Жер мәселесі – елдің әлеуметтік-экономикалық дамуы мен азаматтардың әл-ауқатына тікелей әсер ететін маңызды бағыттардың бірі. Әсіресе, жеке тұрғын үй құрылысына жер учаскесін алу мәселесі көптеген тұрғын үшін өзекті. Осыған байланысты жер учаскесіне кезекке тұру тәртібі, азаматтардың өтініштерін қарау және кезектіліктің сақталуы қоғамның тұрақты назарында. Бүгінде бұл бағытта жұмыстар заң талаптарына сәйкес жүргізіліп, жер ресурстарын тиімді пайдалану мен азаматтардың құқықтарын қамтамасыз етуге басымдық берілуде.
Бұл бағытта Тараз қаласында да жүйелі жұмыстар жүзеге асырылып жатыр. Айталық, қала аумағынан жеке тұрғын үй құрылысы үшін жер учаскесін алуға ниетті азаматтар Бірыңғай мемлекеттік жылжымайтын мүлік кадастрының (БМЖМК) автоматтандырылған жүйесінде тіркеледі. 2005 жылдан бастап бүгінге дейін бұл жүйеде 130 569 азамат жер кезегіне тіркелген. Әрине, бұл – үлкен көрсеткіш. Сондықтан жер кезегіне қатысты мәселе тек бүгін емес, ұзақмерзімді жоспарлауды қажет ететін маңызды бағыт. Мұнда ең бастысы – заң талаптарын сақтау, кезектің ашықтығын қамтамасыз ету және азаматтарға нақты әрі түсінікті ақпарат беру.
– Қала аумағына 14 елді мекеннің қосылуына байланысты Тараздың жер көлемі де айтарлықтай ұлғайды. Бұған дейін шамамен 18 мың гектарды құраған қала аумағы бүгінде 33 мың гектарға жуықтады. Бұл, өз кезегінде, жер қатынастары саласына жаңа міндеттер жүктеп, қосылған аумақтарды түгендеу, жер телімдерінің құқықтық мәртебесін айқындау және оларды тиімді игеру жұмыстарын күшейтуді талап етті.
Қала аумағының кеңеюі, ең алдымен, жер қатынастары саласына жаңа міндеттер жүктеді. Бұрын ауылдық елді мекендерге тиесілі болған аумақтар қала құрамына енгеннен кейін, ондағы жер телімдерінің құқықтық мәртебесін нақтылау, оларды есепке алу, нысаналы мақсатын айқындау және қала құрылысының талаптарына сәйкестігін қамтамасыз ету мәселелері алдыңғы қатарға шықты.
Бұл – бір күнде шешілетін шаруа емес. Қала шекарасы кеңейген сайын жер қорын түгендеу, бос және пайдаланылмай жатқан учаскелерді анықтау, жер пайдаланушылар туралы мәліметтерді нақтылау секілді жұмыстардың көлемі де артады. Сондықтан біз үшін жаңа аумақтарды жай ғана қала құрамына қосу емес, оларды жүйелі түрде игеру маңызды.
Қосылған аумақтар бойынша жер учаскелерінің қазіргі жағдайына талдау жүргізіліп, олардың құқықтық және кадастрлық мәліметтері зерделенуде. Сонымен қатар жердің нысаналы мақсатына сай пайдаланылуы, бос жатқан учаскелердің бар-жоғы және оларды алдағы уақытта тиімді пайдалану мүмкіндіктері қарастырылуда.
Қаланың шеті деген ұғым бірте-бірте өзгеріп келеді. Бүгінде кеше ғана шеткері саналған аумақтар Тараздың болашақ даму кеңістігіне айналып отыр. Ол жерлерде тұрғын үй, әлеуметтік нысандар, инженерлік және көлік инфрақұрылымы орналасуы мүмкін. Сондықтан әрбір жер теліміне қатысты шешім қабылдағанда оның бүгінгі ғана емес, ертеңгі қаланың келбетіне әсерін де ескеруге тиіспіз.
Біздің түпкі мақсатымыз – кеңейген аумақтарды ретсіз емес, жоспарлы түрде игеру. Жерді тиімді пайдалану, азаматтардың құқықтарын сақтау және қаланың әлеуметтік- экономикалық дамуына қажетті жер қорын қалыптастыру – осы бағыттағы негізгі ұстанымымыз. Өйткені Тараздың аумағы кеңейген сайын оның мүмкіндігі де арта түседі. Ал сол мүмкіндікті дұрыс пайдалану бүгін қабылданатын шешімдердің сапасына байланысты, – деген Тараз қаласы әкімдігі жер қатынастары бөлімінің басшысы Нұржан Бекежанов жер кезегіне байланыс- ты көпшіліктің көкейінде жүрген сұрақтарға да нақты жауап берді.
– Тұрғындарға жер берерде жер кезегінің қалыптасу тарихы, азаматтардың құжаттарының әзірлігі және нақты жер учаскелерінің инженерлік инфрақұрылыммен қамтамасыз етілуі қатар ескеріледі.
Ресми мәліметтерге сүйенсек, 2013 жылдан бері Тараз қаласындағы «Шаңырақ» алқабынан – 1 332, «Құмшағал» алқабынан – 1 200, ал «Ұлы дала» шағынауданынан 1 мыңнан астам жер учаскесі азаматтарға берілді. Ал 2006 жылдың қаңтар-маусым айлары аралығында жер кезегіне тіркелген азаматтардың бір бөлігіне 2022-2023 жылдары жер учаскелері табысталды. Бұл ретте азаматтардың жер алу процесінде хабардар болуы да маңызды. Сол кезеңде шамамен 4 мың азаматқа хабарлама беріліп, оның ішінде талапқа сай құжаттарын рәсімдеген 1 460 азаматқа жер учаскесі берілді. Бұл тұста айта кететін жайт, 2006 жылғы азаматтардың өзіне жер беру мәселесі кемі 7 жылсыз шешілмейді.
