Еліміздің белгілі кардиохирургы Сейітхан Жошыбаев Қырғыз Республикасының жоғары мемлекеттік наградасы – III дәрежелі «Манас» орденімен марапатталды. Мәртебелі марапатты Қырғыз Республикасының президенті Садыр Жапаров табыстады.
Сейітхан Жошыбаев бұл орденді халыққа қызмет етудің нәтижесі әрі Қазақстан мен Қырғызстан арасындағы медициналық және кәсіби байланыстың айқын көрінісі деп қабылдайтынын атап өтті.
– Бұл марапатты медицина саласындағы ұзақ жылғы еңбегіме, жүрек-қантамырлары хирургиясын дамытуға қосқан үлесіме берілген жоғары баға деп қабылдаймын. Жалпы, дәрігер үшін науқастың өмірін сақтап қалу, оның отбасына қуаныш сыйлаудан асқан сый-құрмет жоқ. Сондықтан әрбір жетістік – мен үшін, ең алдымен, халыққа қызмет етудің нәтижесі, – дейді С.Жошыбаев.
Айта кетейік, Сейітхан Жошыбаев 1976 жылы Фрунзе қаласында (қазіргі Бішкек) Республикалық кардиохирургиялық орталықтың негізін қалап, оған өзі басшылық етті. Осылайша, Қырғызстандағы заманауи кардиохирургияның дамуына жол ашты. Көп жылғы кәсіби қызметі барысында профессор жүрек-қантамырлары хирургиясын дамытуға, білікті мамандар даярлауға және көршілес елдегі медициналық ынтымақтас- тықты нығайтуға елеулі үлес қосты.
Білікті дәрігер қазіргі уақытта Тараз қаласындағы «Ғылыми-клиникалық кардио- хирургия және трансплантология орталығының» директоры қызметін атқарады. Ол сондай-ақ Қырғыз Ұлттық ғылым академиясының мүше-корреспонденті, Қырғыз Ұлттық Ғылым академиясының академигі, Қырғыз Республикасының Еңбек сіңірген дәрігері және осы елдің ең жоғары марапаттарының бірі – «Даңқ» орденінің иегері.
«JT»-ақпарат