Жамбыл облыстық қоғамдық-саяси газет

Сөз сүлейі Сүлейменов

0 57

Тұлға деген ұғымның салмағы оның атақ-абыройымен немесе атқарған қызметінің көптігімен ғана өлшенбейді. Нағыз тұлға – өз дәуірінің үнін естіп қана қоймай, сол дәуірдің ойына ықпал етіп, қоғамның санасына қозғау сала алатын, уақыттың күрделі сауалдарына жауап іздеп, елдік мүддені азаматтық мұратпен ұштастыра білетін биік болмыс иесі.

Қазақ тарихында осындай дара болмысымен бірнеше саланың басын біріктіріп, ақындықты азаматтықпен, ғылымды ізденіспен, қоғамдық қызметті елдік мұратпен сабақтастырған қайраткерлер аз емес. Солардың қатарында қазақтың әдебиеті мен тарихы, ұлттық сана мен бейбітшілік идеясы жолында күрескен бірегей тұлға – Олжас Сүлейменовтің алар орыны ерекше.
Олжас Омарұлы 1936 жылы 18 мамырда Алматы қаласында дүниеге келген. Мектепті тәмамдағаннан кейін ол Қазақ мемлекеттік университетінің геологиялық барлау факультетіне түсіп, инженер-геолог мамандығын меңгеріп, 1959 жылы жоғары оқу орнын тәмамдайды. Осыдан кейін ол Мәскеудегі М.Горький атындағы Әдебиет институтында поэзиялық аударма бағыты бойынша білім алды. Бұл кезең жас қаламгердің кәсіби шеберлігін қалыптастыруда маңызды орын алды. Ол қазақ әдебиетін ғана емес, әлем әдебиетінің тәжірибесін игеруге ұмтылды. Проза мен поэзияны, аударма мен әдеби зерттеуді қатар меңгеруге талпынды. Өзі де «кәсіби әдебиетші әр жанрды игере білуі керек» деген ұстанымда болды.
Болашақ ақын 1962-1971 жылдары «Казахстанская правда» газетінде қызмет атқарып, журналистика мектебінен өтті. Сонымен қатар «Қазақфильм» киностудиясының сценарийлік-редакциялық алқасында бас редактор болып, «Простор» журналында журналистика бөлімін басқарды. Баспасөз, кино, әдебиет – үшеуінің тоғысында жүрген жылдар оның қаламын шыңдап, қоғамдық ойға араласуына кең мүмкіндік берді.
Олжастың ақындық әлемі алғашқысынан-ақ дәстүрлі қалыпқа сыймайтын серпінімен ерекшеленді. Оның жырларында жаңашыл ой, тосын образ, тарихи жады, адамзаттық идея қатар жүреді. 1961 жылы ғарышқа Юрий Гагарин ұшқаннан кейін жазылған «Адамға табын, Жер, енді!» поэмасы ақын есімін кең көлемде танытқан шығармалардың бірі болды. Ғарыш дәуірінің басталуын ақын адамзаттың жаңа мүмкіндігі ретінде қабылдады. Жерге сырттан көз салған адамзат баласының өз планетасының қадірін терең түсінуі керек екенін жыр арқылы жеткізді.
Ал 1960-жылдардың соңында жарық көрген «Қыш кітап» тәрізді шығармаларында тарих пен миф, адамзат өркениеті мен уақыт мәселесі астасып жатты. «АзиЯ» еңбегі жарық көрген 1975 жыл қаламгер өміріндегі ғана емес, қоғамдық ой тарихындағы да күрделі кезеңдердің бірі болды. Бұл шығармада көне түркілердің тарихы, тілдік деректер, «Игорь жасағы туралы жыр» төңірегіндегі мәселелер жаңа көзқараспен қарастырылды. Еңбектің тағдыры да оңай болған жоқ. Ол үлкен пікірталас туғызып, кеңестік идеологиялық ортада сынға ұшырады. Соған қарамастан «АзиЯ» қазақтың тарихи санасы мен көне өркениетіне жаңаша қарауға түрткі болған маңызды еңбек ретінде бағаланды.
Жалпы, ақынның қаламгерлік қуаты оның өлеңдерінен ғана емес, тарихи-ғылыми ізденістерінен де көрінеді. Ол сөздің арғы тарихына үңілді, тілдердің байланысын зерттеді, түркі дүниесінің көне қабаттарына назар аударды. Кейін «Жазу тілі», «Түркілер тарихқа дейін», «Сөз коды» секілді еңбектерінде де осы ізденіс- терін жалғастырды. Сондықтан оны ақын ғана емес, сөз табиғатын тарихи кеңістікте қарастырған зерттеуші ретінде де танимыз.
– Арқалы ақынның өнернамалық кеңістігінде Ұлы даланың дүбірлі байтақ тарихы, құман-қыпшақтың бекзат ар-намыс қағидаты, ғұндар мен түркілердің жыраулық жорық сарыны, Білге Тоныкөк пен Гилгамештің, Қорқыт пен Хорхттың, Тұран мен Шумердің, Мысыр мен Бабылдың, славян мен печенегтердің көне мәдениетінің ұшқыны, өткеннің інжу-маржан дәстүрін бойына жинақтаған қаһарман қазақ халқының ерлік шежіресі таңғажайып өрнектермен өріліп, оқырманның түйсігіне сүйіспеншілік пен парасаттың ұясын салып жатты. Түгел түркінің айбынды рухын шын мәнінде киелі рәмізге айналдырып, жырымен тұңғыш асқақтатқан Алаштың ақтангер ақыны Мағжан Жұмабаев болса, бодандық түнекте үзіліске ұшыраған сол игі дәстүрді отты жырымен лапылдатып жалғаған ақын Олжас Сүлейменовті қаймана