Әрине, бұл жерде бірқатар қиындық та бар. Кей жағдайда азаматтардың құжаттары толық рәсімделмеген немесе заң талаптарына сәйкес келмейтін мәселелер кездеседі. Мұндай жағдайлар жерді бірден табыстауға мүмкіндік бермейді. Дегенмен, заңнамада белгіленген талаптар шеңберінде бөлім тарапынан қажетті жағдайлар жасалып, азаматтарға тиісті түсіндіру жұмыс- тары жүргізіледі.
Тағы бір маңызды жайт – кезегі келгенімен, қандай да бір себеппен жер учаскесін ала алмаған азамат автоматты түрде кезектен шығарылмайды. Яғни кезектің өтіп кетуі азаматтың жер алу құқығынан айырылғанын білдірмейді. Оның кезектегі орны сақталады және заңда белгіленген тәртіппен жер учаскесі берілген кезде бұл азаматтың мәселесі қайта қаралады.
Біздің міндет – жерді кезек тәртібімен, заң талаптарын сақтай отырып беру. Сондықтан бұл процесте азаматтың құжатының дұрыс- тығынан бастап, жер телімінің дайын болуына дейінгі барлық талаптың орындалуы маңызды.
Бұл ретте ерекше атап өтерлігі, 18 жастан асқан кез келген қазақстандық жекеменшік тұрғын үй құрылысы үшін 10 сотық жер телімін тегін ала алады. Бұл ретте сізде жылжымайтын мүлік – пәтер, үй, гараж, жер учаскесі бар-жоғы маңызды емес. Дегенмен, азаматтар тұрғын үйді пайдалануға беру актісіне қол қойғаннан кейін ғана жер иесі атанады.
Жерді Қазақстанның кез келген өңірінен алуға болады. Ол үшін тұрғылықты жердің және тұрғылықты жер бойынша тіркеудің қажеттілігі жоқ. Тағы бір айта кетерлігі, қазақстандықтар кезекке онлайн тұра алады. Ол үшін компьютер және ЭЦҚ-кілт қажет. Әрі қарай электрондық үкімет порталына өтіп, осы қызмет атауын іздеу жүйесіне енгізуге болады немесе «Жылжымайтын мүлік», «Жер қатынастары» бөлімінде, «Жекеменшік тұрғын үй салуға немесе жер телімін алуға жер телімін қарау немесе алу үшін кезекке қою» қызметін таңдауға болады.
Бастапқыда үй салынып, пайдалануға берілгенге дейін учаске уақытша өтеулі жер пайдалану (жалға алу) құқығымен беріледі. Шартта игеру мерзімі көрсетіледі. Оны жергілікті әкімдік анықтайды. Тұрғын үйді пайдалануға беру туралы актіге қол қойылғаннан кейін ғана меншік иесі бола аласыз.
Уақытша өтеулі жер пайдалану құқығы жылжымайтын мүлікті сатуға өкілеттік бермейді. Нысанды сату үшін, ең алдымен, оны меншікке беру керек. Мұны тек үй салу арқылы жасауға болады. Заң бойынша егер жер учаскесі шартта көрсетілген мерзім ішінде өз мақсаты бойынша пайдаланылмаса, жер қайтадан мемлекетке қайтарылады. Сондай-ақ жер кезегін өткізіп алған тұрғындарға әкімнің тұрғын үй үшін жер учаскесін табыстау туралы шешімдері қабылданған жағдайда қайта кезектілікке қоя алмайды. Егер жер учаскесін табыстау туралы шешім қабылданбаса, кез келген азаматтың қайтадан кезекке тұруына мүмкіндігі бар, – дейді Н.Бекежанов.
Жерге қатысты мәселе – тек белгілі бір азаматтың жеке қажеттілігімен шектелмейтін, қаланың болашақ дамуымен сабақтасатын ауқымды тақырып. Бүгінгі қабылданған шешімдер ертеңгі Тараздың құрылымына, тұрғындар үшін жасалатын жағдайға және жаңа аумақтардың игерілуіне ықпал етеді. Сондықтан бұл саладағы әрбір қадам нақты есепке, қолданыс- тағы талаптарға және ұзақмерзімді жоспарға негізделуі қажет. Тұрғындар тарапынан да өз кезегін бақылау, қажетті құжаттарын уақытында реттеу және ресми ақпаратқа сүйену маңызды. Ал мемлекеттік органдар үшін басты міндет – халықпен ашық байланыс орнатып, туындаған сауалдарға түсінікті жауап беру және жер қорын қаланың даму қарқынына сай ұтымды басқару.
Тараздың аумағы ұлғайып, жаңа мүмкіндіктер қалыптасқан сайын жер қатынастарына деген жауапкершілік те арта түседі. Осы ретте бүгінгі жүйелі жұмыс тек кезекте тұрған азаматтардың мәселесін шешуге емес, қаланың келешегін тиімді жоспарлауға бағытталуы тиіс. Өйткені жер – бір сәттік шешімнің емес, келер ұрпаққа қалатын ортақ игіліктің негізі.
Аман ЕСЕН