«Кітап – білімнің қайнар көзі» деген қарапайым қағиданың астарында адамзат өркениетінің тұтас тарихы жатыр. Өйткені кітап – уақыттың үнін сақтайтын, ұрпақтар арасындағы рухани байланысты жалғайтын баға жетпес қазына. Ал сол қазынаны көздің қарашығындай сақтап, халық игілігіне жаратып отырған қасиетті орын – кітапхана.
Мемлекет басшысы Қасым- Жомарт Тоқаев ұлттың рухани дамуы мен жас ұрпақтың білім алуына ерекше мән беріп келеді. Президенттің «Оқитын ұлт» идея- сын ілгерілетуге бағытталған бас- тамалары да кітаптың қоғамдағы орнын айқындай түседі. Мемлекет басшысы кітап оқудың адам санасын қалыптастырудағы маңызына тоқтала отырып, жас ұрпақтың білімге, ғылымға және рухани құндылықтарға ұмтылуы ел болашағы үшін аса маңызды екенін үнемі айтып келеді.
Шын мәнінде, кітапхана – ұлттың жады. Өйткені ұлттың өткені мен бүгінін жалғап тұрған тарихи, әдеби, ғылыми және мәдени мұраның елеулі бөлігі кітап қорларында сақтаулы. Абай Құнанбайұлы: «Ғылым таппай мақтанба», – деп, адамды білім мен ғылымға ұмтылуға үндеді. Ұлы ақынның: «Пайда ойлама, ар ойла, талап қыл артық білуге», – деген сөзі бүгін де өз мәнін жойған жоқ. Ал Ахмет Байтұрсынұлы: «Білімді болуға оқу керек. Бай болуға кәсіп керек. Күшті болуға бірлік керек», – деп, ел болудың негізін біліммен байланыстырды.
Кітапханаға кірген адам бір сәтте бірнеше дәуірмен тілдесе алады. Бір сөреден Абайды, екіншісінен Әуезовті, үшіншісінен Мағжанды, Сәкенді, Ілиясты, Бейімбетті кездестіреді. Тарихи еңбектер арқылы Қазақ хандығы дәуіріне үңіліп, Алаш қайраткерлерінің мұрасымен танысады. Ел басынан өткен нәубетті кезеңдерді зерттеп, тәуелсіздік жылдарындағы жетістіктерді саралайды. Демек, кітапхана – уақытты бір кеңістікке тоғыстыратын ерекше рухани мекен.
Қазіргі таңда кітапханалар заман талабына сай жаңарып, цифрлық технологияларды кеңінен пайдаланып келеді. Электрондық кітаптар, цифрлық мұрағаттар, онлайн каталогтар оқырманға үлкен мүмкіндік беруде.
Қорыта айтқанда, кітапхана – өткенді сақтайтын орын ғана емес, болашақты қалыптастыратын мекен. Онда халықтың жады бар. Онда ұлттың сөзі бар. Онда елдің тарихы бар. Сондықтан кітапхананы сақтау – ұлттық жадымызды сақтау. Ал ұлттық жадысы берік елдің болашағы да баянды.
Гүлайым АБИЛЬДАЕВА,
Ш.Уәлиханов атындағы
облыстық әмбебап ғылыми кітапхананың бөлім меңгерушісі