастырды. «Тіл-құрал» еңбегі осы бағыттағы аса маңызды туындылардың бірі болды. Әдебиеттану саласында да ол алғашқы ғылыми ұғымдарды қалыптастырды. Оның «Әдебиет танытқыш» еңбегі қазақ әдебиетінің теориялық негізін жүйелеудегі тарихи еңбек саналады.
Ғалымның ғылымдағы жаңалығы – қазақты сырттан зерттеу емес, қазақтың тілін қазақтың өз болмысы арқылы зерттеуінде еді. Ол ұлттық ғылымның тілін қалыптастырды. Бүгінгі қазақ тіл біліміндегі көптеген терминдердің қалыптасуына оның еңбегі негіз болды. «Зат есім», «сын есім», «етістік», «бастауыш», «баяндауыш», «буын», «дыбыс» сияқты ұғымдарды қазақша ғылыми айналымға енгізуі оның тіл ғылымындағы орасан еңбегін көрсетеді.
Ахмет Байтұрсынұлының ақындық мұрасы да қазақ руханиятында ерекше орын алады. Оның «Маса» жинағы арқылы ол халықтың санасын оятуға ұмтылды. «Маса» атауының өзі символдық мәнге ие. Ұйқыдағы адамды маса мазалайды. Ал Ахметтің қаламы да бейқам жатқан елді оятуға бағытталды. Ол халықты білім алуға, еңбек етуге, өнер үйренуге шақырды. Оның шығармаларындағы негізгі сарын – елдік, білім, еңбек, бірлік, жауапкершілік. Ал 1909 жылы жарық көрген «Қырық мысал» жинағы халыққа белгілі мысалдарды қазақша сөйлете отырып, қоғамдағы келеңсіз құбылыстарды сынау- ға арналды.
Ұлт ұстазының кейбір шығармалары ұзақ уақыт көмескіде қалып, оқырманға жете қоймаған. Бүгінде тарихшылар мен алаштанушылардың ізденісі арқасында тұлғаның мұрасы қайта зерделеніп, бұрын белгісіз болып келген еңбектері көпшілік назарына ұсынылып отыр. Алаштанушы Әділет Ахметұлының айтуынша, ол Ахмет Байтұрсынұлының бұған дейін еш жерде жарық көрмеген еңбектерін тауып, ғылыми айналымға енгізуге мүмкіндік жасаған.
– Ахмет Байтұрсынұлының жұртқа белгісіз болып келген бірнеше шығармасын тауып алдым. «Маймыл мен көзілдірік» деген кішкентай ғана кітапшасы 1922 жылы Ташкенттен шығыпты. Ахметті зерттеген ғалымдардың ешқайсысының сілтемесінде, тізімінде кездеспейді, яғни кітап туралы ешкім білмейді. Ахметтің өзі мысалдарын жиі аударған орыс мысалшысы И.Крыловтың дүниелерін іздеп, ғаламтордағы сайттан сайтқа өтіп отыр- дым. Орыстың, татардың «Қазан» баспасының, Ташкенттің сайттары бар, сөйтіп, аралап отырсам, бір жерде Ахметтің И.Крыловтан аударған кітабы тұр. Негізі, Ахмет И.Крыловтың кітабын «Қырық мысал» ретінде 1901 жылы аударған. Ол 1909 жылы кітап болып шықты, кейін 1922 жылға дейін 3 рет басылды. Сондай аударылған мысалдардың бірі «Маймыл мен көзілдірік» те 1922 жылы кітап күйінде жарық көріпті, – дейді Әділет Ахметұлы.
Сонымен бірге ұл ұстазының қоғамдық қызметіндегі ең ірі белестердің бірі «Қазақ» газетімен байланысты. 1913 жылы Орынборда жарық көрген «Қазақ» газеті сол кездегі қазақ қоғамының саяси, әлеуметтік және мәдени өміріндегі аса маңызды басылымға айналды. Газеттің ұйымдастырушысы әрі редакторы Ахмет Байтұрсынұлы болды. Басылымның маңына Әлихан Бөкейхан, Міржақып Дулатұлы бастаған қазақтың оқыған азаматтары топтасты.
«Қазақ» газеті халыққа жаңалық жеткізетін қарапайым ақпарат құралы ғана болған жоқ. Ол ұлттық ойдың мінберіне айналды. Жер мәселесі, оқу-ағарту, әйел теңдігі, шаруашылық, мәдениет, ел басқару, ұлттық тіл, дін, өнер, әдебиет – қоғам өмірінің барлық маңызды мәселесі басылым бетінде көтерілді. Ахмет Байтұрсынұлы халықты бірлікке, білімге, еңбекке шақырды. Бүгінде ұлт ұстазының «Газет – халықтың көзі, құлағы һәм тілі» деген сөзі ұрпағына ұранға айналды.
1917 жылғы тарихи өзгерістер тұсында қазақ зиялылары елдің саяси тағдырына белсене араласты. Алаш қозғалысы қалыптасып, қазақтың ұлттық мемлекеттілігі туралы мәселе күн тәртібіне шықты. Ахмет Байтұрсынұлы осы қозғалыстың белсенді қайраткерлерінің бірі болды. Алайда ұлт үшін қызмет еткен Алаш арыс- тарының тағдыры жеңіл болған жоқ. Ахмет Байтұрсынұлы да саяси қысымнан тыс қалмады. Ол патша заманын көрді, отарлық саясаттың зардабын сезінді, Алаш қозғалысының қалыптасуына қатысты, кеңестік биліктің алғашқы жылдарындағы өзгеріс- терді бастан өткерді, саяси қуғын-сүргінге ұшырады, түрмеге қамалды, жер аударылды. Ақырында 1937 жылы сталиндік қуғын-сүргіннің ең ауыр кезеңінде тағы да тұтқындалып, сол жылдың 8 желтоқсанында Алматыда атылды.
Тәуелсіз Қазақстанда Ахмет Байтұрсынұлының есімі қайта жаңғырды. Оның шығармалары халыққа қайтарылды, ғылыми еңбектері зерттеле бастады, есімі мектептерге, көшелерге, білім беру және мәдениет мекемелеріне берілді. Арада қанша жыл өтсе де, кемеңгер ұстаздың есімі өшпейді. Себебі оның өмірі – ұлтқа қызмет етудің үлгісі. Оның еңбегі – қазақ ғылымының негізі. Оның сөзі – рухани мұра. Оның тағдыры – тарихтың ащы сабағы.
Бүгінде 5 қыркүйек – Қазақстан халқы тілдері күні ретінде де аталып өтеді. Бұл күн ана тіліміздің қадірін терең сезінетін, ұлт ұстазының алдындағы перзенттік парызымызды ой елегінен өткізетін тағылымды күн болып қала береді.

Жұматай КӨКСУБАЙ

Пікір қалдырыныз

Your email address will not be published.