халқы қадір тұтады. Адуынды ақын жырлары ақ қағазға бәдізделген Йолығтегін, Тоныкөк дастанының жарасымды жалғасындай. Айталық, ақын әйгілі «Бөлтіріктер» өлеңінде қансырап жығылған шуланның қан аралас уызын еміп, көзін кекпен ашатын көкжалдары туралы айту арқылы қайсар түркінің бөрі тотемін санада жаң-ғыртады. «Құман жырында» «Балатонға барар жолды сілтесең, о, аруақ айғырымды ерттер ем», деп Аттиланың рухына тұспал жасап, ағайын жұрт мажар мен қыпшақтың түмен ғасырлық тамырлы байланысына сәуле түсіреді. «Арғымақ» өлеңінде «ойхой, қыпшақ даласының» шашасына шаң жұқпас арғымағы мен сайыпқыран ерлерінің сертін буырқанған сезіммен суреттейді. Оның әр өлеңінде, дастандары мен толғауларында түркі халықтарының көне ерлік тарихы, Жібек жолы бойындағы құмға батқан ежелгі шаһарлар, ғұндар мен үйсіндердің, шумер мен қыпшақтардың қышқа қашалған шежіре бітіктері, ежелгі Русь пен Ұлы дала жұртының байырғы байланыстары көркемдікпен мүсінделеді. Осылайша түгел түркіге олжа салған Олжас ақын өлеңдерінде қазіргі заманғы ұрпақтардың бабалардың батырлық дәуіріне деген іңкәр сағыныш-аңсары романтикалық сарында айшықты көрініс табады, – дейді тарихшы-ғалым, публицист Дархан Қыдырәлі.
Арқалы ақын әдебиетпен бірге кино саласында да еңбек етті. Бірқатар фильмнің сценарийін жазды. «Атамекен», «Көк маршрут», «Қызыл жусан» сияқты туындыларға қатысы оның өнердің әр саласына бірдей жауапкершілікпен қарағанын көрсетеді. Қаламгердің шығармашылық болмысы бір ғана жанрға байланып қалмай, әдебиет, кино, публицистика, тарих, тіл және қоғамдық ой салаларына тарады.
Сонымен бірге Олжас Сүлейменовтің қоғамдық қызметі де уақыт өткен сайын тереңдей түсті. Айталық, 1971-1981 жылдары Қазақстан Жазушылар одағының хатшысы болса, 1981-1983 жылдары Қазақ КСР Мемлекеттік кинематография комитетін басқарды. Ал 1983-1991 жылдары Қазақстан Жазушылар одағы басқармасының бірінші хатшысы қызметін атқарды.
Алайда оның азаматтық болмысын барынша айқын көрсеткен тарихи кезең – 1989 жыл. Бұл кезде Семей ядролық полигонының қасіреті елдің жүрегіне батқаны соншалық, үнсіз қалу мүмкін емес еді. 1989 жылғы 28 ақпанда оның бастамасымен «Невада-Семей» халықаралық антиядролық қозғалысы құрылды. Бұл жай ғана қоғамдық ұйым құру емес, халықтың жанайқайын әлемге жеткізу болатын. Сүлейменов депутат ретінде де, ақын ретінде де, азамат ретінде де ядролық сынақтардың зардабы туралы батыл айтты. 1989 жылдың маусымында Мәскеуде өткен КСРО халық депутаттарының съезінде қозғалыстың талаптарын жариялады. Сөйтіп, Семей даласының қасіреті Кеңес Одағының ғана емес, халықаралық қауымдас- тықтың алдына қойылған мәселеге айналды. Аталған қозғалыс халықтың үлкен қолдауына ие болып, 1991 жылғы 29 тамызда Семей ядролық сынақ полигонын жабу туралы шешім қабылданды.
– 1989 жылы сәуірде Семей облысының атынан Жоғарғы Кеңес депутаты болып сайландым. Сайлаушылардың бір ғана аманаты болды, ол – Семей полигонын жабу және оны шешу басты міндетім еді. 500 депутаттың ішінде бір адам ғана екі жылдың ішінде сайлаушылардың тілегін орындады. Ол – Олжас Сүлейменов. Сынақты тоқтата алдық. Соңғы жарылыс 1989 жылдың 19 қазанында болды. Сол жылы 18 жарылыстың жетеуі ғана өтті. Сонда біз 11-інің алдын алдық. 20 қарашада КСРО Жоғарғы Кеңесі КСРО үкіметі Семей полигонын жабу мәселесін қарастыру керек деген қаулы қабылдады, – деп еске алады Олжас Омарұлы.
Тәуелсіздік жылдарында да Олжас Сүлейменов қоғамдық қызметтен қол үзген жоқ. Ол Қазақстанның саяси өміріне араласып, Жоғарғы Кеңес депутаты ретінде елдік мәселелерге қатысты. 1995 жылдан бастап Қазақстанның Италиядағы Төтенше және өкілетті елшісі қызметін атқарып, кейін Қазақстанның ЮНЕСКО жанындағы өкілдігімен байланысты дипломатиялық жұмысты жалғастыр- ды. Сонымен бірге 2001-2014 жылдары ЮНЕСКО жанындағы қызметі арқылы мәдениеттер арасындағы байланысты нығайтуға үлес қосты.
Биыл ұлы тұлға 90 жастың тұғырына қонды. Қарап отырсаңыз, тоқсан жыл – бір адамның ғұмыры ғана емес, тұтас бір дәуірдің шежіресі. Ақынның өршіл өлеңдері мен тағылымды ойлары, адамзаттық құндылықтарды арқау еткен азаматтық ұстанымы кейінгі ұрпаққа темірқазық болары сөзсіз.

Жұматай КӨКСУБАЙ

Пікір қалдырыныз

Your email address will not be published.